Иранның Қазақстандағы елшісі: Қазақстан қолдау хатын жолдамады

Oinet.kz 02-03-2026

Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар қазіргі оқиғаларға байланысты Қазақстан тарапынан ресми қолдау жөнінде хабарлама келмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Астанада өткен брифингте сөз сөйлеген елші Қазақстанды «дос әрі бауырлас ел» деп атап өтті.

– Мүмкін, демалыс күндері болғандықтан, Қазақстан билігі хабарлама жіберуге мүмкіндік таппаған шығар, – деді ол.

Елші Парсы шығанағындағы мемлекеттер аумағындағы әскери нысандарға жасалған шабуылдарға да тоқталды. Оның айтуынша, әскери әрекеттер басталар алдында Иран ресми түрде ескерту жасаған.

Парсы шығанағындағы база АҚШ-қа тиесілі. Сондықтан олар шабуыл нысанасына айналды. Кейбір араб елдері Иранның осы базаларға соққы жасағанына наразылық білдіруде. Алайда шабуыл дәл осы базалардан басталғандықтан, Тегеран қорғаныс мақсатында жауап беруге мәжбүр болды, – деді дипломат.

Оның сөзінше, қақтығыс салдарынан көптеген адам қаза тапқан. Соның ішінде мектепке жасалған шабуыл кезінде 160 баланың мерт болғаны айтылды. Иран аумағындағы азаматтық нысандар да зақымданған.

Брифинг барысында елші АҚШ президентінің кеңесшілерін сынға алды.

Мен Трамптың кеңесшілері ақымақ екеніне сенімдімін. Соғысты бастатуға мәжбүр еткендерді айтып отырмын. Иран Қауіпсіздік кеңесінің хатшысының сөздеріне сүйенсек, Тегеран әзірге АҚШ-пен келіссөз жүргізуге ниетті емес. Бірақ соғыс шексіз жалғаса алмайды. Халықаралық ұйымдардың әрекеттерін бақылау қажет, – деді ол.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасаған. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыстағы АҚШ базалары мен Израиль аумағына зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы жетекшісі Али Хаменеи де мерт болғаны хабарланды. Оның резиденциясы қиратылған.

Шиеленіске байланысты Таяу Шығыс елдерінен бірқатар әуе рейстері уақытша тоқтатылды.

Назарбаевтың інісіне тиесілі болған зәулім ғимарат сатылмақ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу