Шардара: Іске асырылған жобалар аз емес

Шардара ауданында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп, тұрғын үй саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Оның бірқатары Республика күнінде ел игілігіне берілді. Жақсы жаңалықтан бастар болсақ, Ұзын ата ауылдық округінде 25 қазан – Республика күні аясында және ауылдың 55 жылдық мерейтойына орай жеке кәсіпкер «Нұрман» шаруа қожалығының күріш өңдеу цехы ашылды.
Жеке кәсіпкер Дәурен Нұрманның жетекшілігіндегі шаруа қожалық бүгінде 420 гектар алқапқа күріш егіп, гектарына орта есеппен 70 центнерден өнім алып, жалпы 3000 тоннаға жуық күріш жинаған. Өнімнің сапасы жоғары «Лазер» және «Атаман» сорттары өсірілген. Цехтың іске қосылуы нәтижесінде ауылда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ бұл – Республика күні Шардара ауданының 60 жылдығы аясында Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан 6 қызметтік тұрғын үйдің кілттері табысталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысы аясында әлеуметтік сала қызметкерлері тұрғын үймен қамтылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, қызметтік пәтер кілттерін табыстады. «Ел үшін адал еңбек етіп жүрген әрбір ұстазға, дәрігерге, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін табысталып отырған қызметтік пәтерлер – сіздердің тұрақты тұрмыс пен сапалы өмір сүрулеріңізге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Арман Қарсыбаев.
Қызметтік пәтер иелерінің бірі – Алматы қаласынан ата-анасымен бірге келген Шолпан Әмірова. Ол 2016-2021 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жалпы медицина бакалавры, 2021-2023 жылдары интернатура бойынша жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын, 2023-2025 жылдары резидентура бойынша ересектер онкологы дәрігер мамандығын тәмамдаған білікті маман. Ол 2022-2023 жылдары Алматы қалалық №8 емханасында мейіргер, 2024-2025 жылдары Health City клиникасында дәрігер-координатор болып қызмет атқарды. Осы жылдың тамыз айынан бастап Шардара аудандық орталық ауруханасының онколог дәрігері болып еңбек етуде.
Сонымен қатар, қызметтік пәтерге ие болғандардың бірі – Арыс қаласынан келген Жансұлу Жұмаділла. Ол 2011–2018 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде жалпы медицина мамандығын меңгерген. 2018 жылдан бастап түрлі өңірлерде жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Шардара аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері болып қызмет атқаруда. Бұл жобалар Республика күнінде салтанатты жағдайда ашылып, ел игілігіне берілген нысандар.
Бүгінгі күні ауданға ірі инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлер қатары артуда. Олар ауданда жылыжай салып, ауыл-шаруашылығы өнімін өндіруге ниет танытуда. Жуырда аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп отырған «Agrika Asia» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында инвесторлар Шардара қаласында жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын заманауи жылыжай кешенін салу жөніндегі жоспарларымен таныстырды. Жоба аясында көкөніс сақтау және кептіру комбинаты, тәулігіне 3360 тонна өнім өңдейтін томат зауыты және тәулігіне 200 тонна жем дайындайтын зауыт іске қосылады деп күтілуде.
Компания өз өнімдерін – томат пастасы, пюре, ұнтақталған көкөністер, сублиматтар, тағамдық қоспалар мен гранулалы жем – әлемдік нарыққа, атап айтқанда «Kraft Heinz» (Еуропа), «Agrana Foods» (Германия), «Samyang Foods» (Оңтүстік Корея) және «Marubeni» (Жапония) секілді жетекші халықаралық компанияларға экспорттауды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, оны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар мұндай бастамалар Шардараның индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды енгізуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ауданда су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша тиісті жұмыстар да атқарылуда. Жалпы облыста трансшекаралық аймақтарға жататын Шардара, Мақтарал және Жетісай аудандарында 10 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Осы мақсатта Шардара ауданына 12 миллиард теңге көлемінде субсидия қарастырылған.


