Нұралхан Көшеров түркиялық инвесторлармен бірлескен жобаларды талқылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесу өткізіп, өңірдегі бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Кездесу барысында Түркістан қаласында салынып жатқан 570 орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын толық аяқтау, инвестициялық жобаларды кеңейту және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтып, бұл бағытта Түркия тарапынан тартылған инвестициялар мен бірлескен жобалардың да маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан бүгінде түркі әлемін байланыстыратын рухани әрі экономикалық орталыққа айналып келеді.
– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Мәртебелі меймандар Түркістанның даму қарқыны мен іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Бүгінде Түркістан түркі елдерін біріктіретін алтын көпірге айналып отыр. Осы ретте «YDA Holding» компаниясының қысқа мерзімде халықаралық әуежай құрылысын жүргізіп, маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысқанын атап өткен жөн. Сол әуежай арқылы бес мемлекеттің басшысы тарихи шаһарымызға келді. Қазіргі таңда сіздердің компанияларыңызбен бірлесіп, 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өндіріс және туризм салаларына инвестиция салуға шақырамын. Біз әріптестікті жалғастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне, инфрақұрылымдық жобаларға және туризм саласын дамыту бағыттарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отыр.
Өз кезегінде Хусейн Арслан Түркістанның соңғы жылдардағы жаңарған келбеті мен даму қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта да бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Халықаралық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен құттықтаймын. Түркістан өзінің тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен бұл қаланың бұрынғы келбетін де, қазіргі заманға сай өзгерген бейнесін де көрдім. Шаһардың қарқынды дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл өте жоғары деңгейдегі медициналық мекеме болады деп сенемін, – деді ол.
Айта кетейік, Түркістан қаласындағы көпбейінді аурухана құрылысына 15,6 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында басталған. Қазіргі таңда нысан құрылысы 86 пайызға аяқталған.
Жоба аясында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған қабылдау бөлімдері, заманауи операциялық залдар, диагностикалық орталықтар мен жоғары технологиялық медициналық құрылғылар орнату жоспарланған. Аурухана іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артып, облыстың денсаулық сақтау саласының әлеуеті күшейе түседі деп күтілуде.
Сонымен қатар, жаңа медициналық нысан Түркістанды медициналық туризм бағытында дамытуға да ықпал етуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, халықаралық талаптарға сай келетін аурухананың ашылуы көрші өңірлер мен шетел азаматтарына да сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау, туризм, инфрақұрылым және өндіріс салаларында ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.


