Шымкенттік кәсіпкерлердің шағымына кім құлақ түреді?

Oinet.kz 07-06-2023 796

Соттың бір мәселеге екі түрлі төрелік айтқаны түсініксіз

Қысқа күнде қырық құбыла беретін,  аумалы-төкпелі алмағайып заман ғой. Қазір бір нәрсеге қатысты ұстанымдар да, құндылықтар да өзгере беретін болған. Бірақ билік, саясат өзгерсе де тұғырынан таймайтын бір қағида бар. Ол кәсіпкерлікке қатысты.

Screenshot_2.png      

Кешегі Елбасының заманында да, бүгінгі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде де кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау, барынша қолдау білдіру күн тәртібінен түскен емес. Бізде шенеуніктердің жұмысы тартылған инвестициямен, ашылған жаңа жұмыс орындарымен, бюджетке түсетін өзіндік кірістермен  бағаланады. Ал инвестицияңыз да, жұмыс орныңыз да, қосымша кіріс көзіңіз де кәсіпкерлік салаға байланып тұр. 

Алайда кәсіпкерлік нысандарды заңсыз тексеру,  сотқа сүйрелеу, жасасқан келісім шартты бұзу, сол арқылы миллиондап шығын келтірудің де толастамай тұрғаны рас. Соңғы уақытта мұндай әрекеттер Шымкентте жиілеп кеткен сияқты. Бұл тегін бе?

 Биліктің кесірінен  бизнесмендер қолға алған жобаларын бастай алмай, ал бастағандары аяқтай алмай отыр. Кәсіпкерлердің тағдырын ойыншық қылу қашанға дейін жалғасады? Егер дер кезінде тосқауыл қойылмаса, мұның соңы үлкен әлеуметтік  шиеленістерге апарып соғуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, атқамінерлер әрбір бизнес жобаның артында нәпақасын тауып отырған жұмысшылардың, бюджетке түсуі тиіс кірістің тұрғанын ұмытып кеткен сияқты.

 Ал, дау-дамайға әділ кесімін айтады деген сот бір мәселеге екі түрлі шешім шығарып отыр. Заң, талап-тәртіп біреу, төрелік неге екеу?

Осы аптада  «Рейтинг» газетінің редакциясына Шымкент қана емес, жалпы елімізге белгілі ірі құрылыс компаниясы, көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп, сапа сеніміне, тұтынушының ыстық ықыласына ие болған «Отау строй» компаниясы  ұжымының құзырлы, билік органдарына жолдаған хаты түсті. Хатты жанайқай деуге келіңкірейді. 

Қысқаша мән-жайға тоқталап болсақ,  Шымкент қалалық әкімдігіне қарайтын «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мегаполистің инвестициялық белсенділігін көтеру үшін жекеменшік компанияларға тұрғын үй, білім беру нысандарын салу үшін жер телімдерін ұсынған.  Әрине, тегін емес. Жер телімдері нарықтық бағамен (кадастрлық бағамен емес)  сатылған. Төленген ақшалар аталған корпорацияның жеке шотына түсіп отырған. Корпорация мен компаниялар арасында осы жөнінде келісімдер жасалған, бәрі тиісті құжаттармен бекітілген.    

Бұл осыдан 3-4 жыл бұрын болған жағдайлар. Содан бергі аралықта бизнесмендер жоғарыдағы келісім шарттарға сәйкес әлеуметтік маңызы бар тұрғын үй кешендерін, білім беру нысандарын салуға кіріскен. Алайда соңғы уақытта  Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті құрылыс жүріп жатқан нысандардың жерін даулап, компанияларды сотқа сүйрелеуге кіріскен. 

Хат авторларының жазуынша, бұл біріншіден,  Үкіметтің қабылдаған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту туралы Тұжырымдамасын іске асыруға қобайлау болып тұр. Ал ең бастысы,  мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік нысандардың өзара әріптестік жасауына кедергі келтіріп,  инвесторлардың билікке деген сеніміне селкеу түсіреді. 

-Қазіргі уақытта жекелеген компанияларға арнайы келісімдермен берілген жерлерді қайтару жөнінде сотқа 5 талап арыз жолданған. Бұлардың ішінде ірі құрылыс компанияларының «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жасаған 20 миллиард теңгені құрайтын жобалары бар. Олардың кейбірі  аяқталуға жақын. Соттарға негізсіз дәлелдер ұсынылған, тіпті олардың ішінде күшін жойған заң нормалары да кездеседі,-деп жазылған хат мазмұнында. 

Мәселен, «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Отау строой» компаниясын арасында бірлесіп әрекет ету жөнінде келісім жасалады. Осы келісімге сәйкес компания әлеуметтік маңызы бар нысандар: көпқабаты тұрғын үйлерді, білім беру нысандарын салған. Бірлескен жобалардың мақсаты қаладағы өте өзекті мәселе-баспана, мектептегі орын жетіспеушілігі проблемаларын шешу екендігі, компанияның бұл жобаға қыруар қаржы салғаны айтпаса да түсінікті. Алайда нысандар тұрғызылып қойылған соң Шымкент қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті корпорация арқылы берілген жерлердің заңдылығын  даулаға кіріскен. Бұл жерде бақылаушы органның әрекетінде біраз түсініксіз нәрселер бар. 

Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, корпорация мен компаниялар арасындағы жерге қатысты келісім шарттар осыдан 3-4 жыл бұрын жасалған. Ал содан бергі аралықта құзырлы, қадағалаушы, бақылаушы органдар ай қарап жүрген бе? Рас, соңғы бір жылдың көлемінде жерге қатысты тың бастамалар қолға алынып, жоғарыдан тапсырмалар беріліп жатыр. Алайда мемлекеттің саясатын бетке тұтып, белден басу,  оның салдарын ойламастан жаппай науқанға айналдыру ақылға сия ма?  

Екіншіден, Шымкентте қазіргі уақытта сауда нүктелері, кофеханалар, балмұздақ сататын орындар көбейді. Олардың біразы жер телімдерін «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан жоғарыдағыдай жолдармен алған.  Алайда Жер ресурстарын басқару департаменті жер телімдерін алып қою шараларын бәріне бірдей емес, тек бірлі-жарым компанияларға қатысты  жүргізген. Сонда департамент мұндай жұмыстарды қандай қағидаларға сәйкес жүргізеді?  Заң, талап бәріне ортақ емес пе? Әлде бұл тек жоғарыға есеп беру үшін жасалып жатқан тірлік пе? 

Біз жуырда дәлірегі 23 мамырда Шымкент қаласының экономикалық соты шығарған бір шешіммен танысып шыққан едік. Сотқа талап арыз берген Шымкент қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті, жауапкер ретінде  «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» акционерліқ қоғамы, Шымкент қаласының әкімі, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы және «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған. Талапкер  корпорация және серіктестіктің арасында жасалған 2019 жылғы 29 қарашадағы ивестициялық жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы шартын жарамсыз деп тануды сұранған. Департамент компанияға жер учаскесін беруде Жер кодексінің 48-бабының талаптары өрескел бұзылғанын, яғни, мемлекеттік меншігіктегі жер телімдеріне пайдалану құқығына беру тек сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы жүзеге асырылатынын көрсеткен. Заң бойынша мемлекет жерді кәсіпкерлерді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін конкурстан тыс  бере алады. Бірақ сот  шешімінде «көпқабатты тұрғын үй инвестициялық жобаға жатпайды» деп тайға таңба басқандай тұжырым жасайды, осының негізінде  талапкердің арызын қанағаттандырған. Сотта жауапкер жақтың «инвестициялық жобалар тек өндірістік ғана емес, сонымен қатар жүзеге асыруға шектеу қойылмайтын коммерциялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік-экономикалық сипаттама болуы мүмкін, бұл  Жер туралы және кәсіпкерлік заңнамасында көзделген» деген уәждері назарға алынбаған. Нәтижесінде сот 11,8039 гектар жер учаскесінің 8,8589 гектары заңсыз берілген деп тапқан. Екіарадағы келісім-шарттардың  күші жойылған. 

Осы жерде соттың бір мәселеге екі түрлі төркелік айтқаны байқалады. Мәселен, былтыр желтоқсанда Шымкент қаласының экономикалық соты үлкен дауға айналған Шымкенттегі ескі ипподромның жеріне қатысты шешім шығарды. Шешімге қарағанда, әкімдік атшабардың жерін алдымен «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігіне өткізген. Ал, корпорацияны оны «Жас НС» деп аталатын жекеменшік компанияға берген, артынша жердің пайдалану  мақсатын көпқабаты тұрғын үй кешенін салуға ауыстырған. Компания осыдан кейін үлескерлер арқылы ескі ипподромның орнына атышулы «BI Group» компаниясының атынан тұрғын үй кешенін салуға кіріскен.  Ақыр аяғында сот  жер телімінің инновациялық жоба деп қарастырылғаны алға тартып, Жер ресурстарын басқару  департаментінің талап арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Департамент сот шешіміне апелляциялық арызды дұрыс бермейді. Нәтижесінде сот шешімі күшіне еніп кетті. Қара отырсаңыз, жер телімдері корпорация арқылы «Жас НС» компаниясына да, «Отау строй» компаниясына да тұрғын үй кешенін салу үшін берілген. Шешімді шығарып отырған бір сот. Бірақ мән-жайы бірдей іске екі түрлі төрелік айтқан. Бір шешімде «көпқабатты тұрғын үй инвестициялық жобаға жатпайды» дейді. Екінші шешімде көпқабаты тұрғын үйдің құрылысын инвестициялық, оның ішінде инновациялық жоба ретінде қисынға келтірген. Мұның арғы жағында қандай құпия бар? 

Screenshot_7.pngScreenshot_12.png

Айтпақшы, Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың фейсбуктегі жазбаларына қарағанда, Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаментімен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жекеменшік компанияларға арнайы келісім шарт арқылы  берілген 56 гектарды құрайтын  38 жер учаскесінің мемлекетке қайтарылғанын жазыпты. Тағы бірнеше жер телімдері бойынша талап арыздар сотта қаралып жатыр. Әр талап арыздың арғы жағында адам тағдырының жатқаны айтпаса да түсінікті ғой.  Айналып келгенде жерді берген әкімдіктің де, әкім Мұрат Әйтеновтың де,   корпорацияның да, оны даулап жүрген Жер ресурстарын басқару комитеті мен оның төрағасы Мұрат Теміржановтың да  ұпайы түгел. Ал қыруар шығынға батқан ірі құрылыс компманияларының жанайқайына құлақ түретін кім бар?        


Ресей мен Украина Кахов су электр станциясының жойылуына бір-бірін айыптады
Антикор: Әлтаев параны Мырзахметовтен алған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу