Жиһаз кәсіпорындары бойынша Шымкент көш басында

Oinet.kz 06-10-2022 189

image.png

Өткен жылы Қазақстанда жиһаз кәсіпорындарының қарқынды өсуі байқалған. Отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде сұранысқа ие. Экспорттың негізгі көлемі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне бағытталған. 2021 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы кезеңде экспорт көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есе ұлғайған.  QazIndustry мамандарының пікірінше, қазақстандық жиһаз жасаушылардың әлеуеті өте үлкен, себебі импорттық өнімді Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италиядан жиһаз өнімдерінің сапасы мен дизайны бойынша кем түспейтін отандық тауарлармен алмастыру есебінен ішкі нарықта өзінің қатысуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік бар.

Жиһаз кәсіпорындарының өсуі бойынша өңірлер арасында Шымкент қаласы көш бастап тұр, онда 400-ден астам кәсіпорын бар. Таяуда олардың қатары тағы арта түспек. Себебі  жуырда «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы аяқталды. Жиһаз өндіруге бағытталған фабрика жылына 5 мың өнім өндіруге әлеуеті бар. Аталған жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге тартылған. 

Ал «Smart eng» жиһаз фабрикасы жылына 120 мың жиһаз өндіруге әлеуетті.  Кәсіпорын жуырда ресми түрде жұмысын бастамақ. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны құрылады. 2 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы басталған. Инвестиция көлемі – 750 миллион теңге.

Қалада өндіріс орындарының көп болғаны өте маңызды. Жергілікті әкімдік кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған жобаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзір. Енді іске қосылғалы тұрған осы кәсіпорындарға 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймақтан жер бөлінген болатын. 

Айта кетейік, «Тассай» индустриалды аймағы 89 гектар жерді алып жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінген 1,06 миллиард теңгеге жеке ком­паниялар 45,5 миллиард теңге инвестиция алып келген.

Мегаполисте жиһаз өндірісі дамып келеді
Шымқаланың жиһаздарына сұраныс жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу