Өңдеу саласы елдің еңсесін тіктемек

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуда стратегиялық қадамдар жасап, халықаралық инвесторлар мен индустриалды серіктестерді тарту арқылы экономикалық әлеуетін арттыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау аясында өңірде мақта кластерін дамыту, шетелдік тәжірибені енгізу және өңдеу өнеркәсібін кеңейту басты бағытқа айналды.
Мақта терім науқанын сапалы өткізу үшін Түркістан облысында арнайы штаб жұмыс істейді. Штаб Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының әкімдіктерімен бірлесе отырып, мақта қабылдау бекеттері мен зертханалардың жұмысын бақылауда ұстайды. Биыл Жетісайда 4153 шаруашылыққа 76 бекет, Мақтааралда 5069 шаруашылыққа 60 бекет, Шардарада 1460 шаруашылыққа 35 бекет қызмет көрсетеді. Мақта сапасын 6, 25 және 18 зертхана анықтайды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков науқан барысындағы негізгі мәселелерді атап өтті:
– Өзекті мәселелердің басым бөлігі мақта қабылдау бекеттерінде зертханалардың болмауынан туындайды. Мақта өңдеу зауыттары өз бекеттерін зертханалармен толық қамтамасыз етуі тиіс. Мақта бағасы нарыққа тәуелді, дегенмен қазіргі деңгейден төмендемеуі керек. Шаруалардың еңбегінсіз зауыттарға өнім жоқ. Сондықтан бірінші кезекте еңбекті бағалауымыз қажет. Кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл облыс аумағында 145 мың гектарға мақта егілген, 470 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.
Түркістан облысы мақтаны шикізат күйінде шетелге арзан бағамен экспорттамай, оны өңдеу арқылы дайын өнім шығару жолында стратегиялық қадамдар жасап отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлемдегі ірі мақта-мата өндірушілердің бірі Texhong Group басшыларымен кездесу барысында өңірде мақта кластерін дамытуға шақырды. Жоспар бойынша жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін бірнеше заманауи зауыт салу көзделуде.
– Бізге мақта егумен қатар оны терең өңдейтін өндірістер қажет. Бұл бағытта Texhong сынды алпауыттармен әріптестік – біздің стратегиялық таңдауымыз. Біз сіздерге барлық қажетті мемлекеттік қолдауды ұсынамыз. Түркістан облысында инфрақұрылыммен қамтылған индустриялық аймақтар бар. Мен және осы салаға жауапты басшылар әр инвестормен жеке байланыстамыз. Кәсіптеріңізді мақтаның отаны саналатын Түркістан өңірінде дамытуға шақырамыз. Әкімдік тарапынан барлық қолдау мен сүйемелдеу болады. Мақта – біз үшін тек ауыл шаруашылығы емес, индустриялық серпіліс құралы, – деді Нұралхан Көшеров.
Texhong Group – жыл сайын 900 мың тонна мақта өңдейтін жаһандық көшбасшы, Қытай, Вьетнам, Түркия, Мексика және Никарагуа елдерінде өндірістік базалары бар. Компания өндірісті өз энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы және индустриялық парктерді дамытуға, күн энергетикасы арқылы энергия өндіруге қабілетті. Түркістанда мақта өсіріледі, өңделеді, одан мата тігіліп, киім шығарылады.
Түркістан өңірі өңдеу өнеркәсібін дамытып, импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық өндірісті нығайтуға бағытталған. Облыс әкімі шетелдік инвесторларға өңірде кәсіп ашудың тиімді тұстарын таныстырып, өндіріс орындарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді ұсынды.
Жобалар аясында тұрмыстық және кеңсе тауарлары, қағаз өнімдері, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы құралдары, өнеркәсіп жабдықтары өндіру жоспарлануда. Бұл өңірдегі өнеркәсіптік кластерді кеңейтіп, жұмыс орындарын ұлғайтады, өндірістің сапасын арттырады және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
– Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы аймақ. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары. Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік. Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Кез келген мәселе бойынша менің жеке телефоныма тікелей хабарласыңыздар. Біз үнемі байланыстамыз, – деді Н.Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 20 индустриялық аймақ және «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Инвесторлар үшін барлық қажетті инфрақұрылым тартылған, дайын өндірістік парктер мен «Бір терезе» қағидасы аясында мемлекеттік сүйемелдеу қарастырылған.
Texhong-ның өңірге келуі тек инвестиция ғана емес, технология мен тәжірибе трансферін, тұрақты жұмыс орындарын ашуды, экологиялық таза өндіріс стандарттарын енгізуді және жаңа кәсіптік оқыту үлгілерін дамытуға мүмкіндік береді. 2027 жылға дейін Түркістанда 5 тоқыма кластерін іске қосу жоспарланған.
Бұл бағыттағы жұмыстар мақта өңдеуді толық тізбекке енгізіп, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірісті дамыту арқылы Түркістан облысының экономикасына жаңа серпін береді. Инвесторларды тарту, өндірісті әртараптандыру, жұмыс орындарын ашу және өңірдің халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту – облыстың даму стратегиясының негізгі басымдықтары болып отыр.






