Құрылтай депутаты қандай жағдайда мандатынан айырылады?
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Құрылтай депутаттарын мандаттан айыруға негіз болатын жағдайлар айтылды деп хабарлайды Оinet.kz тілшісі.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша Құрылтай депутатының Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі, өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы депутаттық мандаттан айыруға негіз бола алады. Сонымен қатар, депутатты партиялық тізім арқылы сайлаған саяси партиядан шығуы немесе шығарылуы, сондай-ақ сол партияның қызметі тоқтатылған жағдайда да мандаттан айыру нормасын енгізу ұсынылып отыр.
Сенатордың мәлімдеуінше, депутаттарды ерекше құқықтарынан айыру және оларға қатысты тәртіптік шаралар қолдану құзыреті бұрынғыдай Орталық сайлау комиссиясының қолында қалады.
– Депутаттық этика талаптарын сақтау, өкілеттіктен және депутаттық тиіспеушіліктен айыру мәселелерін қарау Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде қалуы тиіс деген норма өзгеріссіз сақталады, – деді Нұрлан Бекназаров.
Сондай-ақ ол ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, конституциялық заңдарды қабылдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, аталған нормалардың барлығы әзірге ұсыныс деңгейінде. Қандай өзгерістердің қабылданып, қайсысының Ата заңға енбейтіні референдум нәтижесінде белгілі болады.


