«Балам, сен де «дағдарыс» деп келдің бе?»

Oinet.kz 22-06-2009 929

F9BF43BE-3C91-4228-8477-9CB8D01BFB3E_w1080_h608.jpg

Соңғы кездері «дағдарыс, дағдарыс» деп Астанадан Әулие ата жеріне кім келмеді дейсіз? Бірнеше министр, вице-спикер, Сенат пен Мәжілістің депутаттары, одан басқа үгіт-насихат топтары... Бірақ, жасыратыны жоқ, бәрінің баратыны да, көретіні де бір жер, бір шаруашылық. Астанадан келген қонақтарға жамбылдық басшылар міндетті түрде ең алдымен жылыжайды көрсетеді, одан жайқалып тұрған бау-бақшаны, Тараздың шетіндегі ана бір зауытты, құрылысы тым созылып кетіп, айқай-шумен біткен Тараз қаласындағы №54 мектепті, бокс сарайын көрсетеді. Іргетасы қайсы, қабырғасы қайсы екені білінбей, жерге жапырайып кіріп кеткен бокс сарайының қасындағы зәулім мешітке мәртебелі қонақтар бас сұқпайды. Өйткені Алла үйіне бас сұққан қонақтарға жамиғат қауым мешіттің артындағы сорақы тірліктерді айтып қоюы мүмкін екенін жамбылдық шенеуніктер біледі. 

Өткен аптада Жамбыл облысында іссапармен еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев болды. Бұрын Мемлекеттік хатшы деген елге медаль-орден таратып, марапат жасаумен ғана айналысып, Ақ ордадан аттап баспаушы еді. Қанат Саудабаев мем. хатшы болғалы бері бұл қызметтің де бетіне қан жүгіре бастағандай... Саудабаевтың Жамбыл облысындағы сапары қандай болды? Әрине, облыс әкімшілігі күні бұрын мәртебелі қонақтың жүретін жолының бәрін кесіп-пішіп, тек Жамбылдың шырайлы жерлеріне алып барғаны анық. Әйтсе де «ауруын жасырған өледі» дегенді жамбылдық шаруалар мықтап жадына түйген болуы керек, «қасымда облыс әкімі тұр-ау, келген қонақтан ұят болады-ау» деп қымсынған жоқ, мазалап жүрген мәселелерін ортаға салды. Мысалыға «Пионер» шаруа қожалығының басшысы биязы жүн өңдеу мәселесін айтты. Былтыр мемлекет биязы жүннің кіләсін 160 теңгеден алыпты, биыл ол баға 120 теңгеге түсіп кетіпті. Неге? Тағы бір шаруа бау-бақша егу мәселесіне субсидияның жетпей жатқанын алға тартты. Негізі егілген 1 гектар бау-бақшаға 425 мың теңге берілуі тиіс, ал жамбылдық кейбір шаруалар гектарына 125 мың теңгеден ғана алған. «Бұл осы бау-бақша егуге кеткен шығынымыздың 15 пайызын ғана жабады» дейді шаруалар. Бұдан кейін лизингке техника алу мәселесі де кеңінен әңгіме болды. Әрине, ауылшаруашылығы техникаларын сататын холдингтердің жарнамасы өте күшті, оған қарап бәрінің трактор алғысы келеді. Ал, бірақ, банктер ауыл шаруаларын мүлдем жолатпайды. Кепілдікке дүние сұрайды, оған ауылдағы үйің де, қора-қопсың да, гектар-гектар жерің де жарамайды. Жеміс-жидек сақтайтын тоңазытқыш мәселесі... Шаруалардың бұл затқа қолы жетпегендіктен терген алма, алмұрт, басқа да жемістерін жаздыңкүні болмайтын тиын-тебенге сатып жібереді. Ал, тоңазытқыш болса қысқа дейін сақтап, жеміс қымбатырақ кезде сатар еді. 

Әрине, мұның бәрі айтылмай жүрген мәселе емес. Бұған дейін де айтылған, әлі де айтыла береді. Обалы не керек, мем.хатшы Қ. Саудабаев жамбылдық шаруалардың айтқандарын мұқият тыңдап, тіпті айтылған әрбір мәселені сол жерде талқыға салды. Елмен ықыласты араласқандықтан болар хатшының бұл сапарында көптеген мәселелер айтылды. Бірақ, осы айтылған мәселелер айтылған жерінде қалды-ау деген қауіп бар. Қанша адаммен кездесті, қанша адаммен әңгімелесті, не мем.хатшы, не оның көмекшілері, не әкімшіліктің өкілдері қағазға түртіп алып жатқанын байқамадық. Оның бәрін есте сақтау мүмкін емесі тағы белгілі. Хатқа түсіп, тасқа басылмаған дүниенің соңынан сұрауы, қадағалауы болмайтыны белгілі ғой. Баяғыда біреу «нағашыма да барып қайттым, әрі астымдағы тайды да үйретіп қайттым» деген екен, сол айтпақшы мем.хатшы бір жағы Тараз қаласында Мемлекеттік рәміздер мерекесін тойлады, әрі ел көріп, жер көріп, қыдырып қайтқаны ма деп қалдық. Өткенде мемлекеттік қызметте істейтін бір ағамыз алыстағы ауылға барыпты. Белгілі ғой, халық арасында дағдарысқа байланысты үгіт-насихат жұмысын жүргізу қажет. Ауыл клубының қасында 5-6 шал отыр екен, ағамыз қызметтік көлігінен түсіп, ақсақалдармен амандасады. Сөйтсе бір шал «Әй, балам, сен де «дағдарыс» деп келдің бе?» деп тақ ете қалыпты. «Иә, ата» «Балам, сол «дағдарыс» деген не өзі? Біздің ауылда баяғыша арықтан су ағып жатыр, жылдағы егіп жүрген егінімізді ектік, жыл сайынғы тіршілігімізді жасап, тып-тыныш жатырмыз, бұрын да Үкіметтен ешқандай жәрдем көрген жоқ едік, қазір де көріп отырған жоқпыз. Сол баяғы тірлік... Ендеше сендер елдің үрейін ұшырып, нені шатып жүрсіңдер?» депті ақсақал. Сол айтпақшы, ауылдағыларға дағдарыстың не екенін түсіндірудің қажеті жоқ. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген, ауылға жұбату, уату секілді сылдыр сөздер емес, нақты жұмыс, нақты көмек қажет. 

Оралхан ДӘУІТ,

«Рейтинг»,

Жамбыл облысы

ОҚО-да ҰБТ-да текетірес болды
Шығыс Қазақстан Облысы (ШҚО) – Шымкент, Қызылорда Облысына (ШҚО) айналыпты...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу