Шымкенттегі жанар май жыры жасанды «сценарий» емес пе?

w720h405fill.jpg   

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аптаның алғашқы күнін жанар май бағасына қатысты жиын өткізуден бастады. Бұл жолғы жиынға Астанадан арнайы ат басын бұрған бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың өзі де қатысты. Жанар майдың бағасы оңтүстік облыстарда – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматыда күрт көтерілді.  Көптеген жанар май бекеттері АИ-92 маркалы бензинді талонсыз босатпай отыр. Ал жанар май бағасын көтермеген жалғыз ғана «Гелиос» бекетінде ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін жинау науқанында қайталанатын бұл келеңсіздікті қалай тоқтатуға болады? Облыс әкімінің орынбасары Ерлан  Айтахановтың жасаған талдауына зер салсақ, жанар май тапшылығының қолдан жасалып отырғанын аңғаруға болады. 

- Күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг қорытындысы көрсеткендей, облыс аумағында жанар май бағасының  өсуі шілде айының екінші жартысынан басталған. Мәселен, АИ-80 маркалы сұйық отынның бағасы 54 теңгеден 72 теңгеге дейін, яғни 33 пайызға көтерілген болса, АИ-92 маркалы жанар майдың құны 72-ден 88 теңгеге жетіп, 22 пайызға өсіп отыр. Бұдан да жоғары бағада босатып жатқандар бар. Ал дизельді отынның бағасы 51-ден 55 теңгеге өсті, - дейді ол.

  Мұнай өнімдерін саудалау бойынша облыстағы негізгі монополист -  «ПетроКазахстан Ойл Продакс» ЖШС. Зауыттың жобалық қуаты жылына 5,3 миллион тоннаға есептелген. Алайда, зауыт осы көлемнің 77 пайызын ғана өндіріп келеді. Ішкі нарықтағы мұнай өнімдерін көтерме саудалауда сұраныстың 50 пайызын ұсынатын «Петро Казахстан Сауда Үйі» ЖШС. Өзгелері облыс аумағынан тыс жерде тіркелген кәсіпорындардан алынады. Жанар май бағасының өсуіне негізінен ортадағы делдалдардың іс-әрекеттері негіз болуда. Олар әдеттегіше ең оңтайлы сәтті, ауылшаруашылық өнімдерін жинау науқанын пайдаланып қалуға бар күш-жігерін салады. Осы кезеңде жанар май тапшылығы қолдан ұйымдастырылып, баға аспандап шыға келеді. Жергілікті атқарушы билік пен мұнай өңдеушілер, делдалдар айтысып-тартысып, келісімге келеміз дегенше, мұны ұйымдастырушылар мейлінше қалтасын қампайтып алады. Айтқандай, атқарушы биліктің дегенімен жүргісі келмей, жасанды тапшылық жасау арқылы жанар майдан теңге жонып, халықтың қалтасындағы қаржыға қол салып жүрген жанар-жағар май бекеттерінің арасында Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев құрылтайшылық ететін «Арна Петролиум» да бар. Бұл туралы агенттік төрағасы Мәжит Есенбаев көпшіліктің көзінше жария етті.   

   «Жанар-жағар май» ассоциациясының төрағасы Қайыпбек Қамбаров облыстағы жанар-жағар май саудалаумен айналысатын кәсіпкерлер атынан «әр облыстың қажеттілігіне сай Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан нақты босатылатын өнімнің көлемі бекітілсе» деген ұсыныс айтты. Сонда ғана жанар май бағасында үлкен секіріс болмай, тұрақты бағаны ұстап тұруға мүмкіндік туады екен. Мамандар пікірінен кейін шығатын қорытынды мынадай: жанар-жағар майдың сұранысы өсетін көктем-күз айларында экспортқа шығарылатын өнімнің кедендік баж салығын көтеріп, керісінше, қыс айларында төмендету арқылы ішкі рыноктағы бензин бағасын тұрақтандырып отыруға болады. Сұраныс артқан тұста, қажет болса, мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салатындай батыл қадамдарға бару қажет. Әйтпесе, бұл келеңсіздіктің жыл сайын қайталана беретіні айдан анық. 

- Зауыт жергілікті атқарушы билікке бағынбайды, - деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы. – Дегенмен, қол қусырып та отырған жоқпыз. Үкіметтен көмек сұрадық. Зауыттың қарамағындағы кәсіпорындар біз ұсынған ұсынысты қабылдамаса өнімді экспортқа шығаруды тоқтатуын талап етеміз. Талап етіп қана қоймаймыз, ұсынысымыздың орындалуын соңына дейін қадағалайтын боламыз. Екінші мәселе, заң жүзінде тиісті өзгерістер енгізу арқылы жанар-жағар май бекеттері ғана емес, ортада жүрген делдалдарды да лицензиялау мәселесін шешу керек. Өйткені, бензин бағасының көтерілуінің басты себебі осыларға тікелей байланысты. Алдағы уақытта зауыт пен жанар май сататын бекеттерді тікелей, яғни делдалдарсыз байланыстыру мәселесін шешкен жөн. 

  Жанар-жағар майды сыртқа сатуға қойылған шектеу қаңтар айында жойылып, экспортқа бағытталған мұнай өнімдері үшін кедендік салық мөлшері де екі есеге жуық азайды. Мұның бәрі бензин бағасының көтерілуіне әсері болмады деп кім айта алады? Әлде бұл жасанды сценарий ме екен? 

Шадияр Молдабек, «Заң», «Қазақстан-Заман» газетерінің тілшісі


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: