Мектеп пен прокуратура ынтымақтасты

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасуда. Осы мақсатта аудан прокуратурасының бастамасымен №46 мектеп-лицейі мен №65 мектеп-гимназиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат білім беру ұйымдары мен прокуратура органдарының бірлескен жұмысын жүйелеуге, оқушыларға заң талаптарын түсіндіруге және олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мектеп жасындағы балалардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, қоғамдық ортада белгіленген ережелерді сақтауы құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Іс-шара барысында аудан прокуроры оқушыларды жеке қабылдап, олардың сауалдарын тыңдады. Балалар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, жауап алды. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық мәселелерге қатысты түсінігін толықтырып қана қоймай, көкейдегі сауалдарын ашық айтуына мүмкіндік береді.
Кездесу кезінде заңнама талаптары мен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызына да назар аударылды. Заңды білу – тек құқық бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылмау үшін қажет білім емес. Ол адамның өз құқығын қорғауына, өзгенің мүддесін құрметтеуіне және қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуіне негіз болады. Әсіресе жасөспірімдер үшін өз әрекетінің салдарын бағалай білу, жанжал туындаған жағдайда мәселені заң аясында шешуге ұмтылу маңызды.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының орнығуы жас ұрпақтың құқықтық мәдениетіне де байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс балаларға заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, олардың күнделікті өмірде жауапты шешім қабылдауына ықпал етуі керек. Сондықтан мектеп пен прокуратураның бірлескен іс-қимылының маңызы зор.
Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауатын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту. Білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара байланысы жасөспірімдердің қауіпсіз ортада білім алып, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне бағытталған.


