Өндірістік парктегі жобалар шағын және орта бизнестің дамуына зор септігін тигізбек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында өңірлерге инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау мақсатында барлық аудан және қала әкімдіктеріне өңірде кемінде 5 өндірістік парк құру туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы берілген. Бүгінгі күні өндірістік парктер Түркістан қаласы мен Қазығұрт, Арыс қаласы, Сарыағаш, Түлкібас, Сауран, Шардара, Ордабасы, Келес, Мақтаарал ауданындарында құрылуда.
Аудан және қала әкімдіктері өндірістік парктер түсетін жер телімдерін елді мекен аумағынан инфрақұрылым тартуға қолайлы және логистикалық икемді аумақтардан қарастырып, әлеуетті кәсіпкерлерге ұсынуда. Аталған өндірістік ғимараттарда өндірістік жобалар, кіші қуатты өңдеу цехтары шоғырландырылып, тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Бүгінгі күні Сауран ауданында кәсіпкерлердің есебінен 148 өндірістік жеке шағын өндірістік ғимараттар құрылуда. Сонымен қатар, Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Ордабасы, Мақтаарал ауданындарында өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Ендігі кезекте қалған аудандарда өндірістік парқ құру жобасы қолдау тауып, жері белгіленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, бүгінгі күні Арыста жаңа өндірістік парк бой көтеріп жатыр. Өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Соның бір айғағы – Арыс қаласында бой көтеріп жатқан өндірістік парк. Арыс – Отырар тасжолының бойында орналасқан өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың айтуынша, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы басталған жұмыс қарқын алып келеді. Әкім инвестиция тарту арқылы жұмыс орындарын ашу – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, мұндағы құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды парк алаңындағы мердігерлерге тапсырып отырғанын жеткізді.
Жобалық жоспарға сәйкес, өндірістік паркте барлығы бес жоба жүзеге асыру көзделген. Олардың қатарында термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісі, бақша өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау бағыттары бар. Бұл жобалардың жиынтық құны – 215 миллион теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан соң 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін өндірістік парк Арыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасамақ.
Осындай жоба Сарыағаш ауданында да жүзеге асырылу үстінде. «Өңірде өндірістік парк жобасын іске асыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтылған инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Осылайша бұл бастама Сарыағаш ауданында да қолдау тапты. Өндірістік парк құрылысы үшін ауданның кіреберісінен 6,5 гектар жер белгіленді. Қазіргі таңда мұнда жер тегістеу және инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады», - дейді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.
Өндірістік парк – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті дамыту үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтылған алаң ұсынылады.
Түлкібас ауданы да бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Аудан Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған арнайы аймақтардың саны арттыруға үлестерін қосып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, Түлкібас ауданында шағын өнеркәсіптік аймақтар салу жұмыстары қолға алынып, бүгінде ауданға қарасты Майлыкент, Тастұмсық, Балықты және Машат ауылдық округтерінде шағын өнеркәсіптік аймақтардың орны белгіленіп, кәсіпкерлік нысандардың құрылысы басталып кеткен.
Ал Келес ауданында өндірістік аймақ құрылысы қызу жүргізілуде. Онда өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асуда. Ол үшін аудандағы Абай ауылынан 10 гектар жер учаскесі бөлінген. Бүгінде аталған жерге нысанды орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Керуен» жеке кәсіпкерлігі аукцион арқылы 2 гектар жер учаскесін сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтаған. Жалпы, бұл аймақта 20 гектар жер учаскесін аукционға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, өндірістік ғимараттар салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге 9 гектар жер учаскесі 1 гектардан бөлініп, ұсынылған.
Бүгінде өндірістік парк аумағында бір кәсіпкер 3 ғимарат, ал екі кәсіпкер 2 ғимараттан салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Абай ауылын жаңа индустриялық өңірге айналдырып, аудан экономикасын көтеруге оң әсерін тигізбек. Жобаны уақтылы жүзеге асыру, инфрақұрылым жеткізу және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар аудан әкімдігінің қатаң бақылауында. Мұнда әкімдіктің алдына қойып отырған басты мақсаты – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындары ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвесторларға инфрақұрылымы бар дайын аймақ ұсыну, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру.
Бүгінгі күні жоғарыдағы іске асып жатқан нысандарға су, электр энергиясын жеткізу және жолға тас төсеу жұмыстары қолға алынған. Бұл аймақтарда өз кәсібін ұлғайтуға және жаңадан кәсіп ашуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар көрсетілмек. Нақтырақ айтқанда, қажетті нысан салуға жер телімі қарастырылып, қажетті инфрақұрылым тартылатын болады. Шағын өнеркәсіптік аймақ кәсіпкерлерге жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік. Аталған жобалар аудандар аумағында шағын және орта бизнестің дамуына зор септігін тигізіп ғана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпек. Атап өтерлігі, осы өндірістік парк аумағында өз кәсібін жүргізуге ынталы бизнес өкілдерінің де қатары көбейіп келеді.


