Бүйрегін сатпақ болған түркістандық тұрғынға қатысты сот үкімі шықты
Түркістан қаласында бүйрегін сатпақ болған азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Іс ауданаралық сотта қаралып, айыпталушыға рақымшылық заңы қолданылды, деп хабарлайды Оinet.kz.

Сот мәліметінше, азамат 2025 жылдың ақпан айында «Телеграм» әлеуметтік желісінде өз бүйрегін сату туралы хабарландыру жариялаған. Кейін ол ішкі істер органдарының қылмыстық әрекетті имитациялаған қызметкерімен кездесіп, ағзасын 13 млн теңгеге бағалаған. Келісім барысында 5 млн теңгені қолма-қол алу кезінде ұсталған.
Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 116-бабы 1-бөлігі бойынша – трансплантациялау немесе өзге пайдалану үшін тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу дерегімен айып тағылды.
Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайы мен қаржылық қиындықтар итермелегенін айтты. Сондай-ақ жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот қылмыстың орташа ауырлық санатына жататынын және нақты зиян келтірілмегенін ескеріп, «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолданды. 2026 жылғы 5 ақпанда айыпталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс жүргізу тоқтатылды.
Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.


