Төле биде төрт бірдей медициналық мекеме ашылды

Screenshot_33.jpg

Бүгін, яғни 22 қараша күні 80 жылдығын арқа-жарқа атап өткелі отырған Төле би ауданы осы мерейтойды тамаша тарту-таралғымен қарсы алып отыр. Биліктің ыстық-суығына  әбден піскен, талай баспалдақтардан өту арқылы мол тәжірибе жинақтаған аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбековтің іскерлігі қарым-қабілеті нәтижесінде Төле би өңірін төрге оздырған тірлік көп. Аудандағы атқарылған ауқымды тірліктердің басқаларын айтпағанның өзінде өткен аптадағы жұмада, яғни бір күнде төрт бірдей жаңа медициналық мекеме мен бір балабақшаның пайдалануға беріліп жұртшылықты қуантуы осының айғағы. Атап айтқанда Зертас елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Ұйымшыл ауылында медпункт,ал Мәдени мен Шахта-Тоғыс ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттің ел игілігіне ұсынылуы ерекше жаңалық болды. Бұған Шахта-Тоғыстағы балаларды шаттандырған «Бағлан» бала бақшасының ашылуын қосыңыз. Қаншама адам жұмыспен қамтылып отбасын асырайтын нәпақа табуға көшкені тағы бар.  

Бір күнде төрт бірдей жаңа медициналық мекеме іске  кіріскен  Төле би ауданының денсаулық саласының көрсеткіші жақсы, көңіл марқайтарлық жетістіктер бар. Соңғы жылдары ауданда  бірнеше жаңа медициналық ғимараттар пайдалануға берілді. 2010 жылы «Достық», «Ақжар» дәрігерлік амбулаториясының, «Қайнар», «Жаңатұрмыс» медпункттерінің және «Майбұлақ» фельдшерлік-акушерлік пунктінің ғимаратттары салынып, елдің игілігіне берілсе, былтыр Кемеқалған ауылдық округі Ақбастау елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы (жалпы құны 24649,0 мың тенге), Қоғалы ауылдық округі Ұзынарық елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы (жалпы құны 24649,0 мың теңге) және Қазақстан елді мекенінде 4 топтық жедел жәрдем стансасының құрылысы (жалпы құны 94471,0 мың теңге) аяқталып, іске қосылды.

Медицина қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға ай сайын 10 мың теңге көлемінде тұрғын үй жалақысы төленуде. Қазіргі таңда Төле би аудандық емханасы бойынша 28 жас маманға осындай жағдай жасалуда. Сонымен қатар, әр жас маманға 100 мың теңге көлемінде көтерме және 3 тонна көмір құнының 50 пайызы төленеді. 

    Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, негізгі әлеуметтік мәні бар аурулар мен жарақаттарды диагностикалауды, емдеуді және оңалтуды жетілдіру.

Төлеби аудандық емханасының бас дәрігері С.Әбуовтың берген мәліметі бойынша 2012 жылы ауданда профилактикалық тексеруге 89366 адам жоспарланып, өткен 8 айда оның 74,9 пайызы тексеруден өткен. Осы тексерулер кезінде 7307 ауру анықталып, 4332 науқас диспансерлік есепке алынған. Оның 3128-і сауықтырылған.

Ауданда туберкулез ауруы бойынша 2011 жылдың 8 айында 100.000 халыққа шаққандағы көрсеткіш –48,4-ті құраса, 2012 жылдың 8 айында ол –48,1-ді құрады. Ал, сары аурудың А түрі 2012 жылдың 8 айында тіркелмеген. Себебі – соңғы жылдары ауруды алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, егу жұмыстары жүргізілуде.

Ауруды мейілінше ерте бастан анықтау үшін бастапқы медициналық ұйымдарға да ерекше назар аударылуда. Осындай медициналық мекемелердің бірі «Қазығұрт» дәрігерлік амбулаториялық орталығы. Орталыққа «Елтай», «Маятас-1», «Маятас-2», «Жылан бұзған» медициналық пунктері қарайды. Барлық медициналық пунктерде қызметкерлер саны жаңа реформаға байланысты штаттық кестеге сай толықтырылған. Барлығында жоғары санатты фельдшер, акушерлер қызмет атқарады.

«Қазығұрт» орталығы бойынша – 9 дәрігер қызмет көрсетеді. Оның ішінде 2012 жылда барлығы 6 дәрігер біліктілігін жетілдірді.  Орталықтың медициналық қызметкерлерімен 2012 жылдың екінші жарты жылдығында емдеу – профилактикалық жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде амбулатория арқылы - 25290 адам тексеруден өткен. Ауруы анықталған науқастар диспансерлік есепке алынып, комплекстік тексерілуден өткізілді.

Орталықтың аға дәрігері Серік Бегасыловтың айтуынша, Денсаулық сақтау министірінің №786 бұйрығымен бекітілген «Белгілі бір ауруларды және мамандандырылған емдік өнімдерімен амбулаториялық деңгейге тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде халыққа тегін және жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесі» бойынша 2825682,4 теңгенің дәрі – дәрмектері жоспарланған, оның 2856351,10 теңгесінің дәрісі орталыққа келіп түскен. Наурыз айынан бастап дәрілер диспансерлік есепте тұрғандарға беріле бастаған. Жоспар бойынша биыл әскерге шақырылушылардың 128 ер баласы түгелімен медициналық тексерілуден өтті. Ай сайын жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, темекінің зияндығы жөнінде, араққұмар, нашақорлықтың зияндығы жөнінде әңгіме, лекция жұмыстары жүргізілуде.

Орталықтағы тағы бір жаңалық, ақпан айынан бастап жедел жәрдем бөлімі жұмыс істей бастаған. Онда 4 жоғары санатты фельдшер қызмет істейді. Осы уақытқа дейін барлығы – 2609 жедел жәрдем көмегі көрсетілген.          

                            Дерек пен дәйек

Төле би ауданында халыққа медициналық қызмет көрсететін 15 емдеу-сауықтыру мекемесі, оның ішінде аудандық емхана, қалалық емхана, аудандық аурухана, қалалық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, тубдиспансер және 51 медициналық пункт бар. 

Аудандағы медициналық мекемелерде 246 дәрігер, 866 орта буынды қызметкер жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтамасыз ету көрсеткіші—18,9-ды, орта буынды қызметкермен қамтылу көрсеткіші 66,5-ті құрайды. Дәрігерлердің 61,2 пайызының санаты бар. 

 Ауданда балалар хирург-дәрігері, балалар невропатолог-дәрігері, балалар кардиолог-дәрігері, эндокринолог, кардиолог, ревматолог, травматолог, уролог, окулист, отоларинголог, психиатр, нарколог мамандары консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Сонымен қатар ЭФГДС, рентгендиагностика, УЗИ кардиософт аппараты, тримедил, СМАД-аппараттар, УЗИ зерттеу - жүкті әйелдерге, нейросонография , жанбас қуыс УЗИ зерттеу сияқты диагностикалық тексерулер жүргізіледі. 

Мұрағаттан: 22.11.2012



Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: