«Жұлдыздың» болашағы зор

Oinet.kz 03-10-2022 187

image.png

Үшінші мегаполистегі  жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағында көптеген жаңа жобалар іске асырылу жоспарланған.  Жалпы аумағы 306 гектар аймақта қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде.  Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 миллиард теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінген. Айталық Кәсіпкер Абжановқа «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 5 гектар жер телімін беру туралы шешім қабылданған. Кәсіпкер  қалада құрғақ құрылыс қоспаларын және лак-бояу материалдарын өндіретін зауыт ашуды көздейді. 500 миллион теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 дана өнім болмақ. 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Сондай-ақ  «AINUR GROUP» ЖШС-ы 3D панелді өндіру зауытын салмақ. 500 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба жылына 28 мың дана панель шығаруға мүмкіндігі болады. 2022-2024 жылдары жоба жүзеге асырылса 10 жаңа жұмыс орны құрылады. Нарықта жүрген кәсіпорын өндірісін кеңейту мақсатында индустриалды аймақтан 1 гектар жер беру мақұлданған. 

Сонымен қатар қара қорғасын және цемент мыс өндіретін зауыт – 8 миллиард  теңгелік инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асырылады. Арнайы экономикалық аймақтан 5 гектар  аумақ берілмек. Жылына 8 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын іске қосылса 350 адам жаңа жұмысқа орналасады. Құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті министрлікке өтініш жолданған.  

Мұнан өзге жаңа индустриалды аймақта  ылғалды майлықтар шығаратын фабрика ашу, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу, жылыжай кешенін салу, балабақша мен жүзу бассейні бар спорт кешені, мектеп салу секілді жобалар қарастырылған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы 11 миллиард теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба таныстырылды. 

Айта кетейік, инвестиция тартудың бірден-бір жолы – индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамытып, инвесторларға, кәсіпкерлерге  қолайлы жағдай жасау, инвестициялық мүмкіндіктерді барынша қалыптастыру. «Жұлдыз»  индустриалды аймағы Шымкент қаласының тарихындағы ең мықты жобалардың бірі болмақ.

Балалар тегін тамақтанады
Өзін-өзі ақтаған алғашқы орталық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу