Түркістан қалалық орталық ауруханасында көзге де ота жасайды

Түркістан қалалық орталық ауруханасында 16 төсек орындық заманауи офтальмология бөлімі ашылмақ. Бұл — өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Аталған бөлім Түркістан қаласы мен оған іргелес аудандардың тұрғындарына МӘМС жүйесі аясында тегін, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл офтальмологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа бөлімде көздің кең таралған ауруларын анықтау және емдеу толық көлемде жүргізіледі. Атап айтқанда, катаракта, глаукома, қылилық , птеригиум секілді жиі кездесетін патологияларға заманауи диагностика мен емдеу әдістері қолданылады. Сонымен қатар, хирургиялық емдеу түрлері де кезең-кезеңімен енгізіліп, пациенттерге жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету жоспарлануда.
Офтальмология бөлімінің ашылуы — тек медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, асқынулардың алдын алуға және көру қабілетін сақтауға зор үлес қосады. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын нығайту мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралардың бірі болып табылады.
Білікті мамандар мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін жаңа бөлім өңір медицинасының дамуына серпін беріп, пациенттерге қолайлы жағдай жасауды көздейді


