Адамның құқығы – ең басты құндылық

Oinet.kz 20-10-2025 14

9.jpg 

Түркістан облысы Келес ауданында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда заң үстемдігін нығайту бағытында маңызы зор іс-шара өтті. Қазақстанда 2025–2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Ашық есік күні» акциясы аудан тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсету мақсатында өткізілді. Бұл бастаманы Келес ауданы әкімдігі мен Шымкент қаласы заң консультанттары палатасы бірлесе жүзеге асырды.

Азаматтарға өз құқықтары мен заң алдындағы міндеттерін тереңірек түсіндіру, құқықтық кеңестер беру және заң бұзушылықтың алдын алу – осы іс-шараның басты міндеті болды. Қазіргі таңда қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңды білу ғана емес, оны құрметтеп орындау — өркениетті елдің басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан осындай акциялар тек уақытша көмек шарасы ғана емес, құқықтық сана мен заңға құрметті нығайтудың маңызды құралы ретінде бағаланады.

Іс-шараның ашылуында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев құқықтық қоғам қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде қоғамда әділдік, заңдылық және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың борышы екенін жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, билік пен халық арасындағы сенімді диалогты жолға қою — еліміздің тұрақты дамуының кепілі екені айтылды.

Акция барысында Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан арнайы келген тәжірибелі заңгерлер мен құқық саласының мамандары Келес ауданындағы тұрғындармен ашық сұхбат өткізіп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді. Қатысушыларға жер пайдалану, әлеуметтік жәрдемақылар, отбасылық даулар, кәсіпкерлікке байланысты реттеулер, еңбек қатынастары және зейнетақы заңнамасына қатысты сұрақтар бойынша нақты ұсыныстар мен заң аясындағы шешім жолдары ұсынылды.

Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының төрағасы Оралбай Құдайберген өз сөзінде Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстырып, халық пен билік арасындағы құқықтық өзара байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда заң мен тәртіптің орнығуы үшін әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, сол құқықты тиімді әрі заңды жолмен қорғауды үйренуі тиіс. Ол сондай-ақ, осындай форматтағы іс-шаралар қоғамда сенім мен әділдік орнатуға, құқықтық теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Кездесу диалог форматында өтті. Тұрғындар мамандарға өздерін алаңдатқан нақты жағдайлар бойынша сауалдарын қойып, заңгерлерден жекелей кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Азаматтардың кейбір мәселелері сол жерде шешімін тауып жатса, күрделі сұрақтар бойынша құқық қорғау органдарына және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, заңға деген сенімін арттырып, құқықтық мемлекет құру жолындағы нақты қадамдардың біріне айналуда. Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, елімізде адам және азамат құқықтары мен бостандықтары – ең басты құндылықтардың бірі болып табылады. Сондықтан заң үстемдігі – ел ішіндегі тұрақтылық пен даму кепілі.

Акция соңында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев пен заң консультанттары палатасының төрағасы Оралбай Құдайберген бұл игі бастаманың мұнымен шектелмейтінін айтып, алдағы уақытта Келес ауданының барлық ауылдық округтерінде де осындай құқықтық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ашық есік күнінің нәтижелері көрсеткендей, халықтың құқықтық мәселелерге деген қызығушылығы жоғары. Бұл өз кезегінде елімізде заңға деген сұраныстың бар екенін және мемлекет тарапынан халықпен ашық әрі тиімді жұмыс істеу қажеттігін дәлелдейді. Құқықтық сауатты азамат – әділетті қоғамның іргетасы. Осындай акциялар – сол қоғамды қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі жұмыстардың бірі.


Мемлекеттік қызметші заң мен тәртіпті басшылыққа алуы тиіс
Келес: Полиция халықпен бірге жұмыс істеуі керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу