Ұлттық банк төрағасы орынбасарының қызметтен кетуіне 7 трлн теңгенің дауы себеп болды ма?

Oinet.kz 06-03-2026

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов  орынбасары Берік Шолпанқұловтың қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Оның айтуынша, Шолпанқұлов өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған.

image.png

Елордада өткен брифингте журналистер Сүлейменовтен оның орынбасарының жақында қызметінен кетуіне қатысты сұрақ қойды. Сондай-ақ олар бұл шешімнің көрші елден шетелге 7 трлн теңге «өткізілген» банк туралы айтқан пікіріне қатысы бар-жоғын сұрады.

«Берік Шолпанқұлов өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазды. Яғни ол берген өтінішіне сәйкес қызметінен кетті. Бұған қосарым жоқ. Ал банкке қатысты айтсақ, біз бұрын да айтқандай, тексеру жүріп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін қосымша мәлімет белгілі болады», – деді Сүлейменов.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы тексеруді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, тексерудің нақты қанша уақытқа созылатынын сол мекеме ғана айта алады.

Журналистер Шолпанқұловтың осы банкке қатысты алдын ала тексеру барысында заңбұзушылық анықталмағаны туралы мәлімдемесіне де қатысты сұрақ қойды.

«Тексеру әлі аяқталған жоқ. Сондықтан нақты қорытынды жасауға ерте. Тексеру аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданады», – деді Сүлейменов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігі кеңесінде Қазақстандағы банктердің бірі көрші елден басқа мемлекеттерге 7 трлн теңгеден астам қаражат аударуға көмектескенін айтқан болатын.

Кейін Берік Шолпанқұлов бұл сома заңсыз аударым емес, тек жалпы айналым көлемі екенін түсіндірген. Оның айтуынша, алдын ала тексеру барысында қандай да бір заңбұзушылық анықталмаған. Алайда араға бір күн салып, ол қызметінен кетті.

Шарапатты Рамазан: қариларға құрмет көрсетілді
Жапаров: Мен алданып қалдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу