Түркістан облысында мемлекеттік сатып алуда заңбұзушылық анықталды.
Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан мемлекеттік сатып алу саласына камералдық бақылау жүргізілді.
Атап айтқанда, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Отырар аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2026 жылдың қаңтар айында мемлекеттік сатып алу веб-порталында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жариялаған №16096894-1 сатып алу рәсімі тексерілді.
Камералдық бақылау нәтижесінде сатып алу құжаттамасында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, техникалық ерекшелікте әлеуетті өнім берушілерге негізсіз «BURNER - ZG50. SG7» маркасының болуы қажет деген талап қойылған.
Бұл талап Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының нормаларына қайшы келеді. Заңға сәйкес, сатып алу құжаттамасында тауар белгілерін, фирмалық атауларды немесе нақты бір өнім берушіні айқындайтын өзге де сипаттамаларды көрсетуге жол берілмейді.
Анықталған бұзушылықтар негізінде «Отырар аудандық орталық ауруханасына» заң талаптарына сәйкестендіру туралы хабарлама жолданды.
Қазіргі таңда ұйымдастырушы тарапынан департаменттің хабарламасы толық көлемде орындалып, анықталған кемшіліктер жойылған.
Мұндай бақылау шаралары мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және заңбұзушылықтардың алдын алатыны анық.


