Енді қайыр сұрағандарға жаза күшейтіледі
Қоғамдық орындарда қайыр сұрағандарға қоғамдық жұмысқа тарту және қамау жазасы енгізілуі мүмкін. Мұндай нормаларды қарастыратын заң жобасын Қырғызстан парламенті бірінші оқылымда қабылдады, деп жазады Оinet.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Заң жобасы қоғамдық орындарда қайыр сұраудың алдын алу, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және әлеуметтік осал топтарды қанаудан қорғау мақсатында әзірленген. Құжатта қайыр сұрауға қатысты бірқатар әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған.
Атап айтқанда, жолдарда немесе қоғамдық орындарда ақша не басқа материалдық көмек алу мақсатында тұрақты түрде қайыр сұраған азаматтар 20–30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе үш тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Егер мұндай құқықбұзушылық бір ай ішінде қайта қайталанса, жаза күшейтіледі. Бұл жағдайда 30–40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш-бес тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар құжатта адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлегендерге де жауапкершілік енгізіледі. Мысалы, егде жастағы адамдарды, жүкті әйелдерді, мүгедектігі бар немесе психикалық ауытқуы бар азаматтарды қайыр сұрауға тартқандарға 200 есептік бірлік көлемінде айыппұл салу ұсынылған. Бұл шамамен 20 мың сомнан (114 мың теңгеден астам) асады.
Ал шетел азаматтары бір ай ішінде дәл осындай құқықбұзушылықты қайта жасаса, оларды ел аумағынан депортациялау шарасы қолданылуы мүмкін.
Заң жобасы енді парламенттің келесі оқылымдарында қаралып, толық қабылданған жағдайда күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейтіп, адамдарды қайыр сұрау арқылы қанау жағдайларын азайтуға ықпал етуі мүмкін.


