Әдебиет арқылы әлемді жақындастырған байқау

Oinet.kz 07-04-2026

2026 жылғы 7 сәуірде «Әдебиет әлемді біріктіреді» атты халықаралық поэзия және проза оқу байқауының алғашқы кезеңі ресми түрде басталды. Бұл ауқымды шығармашылық жоба әдебиет арқылы халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, көркем сөз өнерін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Screenshot_5.jpg

Байқаудың ұйымдастырушысы – Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана. Аталған мекеме бұл бастама арқылы әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттауға және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жүйелі түрде үлес қосып келеді.

Биылғы байқауға деген қызығушылық ерекше жоғары болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, алғашқы кезең басталғанға дейін 500-ден астам қатысушыдан өтінім қабылданған. Бұл көрсеткіш байқаудың тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де кең сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қатысушылар қатарында шетелдік үміткерлердің болуы жобаның маңызын одан әрі арттыра түсуде.

Байқау қатысушылары өз елдерінің танымал авторларының прозалық шығармаларынан үзінділерді немесе поэзиялық туындыларын ана тілінде мәнерлеп оқиды. Бұл — әр халықтың рухани мұрасын сақтап қана қоймай, оны халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени платформа.

Осы ретте, А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың директоры Гүлмира Қалыбайқызы Жанысбекова байқаудың маңызына тоқталып өтті:

— «Бүгінгі таңда әдебиет – тек өнер ғана емес, халықтар арасындағы рухани байланысты қалыптастыратын маңызды құрал. “Әдебиет әлемді біріктіреді” байқауы – осы бағыттағы іргелі жобалардың бірі. Біз бұл бастама арқылы жас ұрпақтың кітапқа, көркем сөзге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, әртүрлі мәдениеттерді өзара жақындастыруды көздеп отырмыз. Қатысушылардың көптігі мен географиясының кеңдігі бұл жобаның өзектілігін айқын дәлелдейді», — деді ол.

Жобаға мектеп оқушылары, колледж студенттері, сондай-ақ әдебиетке қызығушылық танытқан барлық ниет білдірушілер қатысуда. Бұл байқау жас буынның шығармашылық қабілетін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Байқау екі кезеңнен тұрады. 7–9 сәуір аралығында өтетін алғашқы кезеңде үздік өнер көрсеткен қатысушылар келесі кезеңге жолдама алады. Ал 28 сәуірде өтетін екінші кезеңде қатысушылар бір шығарманы жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының бағасына ұсынылады. Жеңімпаздар мен лауреаттар 13 мамыр күні өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде анықталады.

Қатысушылардың өнері мәтінді меңгеру деңгейі, көркемдік жеткізу, дауыс ырғағы мен дикция, сахналық мәдениет және жалпы әсер бойынша бағаланады. Бұл талаптар орындаушылардың кәсіби деңгейін қалыптастыруға бағытталған.

Screenshot_8.jpg

Screenshot_6.jpg

Байқаудың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы жұмыс істеуде. Атап айтқанда, ұйымдастырушы-педагог Салтанат Егенбергенқызы Қалмурзаева, «Көркем оқу» үйірмесінің жетекшісі Раушан Бейсенбайқызы Жұманова, педагогика ғылымдарының кандидаты, полиглот Қалия Құралбайқызы Қиясова, эстетикалық пәндер әдіскері Тойаш Балтақарақызы Оразова және зерттеуші-ұстаз Наталья Михайловна Кнышева қатысушылардың өнерін сараптайды  .

Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, ақын, Америка Авторлар гильдиясының мүшесі Сүндет Сейітов жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды:

— «Әдебиет – ұлттарды жақындастыратын ең қуатты рухани көпір. Бұл байқау арқылы біз тек көркем сөзді дәріптеп қана қоймай, әр халықтың жан дүниесін, мәдени болмысын таныстыруға мүмкіндік беріп отырмыз. 500-ден астам қатысушының өтінім беруі — әдебиетке деген шынайы қызығушылықтың белгісі. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, үлкен халықаралық әдеби қозғалысқа айналады деп сенемін», — деді ол.

Аталған байқау – тек өнер сайысы ғана емес, мәдениеттер диалогының алаңы. Әртүрлі елдердің қатысушылары бір сахнада бас қосып, өз халқының әдебиетін таныстыра отырып, ортақ рухани құндылықтарды дәріптейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасып, халықаралық әдеби байланысты нығайтуға, жаңа есімдерді танытуға және көркем сөз өнерінің дамуына серпін беретін болады.

Қазақстанда жанармай бағасына мораторий аяқталды. Енді бензин қымбаттайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу