Су үнемдеу технологиясының артықшылығын шаруалар да түсінді

Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын облыста 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Бүгінде 32 мың гектардан астам алқапқа су шығынын азайту технологиялары енгізілуде. Жаңа жүйе суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттырады.
Жуырда Түркістан облысында болған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те егіс алқаптарын ылғалдандыру, жаңа технологияларды енгізу арқылы су тапшылығын азайту жайлы аймақ тұрғындарымен өткен кездесулерде сөз етті. Сондай-ақ министр Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесіп, Түркістан облысындағы суару маусымын қорытындылаған болатын.
Түркістандықтармен кездесуде ведомство басшысы шаруаларға ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шаралары туралы айтып берді. Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген жаңа функциялар аясында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы трансферттер есебінен алдағы үш жылда Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу мен суармалы су беру қызметтерін инвестициялық субсидиялау үшін шамамен 90 миллиард теңге қарастырылған.
Мәселен, былтыр министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алуға, орнатуға және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтыпты. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85 пайызға дейін өседі.
– Биылғы қуаңшылыққа қарамастан өңір шаруа қожалықтары бұл қиындықтан егіс алқаптарына жаңа технологияларды пайдалану арқылы тығырықтан шықты. Бастысы түркістандық шаруалар су үнемдеу технологияларының қуаңшылық жылдары тиімділігін түсінді. Қала берді жаңа жүйенің өнімділікті екі есе арттырып, су тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретініне көздері жетті. Министрлік тарапынан жедел қабылданған шаралардың арқасында оңтүстіктегі ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік, – деді түркістандықтармен кездесу барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Шаруалар егістіктерді тұрақты сумен қамтамасыз еткені үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс білдірді. Сондай-ақ министр Нұржан Нұржігітов Жетісай және Мақтаарал аудандарына су жеткізетін «Достық» мемлекетаралық каналының жұмысымен және жағдайымен танысқан болатын.
Су жеткізу мәселесі облыстың өзге өңірлерінде де бар. Мәселен, Сауран ауданында егістік алқаптарын қосымша сумен қамтамасыз ету үшін 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілген. Ал Ордабасы ауданында 17 тік дренажды ұңғыма жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар жоғарыда министр танысқан «Достық» мемлекетаралық каналының төменгі ағысындағы шаруа қожалықтарына су беруді жақсарту және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының каналдарында су деңгейін арттыру үшін «Машиналық әдіспен су көтеру каналында» механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп отыр.
Бүгінде өңірде егістік алқаптарын суаруға шамамен 3,3 миллиард текше метр су алынған. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы шаруа қожалықтарымен 297 мың гектар егістік жерді суаруға 9 724 келісімшарт жасасқан. Оның 133,7 мың гектары мақта. Қазіргі таңда мақта алқаптарын суару толық аяқталған. Сондай-ақ күріш алқаптарына да су беру жиын-терін жұмыстарына сәйкес тоқтатылған. Ендігі кезекте министр тапсырғандай Түркістан филиалы алдағы суару маусымына бүгіннен бастап дайындықты бастап кетті. Осының аясында су бөгендері мен су қоймаларын қазірден табиғи жолмен суға толтыру шаралары жүзеге асырылуда.


