Қош бол, Фариза Оңғарсынова!

Screenshot_7.jpg   

Бауыры суыған қатыгез қоғам ештеңеге таңданбайтындай, ештеңеге өкінбейтіндей көрініп еді. Қателесіппіз. Апта бойы ақпарат құралдары да, әлеуметтік желілер де Фариза жырларымен тыныстап, аһ ұрып тұрды. Байқағанымыз – Фариза болмысты жандар мына қоғамның қорғансыз, ішкі дүниесі медеу іздеп тұратын, қаталдықтар мен алданыштардан шаршаған жандарына қатты қорған екен. Жақын таныс болмаса да, мейіріміне бөленбесе де, сондай жандар Фариза-тұлғаларды қатты арқа тұтады екен, қорған көреді екен. Бұл күндері қазақ аспанын «Фариза» әні тербеді де тұрды. Бір өкініштісі, Мұқағалидың «Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын», «Жаралмаған жан екем күресуге»  деп кез келген сезімі бар адамның жан дүниесін дөп басқан арылу сөздері енді кімге қарата айтылатын белгісіз болып қалғандай. 

Ақын-жазушылар оқырмандармен кездесе қалса немесе көп жағдайда журналистердің өзі де: «Өлең қалай туады? Қай кездерде шабыттанып жазасыз?» – деп сұрап жатады. Бұл, менің ойымша, білместіктен туындаған сұрақ. Ақын өлеңді қашан жазатынын білмейді! Егер білсе, алдын ала жоспарласа – ол өлең емес. Шынайы өлең – ақынның санасы мен жүрегіндегі арпалыстардан да биік, сезімге де, суық ақылға да бағынбайтын керемет. Ол өз иесі – ақыннан бұрын болашақты болжап қояды, көз де, көңіл де жетпейтін кеңістіктерді күні бұрын шарлай алады.

«Болашақ ұрпақ» – Фариза Оңғарсынованың сондай әулие-өлеңі. «Шақырамын сені ашық әңгімеге» деп алғаусыз көңілмен ақын жас ұрпақты ақтарылуға шақырады. «Жас ұрпақ, балғын ұлан! Қандайсың өзің сенің?» деп сұрап алады әуелі. Бұл сұраққа ақын жауабы да дайын. «Жоққа теңеп адамзат даңқын мәңгі, құбылысқа, адамға, өткендерге, тірлікке, көк пен жерге, мүмкін, бізден басқаша қарарсың сен» деп жас ұланның қан тамырындағы бүлкілді дөп басады. Шынында да, кез келген жаңа буын жас ұрпақ өзіне дейінгі адамзат жетістіктерін жоққа шығара келеді. Бәрін өзі істеп, өзі тындыратын алкеуде көңілмен өмірге белсене кіріседі. Өмірді жекпе-жекке шақырады! Әйтпесе, жас бола ма? Ақын осыны тап басып отыр. «Мүмкін, бізден басқаша қарарсың сен» деп топшылаған сыңай танытады. Әрине, жас адам басқаша қарайды. Өмірден таяқ жеп көрмеген жастың қанына осы сөздермен-ақ дауыл тұрғызады ақын. 

Одан арғысы – диагноз. Жақша ішінде «біздерге арман ақ көйлек – саған кіршең» делініпті. Осы бір ғана жолда қаншама мағына жатыр десеңізші! Өлеңнің қашан жазылғанын зерттеп, табудың қажеті жоқ. Өйткені, уақыт керуені алға тартқан сайын бүгінгі балаға кешегі құндылықтың бәрі еш бағасыз, жеңіл, тіпті күлкілі болып көрінетіні рас қой. Мұндағы ақ көйлек деген сөзді қалай түсінсеңіз де еркіңіз – ол, мүмкін, аппақ ар шығар, аппақ көңіл болар. Ең бастысы, оған бүгінгі жас қалай қарайдды? Ақын осыны «саған кіршең» деп дөп басып, тура танып тұр. 

Артынша-ақ Фариза-ақын «жоқ! Кінәлі емессің сен ісіңе, бұл – әлемдік дамудың жемісі де!» деп түйіндейді. Шынында да, дәл қазіргі ақпараттар сапырылысып, еш кедергісіз саналарда сайран салып жүрген заманда жас адам әлемдік дамудан «кеш қалса» – өзіне ұят. Бұл жерде жас адамның адамзаттық ой, рух, сана дамуынан емес, күнделікті тұтынатын қарапайым заттардың, былайша айтқанда, «шұрым-бұрымның» дамуынан қалып қоймауы айтылып тұр. Егер кез келген қоғамның жас өкілі адамзаттық сана дамуына қалыспай ілесіп отырса, жер беті жұмақ болмаса да, соған жетеқабыл мамыражай мекенге айналар еді. Өкінішке қарай, ақын айтқан әлемнің дамуы материалдық игіліктердің дамуына, сөйтіп, адамзатты сондай игіліктерге алдандыруға ғана бағытталып отыр. Осыған ілескені үшін де ақын жас адамды кешіреді. 

– Мүмкін, сен жауларға да – 

Талайға салған жара

немқұрайды қарайсың кешіріммен,

өзіндік ой, өзіндік шешіміңмен? – дейді Фариза ақын. Генетикалық коды өшіп кеткен ұрпақтан қорқу керек. Әрине, адамзаттың бәрін жау тұтудың және қажеті жоқ. Бірақ ақын айтып отырған «кешіріммен немқұрайды қарау» тұтас бір буынды, одан әрі тұтас бір халықты тарихи жадыдан айыруы мүмкін. Құнсыздық дегенді сонда көріңіз! Сіз жанұшырып жүрген тіл мен діл, дін мен тін ұрпағың үшін әншейін ұйқас сөздерге айналса, қасіреттің көкесі сол! Соның бәріне «өзіндік ой, өзіндік шешімімен» жас адам болуға тиіс жайттай қарай берер болса, «әлемдік дамудың» өз дегеніне жеткені болмай не болады?

Ақынның бұдан арғы сөздері де – өмірді танығандық, заман тамырын тап басып, жастардың бет түзеген бағытынан шошығандық.

– Қасиетін халқының жоюға бар,

кетсе де ырза көгеріп мойыл жанар –

басқаға ұқсау қалай да – саналы ұғым,

заңы осы да еліктеу заманының, – деп жазады ақын. Қазір Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде басқаға ұқсау үрдісі зор қарқынмен жүріп жатыр. Шынында да бұл үрдіс заңға айналды. Ұқсаса ұқсай берсін ғой, бірақ сол жолда «өз халқының қасиетін жойып» не керек? Бұл – біреудің қаңсығы біреуге таңсық болған, қасиеттің қасиеті кетіп, былық-шылық, арсыздық, санасыздық, сапасыздық мидай араласқан, ең бастысы, өз халқының өткенін тым болмаса ойша да бағалауға тырыспайтын заман. Бір қарасаң, қарттықтың ауылына бет алған, ошақ басында ел амандығын тілеп қана отыруға тиіс жан қазіргі жастың санасында не барын, болмысы қандай екенін білмейтіндей көрінеді. Бірақ ақын ондай емес. Ақын жас ұрпақтың еліктеу заманының құрбаны болып бара жатқанын дәл танып отыр. Соған алаңдайды. 

– Үдетіп ел күдігін,

барады жерді бүгін

ақылды да айлалы іскер қаптап

(табиғи күштерді аттап),

барлығында бір ғана бақыт, мұра –

билеу түгел әлемді, уақытты да! – дейтіні де содан. Жалаң жігермен, көркөз кеудемен әлемге билік жүргізгісі келетіндерден шошынады. Адамдардың бәрін білетін, ешкімнің ақылын керек етпейтін «ақылды да айлалы іскер» болып кеткенінен қауіптенеді. Содан да шығар, бұған дейін жас деп келген ұрпағына енді «Адам» деп сөйлейді. «Ойланатын, тірілер кезің, міне! Қарамайтын уақытқа, заманға да табиғатта менмен күш – Адам ғана!» деп мойындай отырып, жас адамды ойлануға шақырады. Үмітін үзбейді ақын. Қанша «ақылды да айлалы» болса да, оның негізгі жаратылысы – Адам екенінен үміттенеді. 

«Болашақ ұрпақты» оқыдым да, Фариза апамның мына дүниеден «жүрегінің түбіне кір жасырмай» кеткеніне сендім. Солайболса екен... Ақын апамды жоқтап, бүкіл қазақ даласы аза тұтқанын заңдылық деп бағаладым. Фариза аманатына адалдық танытпаса, әншейін «айлалы да ақылды» болып, «табиғи күштерді аттап», «әлемді, уақытты билеу» жолында жанталасып жүре беретін болса, бұл ұрпақ алдағы мыңжылдықтарға өз елін ұлт, халық ретінде апара алмай қалатыныны қазірден-ақ белгілі болып тұр. 

Қош, ақын апа!.. Сенің аманатың  ұрпағыңа серт!

Мұрағаттан, 30.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: