«Таза Қазақстан»: Акцияға прокурорлар да атсалысты

Oinet.kz 22-04-2024 44

2.jpg 

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Шымкенттің барлық аудандарында жалғасын табуда. Акция аясында А.Асқаров атындағы  дендробақ аумағы айнадай етіп тазартылды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Дендробақты тазартуға қалалық прокуратура қызметкерлері атсалысты. Жұмыс тобы саябақты толықтай тазалап, шөптерді орып, жинаумен айналысты. «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасып, ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Өйткені тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілгенде нәтижелі болары анық.

—Бүгін сенбіліктің екінші аптасы аяқталып жатыр. Қаламызда көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат - тазалықты, таза жүріп-тұруды, қаламызға сүйіспеншілікпен қарауды тұрғындарға дәріптеу. Бүгінгі шараға қалалық прокуратурадан 170-ке жуық қызметкер қатысты. Бізден бөлек коммуналдық мекемелер арнайы техникаларымен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тазалық күнінде ерікті жастар, тұрғындармен бірге үлес қосуды мақсат тұттық. Әр аптаның әр түрлі атаулармен аталуында да өзіндік мән бар. Біз акцияның алдағы апталықтарына де белсене қатысамыз, - деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев.

Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени орындар, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Тұрғындар мұны дәстүрлі шараға айналса екен дейді. Алдағы уақытта акцияның үшінші апталығы басталмақ. Апталық аясында көшет отырғызу жұмыстары жүреді.

Аталған тазалық акциясында Абай ауданында орналасқан «Бәйдібек би» ескерткіші маңында сенбілік ұйымдастырылып, ағаштарды санитарлық қырқу, жасыл желектерді ретке келтіру, шөп ору, сырлау жұмыстары жүргізілді. Киелі аумақтың тазалық жұмыстарына 300 - ден аса аудан тұрғындары, ассамблея мүшелері,  Қоғамдық келісім мекемесінің, "Отырар" телеарнасының, 70 кәсіпкерлік нысанның 60 әлеуметтік нысанның қызметкерлері қатысты. Сондай - ақ, 17 техника жұмылдырылып, 25 тонна қоқыс шығарылды.

Қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Акцияға қатысушылар қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырады.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Әлтайұлының қатысуымен “Таза Қазақстан” акциясы аясында “Киелі мекен” апталығы жастар арасында жалғасын тапты.  Қала жастары Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан - қоғам қайраткері, елші - Жолан батырдың ескертшісінде абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Тазалық іс-шарасында ескерткіш жуылып, айналасында тазалық жұмыстары жүргізілді.


Шымкентте «Киелі мекен» апталығы жүріп жатыр
«Таза Қазақстан»: Дендросаябаққа ағаш көшеттері егілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу