KazRoadlab: жол сапасын бақылаудың цифрлық жүйесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған. Бұл үрдіс жол құрылысы саласын да қамтып, материалдардың сапасын тексеру мен зертханалық жұмыстарды жүргізуге жаңа технологиялар енгізілуде. Солардың бірі – «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК қолданатын KazRoadlab ақпараттық жүйесі.
Жолдың беріктігі құрылыс материалдарының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан сынамаларды зерттеу мен нәтижелерді тіркеудің дәлдігі маңызды. KazRoadlab сынама алынған сәттен бастап зерттеу қорытындысы дайын болғанға дейінгі процестерді электрондық форматта тіркейді.
Инженер планшет арқылы сынама алынған орынды белгілеп, материал туралы мәліметтер мен фотосуреттерді жүйеге енгізеді. Әр үлгіге жеке QR-код беріледі. Оның көмегімен сынаманың зерттеу тарихын бақылауға болады. Бұл деректердің сақталуын қамтамасыз етіп, қағаз құжат айналымын қысқартады.
Жүйенің тағы бір артықшылығы – зертханалық тексерудің объективтілігін арттыруға бағытталған. Мамандарға сынаманың қай нысаннан алынғаны, қай мердігерге тиесілі екені және тапсырыс беруші туралы ақпарат көрсетілмейді. Мұндай тәсіл зерттеу нәтижесіне сыртқы ықпал ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған.
KazRoadlab сынақ кезінде алынған деректерді тікелей қабылдап, есептеулер жүргізеді. Жұмыс барысы камераларға тіркеліп, фотоматериалдар зерттеу нәтижелерімен бірге сақталады. Бұл қорытындыларды қайта тексеруге және мәліметтерді қолмен енгізуден туындайтын қателерді азайтуға көмектеседі.
«Зертхана қызметкерлеріне сынаманың қай нысаннан алынғаны, оны кім жеткізгені және қай мердігер ұйымға тиесілі екені туралы ақпарат көрсетілмейді. Бұл ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған. Сонымен қатар жүйені енгізу мамандардың жұмысын жеңілдетіп, құжат айналымын қысқартуға және процестерді тиімді жүргізуге мүмкіндік берді», – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚФ Сынақ зертханасының меңгерушісі Тұрар Манас.
KazRoadlab жүйесі орталықта 2019 жылдан бері қолданылады. 2024 жылы платформа жаңартылып, функционалдық мүмкіндіктері жетілдірілді.


