Түркістанда коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен адам туралы ақпарат тарауда

Oinet.kz 27-01-2020 1497

Соңғы күндері WhatsApp мессенджерінде Түркістан қаласында коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен адам туралы ақпарат тарап жатыр. Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті (ТКҚСҚБД) бұл ақпараттың жалған екенін мəлімдеді.

Түркістан облысында коронавирусты инфекция жұқтыру оқиғасы тіркелмеген

"WhatsApp мессенджерінде таралып жатқан "Түркістанда бір адам коронавирус жұқтырғаны туралы" ақпарат жалған екенін мəлімдейміз. Түркістан облысында коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелмеді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты", - деп хабарлады Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Жанат Күздікбаева.

Оның айтуынша, 23 қаңтар күні Түркістан облысы ТКҚСҚБД жəне Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері бірігіп, облыс көлеміндегі теміржол жəне автокөлік бекеттерінде коронавирусты 
инфекцияның алдын алу бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген. Осы оқу-жаттығу барысында түсіріліп, таратылған фотовидеоларды шын оқиға деп қабылдап қалған азаматтар болыпты.

"Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының ұйымдастыруымен аудандар мен қалаларда құзырлы органдар жəне мекемелермен бірлесе отырып Қытай Халық Республикасынан басқа елдерге тарап жатқан коронавирусты инфекцияның (2019-nCoV) алдын-алу жəне эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мəселелері бойынша оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Атқарылған іс-шара жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен көрсетілді", - деді Жанат Күздікбаева.

Оның сөзінше, жұқпалы дерттің белгілері тұмауға ұқсас: бас ауырады, дене қызуы көтеріледі, əлсіреп, тыныс алу нашарлайды. Асқынған жағдайда пневмония мен бүйрек жетіспеушілігінен өлім-жітімге дейін əкелуі мүмкін. Тұмауратудың осындай белгілері анықталса, өз бетінше емделмей, бірден дəрігер көмегіне жүгінген абзал.

Көпшілік жиналған орындар жəне ауру симптомдары бар науқастар, жануарлармен қарым-қатынасты шектеп, жеке бас гигиена ережелерін сақтаңыздар. Қолды жиі сабынмен жуып, керекті жағдайда медициналық бетперде қолдану керек,-дейді Жанат Күздікбаева.

Жәнібек Нұрыш

Алматылық көлік жүргізуші "Голос" шоуының қатысушысы атанды
Ақтөбеде журналистер отырған микроавтобус жол апатына ұшырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу