Түркістан облысында бес ауылдық округтың әкімдерін сайлау өтті

Oinet.kz 06-05-2024 150

Screenshot_4.jpg

Түркістан облысында үстіміздегі жылдың 5 мамырында – бір күнде бес ауылдық округтің әкімдері сайланды. Осы күні сайлауға белсене қатысқан бес ауылдық округтің тұрғындары өз таңдауларын жасады.

Атап айтқанда, олар – Бәйдібек ауданында Ағыбет, Бөген ауылдық округтерінің әкімдерін, Төлеби ауданында Қаратөбе ауылдық округі әкімін, Жетісай ауданында Атамекен ауылдық округі әкімін, Отырар ауданында Шілік ауылдық округінің әкімін дауыс беру тәртібімен сайлады.

Тарқатып айтсақ, Бәйдібек ауданындағы Ағыбет ауылдық округі әкімінің сайлауында тізімге енгізілген сайлаушылар саны 1301 адамды құрады. Осы сайлауға қатысуға, қалаған кандитадытан дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 849-ы дауыс беруге қатысты. Бұл жалпы сайлаушылардың 65,3 пайызын құрайды. Ал, Ағыбет ауылдық округі әкімінің сайлауынна екі адамның кандидатурасы ұсынылған: Ербол Асылбайұлы Айнебеков пен Ердана Шаймырзаұлы Күздеубаев.

Ағыбет ауылдық округі әкімі болудан үміткер Ербол Асылбайұлы Айнебековке 63 тұрғын дауыс берді. Бұл пайыздық көрсеткішке шаққанда жалпы сайлаушылардың 7,8 пайызын құрайды. Ал, Ердана Шаймырзаұлы Күздеубаевқа 744 адам дауыс берді. Бұл сайлаушылардың 92,2 пайызын құрайды.

Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен, сайлау қорытындысы бойынша айқын басымдықпен Ердана Шаймырзаұлы Күздеубаев сайлауда жеңіске жетті. Осылайша дауыс беру нәтижесі бойынша «Amanat» партиясы ұсынған, 1987 жылы туған,  Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылдық округі әкімінің аппартының бас маманы, салық испекторы Ердана Шаймырзаұлы Күздеубаев Ағыбет ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

Ал, Бәйдібек ауданындағы Бөген ауылдық округі әкімінің сайлауында тізімге енгізілген сайлаушылар саны 2848 адамды құрайды. Сол дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 2002-сі өз кандидаттарына дауыс беріп, таңдауларын жасады. Бөген ауылдық округі әкімінің сайлауында дауыс беруге қатысқандарды пайыздық есепке шаққанда, олар жалпы сайлаушылардың 70,3 пайызын құрады.

Бөген ауылдық округі әкімінің сайлауынна екі адамның кандидатурасы ұсынылған: Қанат Тәттібекұлы Қонысбеков пен Ердос Исембекұлы Құрманбеков. Сайлау қорытындысында сайлау учаскесіне келіп, белсенділік танытқан, ауылының болашағына бей-жай қарай алмайтындығын аңғартқан, өз таңдауын жасаған 2002 адамның 1779-ы Қанат Тәттібекұлы Қонысбековке дауыс берді. Бұл жалпы сайлаушыладың 91,3 пайызын құрайды. Ал, оның бәсекелесі Ердос Исембекұлы Құрманбеков 169 дауысқа ие болды. Пайыздық көрсеткішпен есептегенде екінші кандидаттың, аз дауыс алып жеңілген үміткердің сайлаудағы үлесі 8,7 пайызды құрады.

Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен, сайлау қорытындысында дауыс беру нәтижесі бойынша «Amanat» партиясы ұсынған, 1979 жылы туған, бүгінге дейін Бәйдібек ауданында Бөген ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Қанат Тәттібекұлы Қонысбеков Бөген ауылдық округінің әкімі болып сайланды.

Ал, Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінде өткен әкім сайлауының нәтижелеріне сәйкес аудандық Төлеби сайлау комиссиясының шешімімен дауыс беру нәтижелерімен сайлау қорытындысында Қаратөбе ауылдық округінің әкімі болып Асабай Бекжігітұлы Балтабаев сайланды. Осыған орай, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Жорабек Жолдасбеков пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерхасен Тілеубердиев Қаратөбе ауылдық округ әкімдігінің активіне жаңа әкім Асабай Бекжігітұлы Балтабаевты таныстырып, куәлік табыс етіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Асабай Бекжігітұлы Балтабаев 1974 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы – экономика және менеджменттік басқару. Еңбек жолында 2008-2009 жылдары Қаратөбе почта байланыс бөлімшесінің басшысы қызметтерін атқарған. 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Қаратөбе ауылдық округі әкімінің аппаратының жетекші, бас маман қызметтерін атқарып келді.

Сонымен қатар, 5 мамырда Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округінің әкімін сайлау өтті. Атамекен ауылдық округінің әкіміне үміткер екі кандидат – Нұргали Айнабекұлы Байназаров пен Нұрболат Қылышбекұлы Қасымбеков сайлауда бақтарын сынады.

Жетісай аудандық сайлау комиссиясы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округі әкімдерінің сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық сайлау комиссияларының қорытындыларын белгіледі:

Атамекен ауылдық округі бойынша, сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 5098 азамат енгізілді. Оның 3212-сі сайлау учаскесіне келіп, қалаған кандидаттарына дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Бірақ, сайлау бюллетеньдерін санау барысында 9 бюллетеньі жарамсыз болып шықты. Оларды Жетісай аудандық сайлау комиссиясы жарамысз деп таныды. Сонымен қатар, екі кандидатқа да дауыс бермеген, қарсылығын білдірген адамдар да табылды. Бюллетень санау барысында «барлығына қарсы» жолағына белгі қойған сондай 4 бюллетень кездесті. Осылайша 3212 сайлаушының 3199-ының әр кандидат үшін берілген дауыстар есепке алынды. Олардың 2473-і Нұргали Айнабекұлы Байназаровқа сенім артып, дауысын беріп, таңдауларын жасаған болса, 726 адам Нұрболат Қылышбекұлы Қасымбековті қолдап дауыс бергені анықталды.

Жетісай аудандық сайлау комиссиясының шешімімен сайлау қорытындысында дауыс беру нәтижесі бойынша Атамекен ауылдық округі әкімі болып, 1973 жылы туған, Шымкент қаласының тұрғыны, бүгінге дейін Ордабасы ауданының Бадам  ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарған, өзін-өзі ұсынған Нұргали Айнабекұлы Байназаров сайланды.

Ал, Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, Отырар ауданындағы Шілік ауылдық округі әкімінің сайлауында тізімге енгізілген сайлаушылар саны 1413 адамды құрайды. Сол сайлаушылар тізіміне енгізілген, дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 826-сы өз кандидаттарына дауыс беріп, таңдауларын жасады.

Шілік ауылдық округі әкімінің сайлауына екі адамның кандидатурасы ұсынылған: Берік Жақсыбекұлы Орынбасаров пен Руслан Төленбайұлы Рахимов.

Туған ауылының болашағына бей-жай қарай алмайтындығын аңғартқан, өздері тіршілік ететін жерінде сайлау учаскесіне келіп, белсенділік танытқан 825 адам өз таңдауларын жасады. Бір азамат үй-жайдан тыс жерде дауыс беріп қатысты. Сайлаушылардың 754-і Берік Жақсыбекұлы Орынбасаровқа сенім атып, дауысын берді. Ал, оның бәсекелесі Руслан Төленбайұлы Рахимов 65 сайлаушының дауысына ие болды. Екі тұрғын Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясына тіркеліп, Шілік ауылдық округі әкімінің сайлауына ұсынылған кандидаттардың ешбірін қолдамаған, олар сайлау бюллетеньдеріндегі «барлығына қарсы» жолағына белгі қойып, өз таңдауларын жасады.

Сайлау қорытындысында Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен, берілген сайлаушылардың дауыстарын санау нәтижесі бойынша бүгінгі күнге дейін Отырар ауданының Шілік ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінде бас маман болып қызмет атқарып келген Жаңа Шілік ауылының тұрғыны Шілік ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 

 


Ақтөбе облысының бұрынғы әкім 3 жасар қызды зорлады деген күдікке ілінді
«Келінімнің бір айыбы - оқымай қалған»: Қызылордалық азамат сау әйелін ауру деген туыстарына наразы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу