Түркістандағы үлгілі ауыл: ішімдік те, қылмыс та жоқ

Салауатты өмір салтын ұстанған ауылдар – қоғам қауіпсіздігі мен ұлт денсаулығының кепілі. Түркістан облысында кейінгі жылдары салауатты өмір салтын насихаттап, ішімдік пен темекіден толықтай бас тартқан ауылдардың қатары көбейіп келеді. Бұл бастама бүгінде тек бір ауылдың емес, тұтас қоғамның оң өзгеріске бет бұрғанын көрсететін маңызды қадамға айналды. Осындай өнегелі елді мекендердің бірі – Төлеби ауданындағы Қоғалы ауылы. Мұнда ауыл тұрғындары денсаулыққа зиянды өнімдерді тұтынудан ғана емес, оны сатудан да бас тартқан.
Қоғалы ауылында дүкен сөрелерінен алкогольді ішімдік пен темекі өнімдерін кездестіру мүмкін емес. Бұл – ауыл ақсақалдарының бастамасымен қабылданған ортақ шешім. Тұрғындардың айтуынша, мұндай қадам ең алдымен жастарды жаман әдеттерден сақтап, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету үшін қолға алынған.
Бүгінде ауылда қылмыс деректері тіркелмейді, ұрыс-керіс пен отбасылық жанжалдар азайған. Ажырасу көрсеткіші де төмен. Тұрғындар мұның барлығын салауатты өмір салтымен байланыстырады. Себебі ішімдік – көптеген әлеуметтік мәселелердің, құқық бұзушылықтардың және тұрмыстық жанжалдардың негізгі себептерінің бірі.
Қоғалы ауылы өткен жылы өңірлік байқауда «Үлгілі елді мекен» атағын иеленді. Бұл – ауыл халқының ауызбіршілігі мен тәртіпке деген жауапкершілігінің нақты нәтижесі. Мұнда үлкендердің ақылы мен жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Ауыл ақсақалдары әр отбасының берекесі мен ел ішіндегі тыныштықты сақтау үшін үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Түркістан облысында соңғы алты жыл ішінде ішімдік пен темекіден бас тартқан ауылдардың саны 12-ге жеткен. Бұл ауылдарда зиянды өнімдерге сұраныс жоқ. Тіпті сырттан келген қонақтардың өзі ауылдың қалыптасқан тәртібін құрметтеп, ортақ ережеге бағынады. Мұндай ортада өскен жастар да зиянды әдеттерден алыс болады.
– Табиғат аясында өмір сүргеннен кейін денсаулығымызды өз қолымызбен құртуға болмайды деп ойлаймыз. Ауыл үлкендері ортақ шешім қабылдап, дүкендерде алкоголь мен темекі сатуға тыйым салды. Біз тек күнделікті қажетті азық-түлік пен тұрмысқа керек заттарды ғана сатамыз. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болды, – дейді Қоғалы ауылдық округінің тұрғыны Нұртөре Нұржамал.
Мамандардың пікірінше, алкоголь адам ағзасына ғана емес, тұтас қоғамға үлкен зиян келтіреді. Ішімдікке тәуелділік адамның денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, оның психологиялық жағдайына, мінез-құлқына және әлеуметтік өміріне кері әсер етеді. Дәрігерлердің айтуынша, алкоголь жүрек-қан тамырлары ауруларына, бауыр циррозына, жүйке жүйесінің бұзылуына және түрлі созылмалы дерттердің пайда болуына себеп болады.
Сонымен қатар ішімдік адам санасын улап, агрессияны күшейтеді. Соның салдарынан отбасылық жанжалдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, төбелес, жол-көлік оқиғалары мен қылмыстық әрекеттер көбейеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көптеген құқық бұзушылықтар дәл мас күйінде жасалады.
Темекінің де зияны аз емес. Темекі түтінінің құрамында адам ағзасына қауіпті мыңдаған улы зат бар. Ол өкпе ауруларын, тыныс алу жолдарының қабынуын, жүрек ауруларын және қатерлі ісікті тудырады. Әсіресе жасөспірімдердің ерте жастан темекіге әуестенуі олардың денсаулығына орны толмас зиян келтіреді.
Сондықтан бүгінде Түркістан облысында зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Ауылдарда учаскелік полиция инспекторлары, дәрігерлер, теологтар мен қоғам белсенділері халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізеді. Мектептерде арнайы семинарлар ұйымдастырылып, жастарға салауатты өмір салтының артықшылықтары түсіндіріледі.
Әсіресе ауыл ақсақалдарының рөлі ерекше. Себебі үлкендердің өнегелі сөзі мен тәрбиесі жастарға тікелей әсер етеді. Қоғалы ауылында ақсақалдар мен аналар кеңесі жас буынның тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Олар жастарды спортпен айналысуға, білім алуға, еңбек етуге үндейді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ішімдік сатылмайтын ортада адамдардың бір-біріне деген құрметі артып, татулық күшейген. Түнгі уақытта көшелер тыныш, тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Мұндай ауылдарда ұрлық, бұзақылық, төбелес секілді құқық бұзушылықтар сирек кездеседі.
Бүгінде облыста «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында көптеген игі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама халық арасында кең қолдау табуда. Себебі ел тыныштығы мен ұлт саулығы – баршаға ортақ құндылық.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Ішімдіксіз ауыл, бірде-бір қылмыс тіркелмеген үлгілі ауыл» жобасы аясында Ордабасы ауданына қарасты Шұбар және Қараспан ауыл округтерінің әкімдері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолынан арнайы марапат алған болатын. Бұл – құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесі.
Қазіргі таңда мұндай ауылдардың тәжірибесі республика көлемінде қызығушылық тудырып отыр. Себебі ішімдіктен бас тартқан қоғамда тәртіп күшейіп, отбасы құндылықтары нығаяды, жастардың болашағына деген сенім артады. Ең бастысы – дені сау, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады.
Халық даналығында «Ауру – астан» деген сөз бар. Ал зиянды әдеттерден арылған елдің болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан қоғам болып салауатты өмір салтын насихаттау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.


