МҰРАГЕР арнайы жобасы: Қасым-Жомарт Тоқаев

2019032010094987598_28381-6-kasym-zhomart_tokaev_v_ru.jpg

Қашан көрсеңізде көкке тойған марқа қозыдай маңғаздана жүретін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев неге президент бола алмайды?

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ол Ғани Қасымов секілді ақ бокалды уысында үгітіп,  көрші елдің ВВП-сындай  боз кілемдегі бос қарсыласын жамбасқа алып, жауырынын жерге иіскете немесе «жабайы армандарға» таланса да Ж.Тұяқбайлардың жете алмаған депутаттық мандатты мұртын қидырмай-ақ көктен алған Ж.Ахметбековтей ауаны ышқына сермей ұрып, «ииияях», киияях» деп, тіпті болмаса, аса таяғын арбаңдатып Амантай қажыдай аттандау сіздің ойыңызша,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан келетін іс пе? Сұрақтың осылайша қойылған себебі, бүгінгі кейіпкерімізді әлде кімдер болашақтағы үлкен сайлаудың басты үміткері ретінде санап жүр. Ал, ондай болса, сол доданың батыры ел көзіне несімен түспек? Асыра айтқанымыз емес, еліміздегі стол теннисі федерациясын 13 жыл басқарса да, тар столда ақ шарикті жын қаққандай билетіп, бүйрін тескен Қытай ойыншыларын тірідей көзбен көріп, зерделесе де, Қасым-Жомарт Тоқаев үлкенді-кішілі ракетканы ұстауда Н.Назарбаевқа бір мысқал да теңесе алмайды.  Бекзаттардың белін жазатын, барын тасытатын гольфта да Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ахметжан Есімовтей төрт дүниесі түгелдей миығынан күліп көзге түскен жері жоқ. Ақбоз атты ауыздықпен ойнатып, алға ұмтылыс жасау да кейіпкеріміздің қолынан келмейтін іс. 

Себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі саяси элитаның ішінде ауылға деген  сағыныштан жүрегі езілмейтін, табанын тікенекке тілдірмей, қозы өргізіп, құйрық маймен емделмей, ұшықталмай өскен шоғырдай топтың шоң өкілі. Өмірбаянына қысқаша көз жүгіртсек, қала баласы әкесі мен шешесінің жолын ұштастыра қуған. Шешесі шет тілдері маманы болғандықтан шығар мектепті бітіре салып, өзге тілді білуге ден қойыпты. Сол кездегі ауқатты, білімді отбасыларының балалары секілді көштен қалмай, Мәскеуді бетке алған. Еңбек жолын елшіліктен бастаған. Қызметтік өрлеу жағынан ҚазССР Жоғары Кеңесінің аппаратында еңбек сіңірген әкесі Кемелден кем түспеген. Жазушылық қырынан да Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің жолын жалғастырған. Әкесі Кемел туралы жазған кітабын есепке алмасақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы күнге дейін жарық көрген еңбектерінің басты кейіпкері тек  Нұрсұлтан Назарбаев. Әлде кімдердің көңіліне келсе де турасын айтайық, Нұрсұлтан Назарбаевтың келбетін тарихи оқиғалардың желісімен түсіндіріп, көрсете білген жалғыз адам болса, ол -- жазушы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бәлкім, бірнеше тілді жетік меңгере тұра қазақ оқырманына аудармамен жеткен жазушының мұндай шеберлікке қол жеткізуі ішкі саясаттағы қалтарысы мол жасырын ағыстарды әдемі айнала өтіп, сырттағы терең мұхитта кеңінен құлаштай алғандығында болса керек. Тіл демекші, топқа түсіп, шешендігімен қазақи ортаны өзіне қарату жағынан да бүгінгі басты кейіпкеріміз саясаттан аулақ кеткен Болат Әбілевпен әл салыстыра алмайды. Сонда, көпшілік үшін харизмасымен, қол бастайтындай қайсарлығымен  көрінбеген Қасым-Жомарт Кемелұлын не себепті екінші елбасы ретінде көретіндер бар? Осы тұста айта кететін бір мәселе, қаншама болжамдар, жобалар айтылғанымен Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президент болғысы келмейтінін ашып айтқан емес. 

Яғни,  кейіпкеріміз өзінің мүмкіндігі мен қазіргі қалыптасқан жағдайды алыстан арбап, жақыннан талдап, жете түсініп те тұрған секілді. Сонымен, Қасым –Жомарт Кемелұлын болашақ президент ретінде көргісі келетіндер ең алдымен оның сырт көргендігін көзір ретінде айтады. Әрине, бұған келіспеске лаж жоқ. Алыс-жақын шет елдің ішкі-сыртқы тынысын Қазақстанда толық білетін бір адам осы Қасым-Жомарт Тоқаев. Тіпті, күллі түркі халықтары арасынан тұңғыш болып Біріккен Ұлттар Ұйымында Бас хатшының орынбасары қызметін атқарды. Беделі мен маңызын қарапайым жұрт түсіне бермейтін бұл қызмет кейіпкеріміздің саясаттағы салмағын арттыра түскені анық. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президент болса, онда шетелдік басшылармен және алып мемлекеттермен Қазақстанның тұрақты қарым-қатынасын сақтап қалудың ықтималдығы басым. Оның үстіне сан жылдан бері сарай ішінде сары майдай сақталып қалған түрлі мәселенің ауыспалы шақта халықаралық дастарханда көзге түрткі болмасына өзгелерден гөрі Қасым-Жомарт Тоқаев кепілдік бере алады. Кейбір басылымдар бүгінгі кейіпкерімізді «ресейшіл» деп бағалап та жүр. Бұл әрине көршімізге күйеу балалығына қарап айтылмаса керек-ті. Қаншалықты қайын жұртшылдығын да Қасым-Жомарт Кемелұлы ашық байқата қойған жоқ. Дегенмен, Ресейді жақын тартатын іштегі электораттың оған бүйрегі бұратыны айтпаса да түсінкіті. Яғни, алыс-жақындағы ықпалында қалған жалғыз Қазақстаннан айырылғысы келмейтін Ресейдің басқарушы элитасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып келуі өте тиімді. Мұны бір көзір деп қоялық. Қ. Тоқаевтың тұлғасын таразыға салғанда оның пайдасына ойнайтын және бір мәселе бар. Ол оның іштегі қаржылық, кландық алпауыттардан алыстығы. 

Ішкі саясатта Қ.Тоқаевтың аузы күйген бір мәселесі Рахат Әлившілердің күшейіп келе жатқан қарқынына ең алғашқы рет 2001 жылдары қарсы тұрғысы келген жас түркілерді «киндер сюрпризге» теңеуінде. Бірақ, әділдік үшін айта кетейік, кейіннен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің кісі қолынан қаза табуын шенді-шенеуніктер арасында бірінші болып Қ.Тоқаев бұл қазаның саяси тапсырыспен жасалғанын мәлімдеді. Араға жеті жыл салып барып, оның сөзінің растығы және дәлелденді. 2006-2007 жылдардағы саяси дағдарыстың ауқымын еске алсақ, Қ. Тоқаев сол кездерде ел аузындағы әңгімені терістей түсіп, әлде бір күйеу балалардың жетегінде жүрген шала еместігін көрсеткендей. Оның үстіне қайсыбір жылдары біздегі лауазымы биік шенді-шенеуніктердің дауыстарына өте ұқсас, мағынасы ішікі тартысты, бірін бірі күндеп, күстеу, кіжінеуді сипаттайтын, жасырын жазылғанған таспаға ұқсайтын телефон диалогтары интернет бетінде саңырауқұлақтай қаптап кеткен кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың еш жерінде үні шыққан жоқ. Кейбір сайттар ашық айтпаса да, Кеңес одағы кезінде кейіпкеріміздің елшілік қызмет қана емес, тыңшылықты  қоса және анау мынау емес өте жоғары дәрежеде кәсіби түрде атқарған дегенді емеуірінтіп жазып жүр. Бірақ, біздің ойымызша, жаңағындай жазғыштардыкі рас болса да, ішкі топтар тартысының ортасында көрінбеуі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тыңшылықтан жинаған сауысқандай сақтығы болмаса керек. 

Қайта, ертегілердегі қотыр тайдай жылқы ішінен бөлектеніп жайылып жүрген жеке қасиет қана болса қажет.  Яғни, осындай кландық, топтық одақтың қанжығасына терең түсе қоймаған, әлде кімдердің аяғын басып үлгермеген, бәріне біредей бір үміт жағып тұрған  Қ. Тоқаевты  биліктің айналасындағы акционерлік алпауыттар шын мәнінде мойындай ма? Біздіңше, ең күрделі мәселе осы. Себебі, біріншіден Қ.Тоқаевтың қолында бұқаралық ақпарат құралы жоқ. Соның әсерінен халықты ығына қаратуы күмәнді. Екіншіден, кілем астындағы ойындарды реттеуге қажетті қыруар қаржымен қамтамасыз ететіндей Тимур Құлыбаев секілді миллиардер күйеу баласы да жоқ. Рас, отызға енді толған бел баласы да осал емес. Бірақ, баспасөздегі деректерге сенсек, ұлының кәсіпкерлікте жүріп жинаған миллиарды әзірге теңге түрінде ғана. Үшіншіден, Қ. Тоқаевтың  іштегі шаруаға икемсіздігі. Яғни, сөздің шыны керек, кейіпкеріміз Қазақстанда Астана мен Алматыдан өзге қалада тұрып көрмеген. Әкім болу, аймақты зерттей түсіну мектебінен өтпеген.  Қарапайым жұмысшыға мақтанарлықтай болат қорыту пешінің қасында қалайы қасықты ақ саусағына да тигізбеген. Мұнайға да қолын шайып, бетін жуып көрген емес. 

Ол премьер-министр болған тұста бюджетке қазіргідей шаш етектен шашылып қаржы түспегені белгілі. Бірақ, сонда да Қ.Тоқаев өзінің дағдарысты реттеуші менеджер екенін сол кезде дәлелдей алмады. Яғни, олигарх топтар мен биліктің айналасы «келесі президент Қ. Тоқаев болсын» деп шешесе, онда бірден «ішкі шаруаны реттейтін екінші адам кім болады?» деген сұрақ туындайды. Ал, осы күнге дейін қай іске болсын икемді екенін сан мәрте көрсеткен Иманғали Тасмағамбетов немесе Өмірзақ Шөкеевтер Қасым-Жомарт Тоқаевтың артынан Нұрсұлтан Назарбаевқа ергендей көз жұмып ілесе қоя ма? 

Айтпақшы, заң бойынша, президенттік таққа таласушы соңғы бес жылда міндетті түрде елде тұруы тиіс. Оның үстіне қыр астында бүгін- ертең өтетін сайлаудың сиқы әзірге байқалмайды. Бұл жағын ойласақ, елге былтыр ғана оралған Қасым-Жомарт Тоқаевта көпшіліктің алдында ыссылуына кәдімгідей уақыты бар. Қалай десек те, алпыс бір жастағы бүгінгі Сенат төрағасы  Ақордадағы алтын таққа өзгелермен салыстырғанда дәл қазіргі сәтте қарға адым жақын отыр. Бірақ, кейіпкеріміздің өзі сол орынға қарғып бару –бармасын өз шешімінен, жігерінен, мақсатынан емес, іштегі сырттағы өзгелердің ортақ келісімінен іздей күтіп отырған секілді. Әккі дипломат үшін бұл қарғадан ірімшік күткен түлкі тірлік пе,  әлде «алма піс, ауызыма түс» деген амал ма  бұл жағын біз айта алмаймыз. Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!

"Ойнеттің" мұрағатынан

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: