Болат Өтемұратов. Кім?


Screenshot_8.jpg

 «Сұр кардинал»

Марио Пьюзоның әйгілі «Өкіл әке» (Крестный отец) атты Америкадағы сицилиялық  мафия жайлы романын оқымаған, киносын көрмеген жан кемде-кем. Шығарманың негізгі кейіпкерлерінің бірі, клан басшысы Дон Корлеоненің оң қолы саналатын Том Хейгенді былайғы жұрт «консильери», яғни босстың кеңесшісі, көмекшісі, ең сенімді адамы  деп атайды. Консильериге аса маңызды, даулы мәселелерді шешу міндеті жүктелгенімен, ол көбіне тасада жүріп әрекет етеді. 

Дәл осындай консильери қазақстандық билік эшелонында да бар ма?  Еліміздегі ең ықпалды саясаткерлердің бірі, «Форбс» миллиардерлер тізімінің тұрақты кейіпкері Болат Өтемұратовты сарапшылар мен шетелдік басылымдар «Назарбаевтың консильериі» деп  те сипаттауы қисынды ма?  Президенттің ең сенімді серіктесінің   Өтемұратовты сонымен бірге  аса ықпалды саясаткер Нұртай Әбіқаев сияқты  «сұр кардинал» атайтындар да кездеседі. Осының өзі Болат Жәмитұлының айрықша ықпалы мен күш-қуатынан хабар берсе керек. Билік элитасында жүрген өзге саясаткерлердің қай-қайсысы  да Өтемұратовпен салыстыруға келмейді. «Форбс» миллиардерлер тізіміндегі жалғыз қазақстандық шенеунік атанудың өзі неге тұрады?!

Өтемұратовтан сақ саясаткерді таппайсыз. Содан болар, оның бар-жоғы қалың  жұртшылыққа біліне бермейді. Әр қадамын ерекше сақтықпен басатын оның теледидардан көсіліп сөйлегенін  көрмеппіз. Үлкен  жиындарда төбесін көрсетпейді. Бизнес пен саясаттың серкесі атана білген Өтемұратов «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын»  қасиетімен, түрлі  қитұрқы жағдайлардан сүттен ақ, судан таза болып шыға білетін қабілетімен  талайларды таңқалдырып келеді. Өтемұратов жүріп өткен жолдың негізгі белестерін ғана тізіп шығайық.

Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласының тумасы Болат Өтемұратов жоғары оқу орнын тәмамдаған соң 1981 жылы  Алматыдағы «нархоз» институтында оқытушы болып жұмыс істейді. Комсомол белсендісі атанды.  Бірақ, Өтемұратовты бұрыннан білім саласы емес, сауда-саттық қатты қызықтыратын. Бір жыл өте институтты тастап, Алматы қалалық сауда бөліміне ауысады. Екі жыл ішінде қатардағы инспектордан «Юбилейный» гастрономының директоры қызметіне дейін өседі. Тауар жетіспеушілігі мен дефицит белең алған совет заманында гастроном  басшысы қызметі  қазір әкім болумен бірдей еді. Осыны жақсы пайдаланған Өтемұратов үшін «Юбилейный» мықты трамплинге айналды. 90-жылдардың басында әуелі сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде қызмет етіп, 1992 жылы Австриядағы Қазақ сауда үйінің бас директоры болып тағайындалады. Міне, Өтемұратовтың бизнеспен мықтап айналыса бастаған тұсы осы. Сауда үйі арқылы миллиондаған долларды құрайтын келісім-шарттар жасалды, Қазақстанда шетелдік бизнесмендер үшін қызығушылық туғызатын талай нысан сатылды. 1993-1995 жылдар аралығында министрліктерде орынбасарлық қызмет атқарған ол ендігі жерде үлкен жобаны жүзеге асыруды ойластыруға көшті.

 1995 жылы Өтемұратов өзінің қаржылық империясын құрудағы негізгі қадамын жасайды. Жаңадан ашылған Алматы сауда-қаржылық банкі қысқа мерзім ішінде өрлеп, еліміздің маңдайалды қаржы институттарының біріне айналды. Елбасының күйеу баласы Тимұр Құлыбаев Өтемұратовтың серіктесі атанып, директорлар кеңесінің төрағалығына тартылды. Осы арқылы клиенттік базаны  «Хабар», «Алтын Алма», «Қазақойл», «Қазстрансойл», «Заңғар» секілді ірі компаниялармен толықтыруға мүмкіндік туып, АТФ-Банктің табысы ай емес, күн санап өсіп отырды.

 1996 жылы Өтемұратов банк саласынан кетіп... көп ұзамай қайта оралды.   Швейцарияға елші тағайындалуына байланысты  Өтемұратов шетелге аттанардың алдында АТФ-тегі үлесін Құлыбаевқа сатады.  1999 жылы Президент Болат Жәмитұлын сыртқы саяси және экономикалық байланыстар жөніндегі көмекшісі етіп тағайындайды. Елге оралған бойда АТФ-тің акцияларын сатып алуға белсене кірісіп, көп ұзамай банктің негізгі қожайыны атанады. Сонымен бірге Өтемұратов медиаресурстарға да  назар аударып, біраз уақыт ішінде «31-арна», Мегаполис» газеті, «Навигатор» интернет газеті секілді беделді ақпарат құралдарын шоғырландыра білді.

Әлгінде айтқанымыздай, Өтемұратов тасада жүріп тірлігін тындыруды ұнатады. Әйткенмен, бір кездері оған жауапты саяси қызметтерді де атқаруға тура келді. Атап айтқанда, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Президенттің жанындағы демократия мәселелері бойынша ұлттық комиссияның жетекшісі, ал 2006-2008 жылдар аралығында Президенттің іс басқарушысы болып жұмыс істеді. Сарапшылардың пайымдауынша, Өтемұратовтың оппозиция өкілдерінің арасында айтарлықтай беделі бар. Кез-келген оппозиционермен келіссөздер жүргізе алатын қабілетімен танылған Өтемұратовтың «саяси процестердің модераторы» деген лақап атты иеленуі бекер емес.

  Болат Жәмитұлының тағы бір ерекше қасиеті – жағдайды алдын-ала болжай білетін, ұрымтал сәтті мүлт жібермейтін көріпкелдігі. Өтемұратовтың бизнесмен ретіндегі мықтылығын қазақстандықтар былай тұрсын, шетелдік алпауыттар да мойындады. Дәлірегі, Өтемұратов оларды мойындатты. Тура қаржы дағдарысы қарсаңында АТФ-Банкін итальяндық «Юникредит» тобына  сатып үлгеріп, қалтасына 2,2 миллиард доллар таза табыс түсірді. Артынша дағдарыс сау ете қалып, банк қиын жағдайға тап болды.  Шығын көбейе түсті. Банктің қазіргі жағдайы жаман емес. Әйткенмен, итальяндықтар бұл жобаның тым қымбатқа түскен айтып әлі күнге дейін қынжылатын көрінеді. Ал соңғы кездері «Юникредит» башсылары АТФ-ты сатуы мүмкін деген ақпарат тарай бастады.  Шетелдік банкирлерді осылайша «сазға отырғызып кеткен» Өтемұратовтың мықтылығын айтсаңызшы

«Дағдарыс – қалталы адамдар үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы» деген қағиданы мықтап ұстанған Болат Жәмитұлы бизнес әлеміндегі жаңа жорығына көшеді. АТФ-ті сатудан түскен қаражат басқа жобаларды дамытуға, жаңа активтерді сатып алуға жұмсалды. Жаңадан «Метрокомбанк», «Kassa Nova» атты банктер дүниеге келді. Қазақстандық олигарх Мәскеу мен Венадағы атақты Ритц Карлтон отельдерін сатып алды. Екеуін қосқандағы баға шамамен миллиард долларды құрайтын бұл  элиталық қонақүйлер аса табысты бизнестің көзі саналатыны әмбеге аян. 2008 жылдан бастап «Форбс» журналы әзірлейтін миллиардерлер клубының  тұрақты мүшесіне айналған Өтемұратов жылдан-жылға жағдайын жақсартып келеді. Шетелдік басылым өкілдері Өтемұратовтың дәулетін 1,5 миллиард долларға бағалағанымен, «Өтемұратовтың бұдан басқа астыртын активтері бар» деп мәлімдеді. 

Болат Өтемұратовтың өзі тәрбиелеп шығарған командасы бар. Кезінде АТФ банкінде қызмет атқарған бір топ менеджерлер бүгінде бірқатар министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшылығында жүр. Әрине, мұндайда кімнің мүддесі түгенделетінін түсіндіріп жатудың өзі артық. 2008 жылы Президенттің штаттан тыс кеңесшісі ретінде тағайындалған Өтемұратов үш  жылдан бері  Қырғызстан мен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі Қазақстан Президентінің арнайы өкілі қызметін атқарып келеді. Айтпақшы, Өтемұратовтың бизнесі мұнда да бар көрінеді. Атап айтсақ, қырғыздар Болат Жәмитұлын «Бител» ұялы байланыс операторының негізгі қожайыны ретінде таниды. 350 мыңнан астам абоненті бар компания тәуір табыс көзі екені дау тудырмайды.

Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір Өтемұратовтың билік эшелонындағы бәсекелестері аз емес. Негізгі қарсыластарының тізімінде Аслан Мусин мен Кәрім Мәсімовтің есімдері жиі аталады. Тимур Құлыбаевпен де арасы нашар деседі. Қалай болғанда да, Өтемұратов оңай шағылатын жаңғақ емес. Кланаралық тартыста оның да өзіндік «көзірлері» бар.

Комсомол мен гастроном қызметкерінен миллиардер олигархқа дейінгі жолды жүріп өткен Болат Жәмитұлы  33 жасар ұлы Әлидар мен  29 жастағы Әнуар атты екі ұлдың әкесі. Өтемұратовтың іскерлік қабілеті ұрпағына да өткен бе дейсің, Әлидар бұған дейін  «Қазақтелекомның» вице-президенті, Васильков тау-кен комбинатының президенті қызметтерін атқарып үлгеріпті. Демек, алдағы уақытта Өтемұратовтар отбасының бизнестегі салмағы, саясатта  ықпалы тек арта бермек.

Screenshot_2.jpg

"Ойнеттің" мұрағатынан, 24 мамыр 2012 жыл

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: