Полицейлер интернет алаяқтарына қарсы 1000 жадынама таратты

Мемлекет басшысы айқындаған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы маңызды бастамалардың бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы. Бұл жоба аясында азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді күрес жүргізу көзделген. Әсіресе соңғы жылдары жиілеген интернет алаяқтық фактілерінің алдын алу – құқық қорғау органдары жұмысының басты бағыттарының біріне айналды.
Қазіргі таңда алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді пайдаланып, тұрғындардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтері мен қаржысын заңсыз иемденуге әрекет етуде. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе түрлі ұйымдардың маманы ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғудың түрлі жолдарын қолданады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері халықтың құқықтық сауатын арттыруға және интернет алаяқтарының арбауына түсіп қалмаудың жолдарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлуде.
Осы бағытта Түркістан облысының полицейлері кең ауқымды профилактикалық жұмыстар ұйымдастыруда. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданының учаскелік және криминалдық полиция қызметкерлері интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Сонымен қатар мешіттерде, базарларда, дәріханаларда және халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға сақтық шаралары жазылған 1000 дана ескерту жадынамасын таратты.
Полиция қызметкерлері әсіресе егде жастағы тұрғындарға ерекше назар аударды. Себебі алаяқтар көбіне қарт кісілердің сенгіштігін пайдаланып, оларды жалған ақпарат арқылы алдап кетуге тырысады. Тәртіп сақшылары тұрғындарға телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға сенбеу, банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды және жеке мәліметтерді ешкімге бермеу қажеттігін жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген жалған хабарламаларға сақ болу және қандай да бір қаржылық операция жасамас бұрын ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеру керектігі ескертілді. Полицейлер алаяқтардың жаңа технологияларды пайдаланып, адамдарды психологиялық қысым арқылы тез шешім қабылдауға итермелейтінін айтып, мұндай жағдайда сабыр сақтап, жақындарымен немесе полиция қызметкерлерімен кеңесуге шақырды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, интернет алаяқтықтың алдын алуда халықтың қырағылығы мен құқықтық сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге және алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.


