Үш тілде білім береді

Oinet.kz 05-10-2022 280

image.png

Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған мекемелер аз емес. Солардың бірі үш тілде білім беретін әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 320 орындық «Атамекен» балабақшасы. Бөбекжай соңғы талаптарға сай, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда әр топқа арналған ойын алаңшалары, қысқы-жазғы шомылу бассейндері бар. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі үшін барлық бөлмелерде және аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Жас өрендердің тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Балабақша ашылған сәтте 100-ден астам жұмыс орны ашылған болатын.

Сонымен қатар Сайрам тұрғын алабындағы 900 орындық жекеменшік «Арафат» мектебі де мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған. Мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Білім ордасында оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар. Әр сыныпта тек 24 балаға дейін қабылданады. 1-4 бастауыш сынып оқушылары 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, доғары сынып оқушылары күніне 1 рет ыстық тамақ беріледі. Білім ордасы қазақ, орыс, өзбек және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытады. Аталған білім ошағының бой көтеруіне ат салысқан азамат талантты құрылысшы, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Низамхан Сүлейменов.  

Айта кетейік, жалпы шаһарда мемлекеттік және жекеменшік 223 мектеп болса, оларда қазіргі таңда 242 525 мың бала білім алады. Жыл сайын мектепке баратын бала саны артып келеді. Бұл дегеніміз қалаға жыл сайын көптеген жаңа мектептер салу қажеттігін аңғартады. Яғни, мектептің мәселесін шешуде орта білім саласына жекеменшік капиталды тарту қажет-ақ.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңа жүйесі бойынша осындай жекеменшік салынған мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққанда қаражат төленеді. Бүгінде бұл жүйеге қаладағы бірқатар мектептер көшкен.

Ортақ жоба - балалардың жарқын болашағына қызмет етуде
Медицина нысандарының қатары артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу