«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры

Oinet.kz 09-09-2025 176

7.jpg 

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамда заң үстемдігін орнықтыру – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін атап өтті. Президент өз сөзінде:

«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деп нақты атап өтті. Бұл қағидат құқық қорғау органдарының күнделікті жұмысында басшылыққа алынатын басты бағытқа айналып отыр.

Осы мақсатта Түркістан облысында ішкі істер органдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Облыс аумағында құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар үнемі өткізіліп келеді. Бұл қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға және отбасылардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін нақты қадамдар ретінде жүзеге асуда.

Түркістан облысы Полиция департаменті Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры А. Жарқынбек пен полиция аға лейтенанты Г. Аметова – Түркістан қаласындағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі «Ханшайым Плазада» Ашық есік күнін ұйымдастырды. Бұл іс-шараны Отбасын қолдау орталығы мен қалалық Мансап орталығының мамандары қолдап, бірге өткізді.

Кездесуге 60-қа жуық тұрғын қатысты. Ашық форматтағы диалог барысында азаматтарға отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, заң шеңберіндегі қорғану мүмкіндіктері, құқықтық көмек алу тәртібі және әлеуметтік қолдауға қатысты мәселелер бойынша жан-жақты кеңес берілді. Сонымен қатар, психологиялық көмек көрсетуге арналған мамандармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, нақты сұрақтарға кәсіби тұрғыда жауаптар ұсынылды.

Іс-шара аясында қатысушылар арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Бұл сауалнама қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне көзқарасын, ақпараттану деңгейін және көмекке жүгіну тәжірибесін зерделеуге бағытталған. Мұндай тәсіл азаматтардың өз пікірлерін ашық айтуына мүмкіндік беріп, нақты проблемалар мен шешу жолдарын анықтауға көмектеседі.

Полицейлер мен әлеуметтік сала мамандарының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек жекелеген отбасылардың емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Өйткені бұл құбылыс психологиялық және физикалық зардаптардан бөлек, адамдардың қоғамдық өмірге бейімделуіне, еңбекке қабілеттілігіне және әсіресе балалардың қалыпты дамуына теріс әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам өкілдерінің ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.

Түркістан облысында бұл салада нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әр аудан мен қалада арнайы жұмыс топтары, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау қызметтері құрылып, тығыз әрекет етуде. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде қыз балалар мен жасөспірімдер арасында отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған тәрбиелік шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл арқылы болашақ аналардың бойында өзін-өзі қорғау, құқықтарын білу, қауіптен қорғану дағдылары қалыптастырылады.

Мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде бекітілген "Нөлдік төзімділік" қағидасы Түркістан облысында тек ресми қабылдаулармен шектелмей, нақты тәжірибелік механизмдермен қолдау табуда. Бұл – зорлық-зомбылықты жасырмай, оны ашық айтып, құқық бұзушыларды заң алдында жауапқа тартуға бағытталған шешімді қадам. Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы жылдары зорлық-зомбылық фактілері бойынша хабарламалар саны артқан. Бұл жағдайдың ушығуын емес, керісінше, азаматтардың үнсіз қалмай, заңға жүгіну мәдениетінің қалыптаса бастағанын көрсетеді.

Мұндай Ашық есік күндері әрі қарай да жалғасын табады. Жергілікті тұрғындардың сұранысына сай, халық көп шоғырланған орындарда, оқу орындарында, мекемелерде және елді мекендерде ұйымдастырылып, халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған жаңа форматтағы іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Президент Жолдауында айтылғандай, елдегі заң мен тәртіп – жай ғана ұран емес, ол әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – осы тәртіпті орнатудың, азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты көрсеткіші. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижелерге бағытталған және алдағы уақытта да жүйелі жалғасады.


Зорлық-зомбылық – қоғамдық дерт
«Заң мен тәртіп» –маңызды құндылық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу