Істің көзін тапқан Айнұр

Oinet.kz 04-10-2022 316

image.png

Қазақстанның қарқынды дамып, ең озық отыз елдің қатарына қосылуының  бір алғышарты – шағын және орта бизнесті дамыту. Бүгінде бұл өзекті мәселенің оң шешімін табуы үшін мемлекетте түрлі бағдарламалар қабылданған. Соның бірі –  «2021-2025 жылдарға арналған  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы».  Жоба бүгінде көптеген азаматтарға демеу болып, іс бастауға, кәсіпкер атануға септігін тигізуде. Ал мұндай кәсіпкерлер қатарының артуы шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашуда. 

Жалпы, еңбек адамды тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, ширатады. Осының барлығын бойына қалыптастырған адам еңбекқорға айналады. Ондай адамдар өте көп.  Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Айнұр Бегасылованы еңбекқор жан деуге толық негіз бар. Төрт баланың анасы бала тәрбиесімен қатар кәсібін де қатар алып жүр. Ол жылдың басында көпбалалы ана санатымен мемлекеттік грантқа қатысып, бизнес жоспарын қорғап, нәтижесінде оған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 1 225 200 теңге көлемінде грант тағайындалған. Алған қаражатына тігіншілікке қажетті барлық құрал-жабдығын сатып алып, бүгінде тапсырыспен балалар мерекелік киімдерін, ұлттық нақышта безендірілген көрпе-төсектер, киімдер және басқа да матадан дайындалатын бұйымдар дайындап сатуда. Өзімен қоса тағы бір адамды жұмыспен қамтып отыр. 

- Абайдың “Адал еңбекпен мал іздемек- ол арлы адамның ісі” деген қанатты сөзі бар. Адал еңбектің наны тәтті болады ғой. Мемлекет бізге “Еңбек ет” деп қармақ берді. Ары қарай әрекет адамның өзінен болу керек. Мен осынау жәрдемнің арқасында бір емес, армандап жүрген үш тігін мәшинесін алдым. Солардың арқасында нан тауып отырмын. Әлеуметтік жағдайымыз жаман емес, - дейді Айнұр.

Айта кетейік, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты - қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады.  Гранттар - тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған. 

Жасынның жоспары мықты
Фотостудия арманы еді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу