Жасөспірім қауіпсіздігі ата-ана назарынан басталады

Шымкент қаласының Тұран ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Аудан прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырылған жиынға 29 мектептің 9–11 сынып оқушылары мен аудандағы 5 колледждің 1–3 курс студенттерінің ата-аналары қамтылды.
Кездесу №87 мектепте өтіп, оған аудан прокуратурасының өкілдері, білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтар қатысты. Жиында жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер талқыланып, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне баса назар аударылды.
Мамандар ата-аналарға балаларының бос уақытын қалай өткізетінін, кімдермен араласатынын және мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылаудың маңызын түсіндірді. Жасөспірімнің күнделікті ортасына көңіл бөлу, оның мәселелерін тыңдау және қиындыққа тап болған кезде қолдау көрсету құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Бала мінезіндегі өзгерістерді елемеу немесе оның интернеттегі әрекеттеріне назар аудармау кейбір қауіптердің дер кезінде анықталмай қалуына әкелуі мүмкін.
Кездесуде сондай-ақ құрдастарын қорлау, кемсіту, қорқыту, әлеуметтік желілерде қысым көрсету әрекеттерінің салдары және мұндай жағдайларда қолданылатын құқықтық шаралар түсіндірілді. Интернеттегі әрекеттердің де жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін білу жасөспірімдер үшін маңызды. Ал ата-аналар баласының виртуалды ортадағы қарым-қатынасына назар аударып, қысымға ұшыраған жағдайда мәселені жасырмай айтуына жағдай жасауы қажет.
Психологтар мен тәрбие ісіне жауапты мамандардың қатысуы ата-аналарға баламен қарым-қатынас орнату, оның көңіл күйіндегі өзгерістерді байқау және туындаған мәселені ушықтырмай шешу жөнінде түсіндіру жүргізуге мүмкіндік берді. Жасөспірімнің өзін қауіпсіз сезінуі, жақындарынан қолдау табуы да оның мінез-құлқына әсер етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл жұмыста отбасы мен мектептің өзара байланысы маңызды. Ата-ананың бала өміріне бейжай қарамауы, заң талаптарын түсіндіруі және оның мәселелеріне уақытылы назар аударуы жасөспірімдердің қауіпсіз ортада қалыптасуына ықпал етеді.


