Рамзан Қадыровтың ұлы тағы да марапат алды

Oinet.kz 20-04-2026

Шешен Республикасы басшысының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Адам Қадыров Ахмат Қадыров атындағы «Север» арнайы моторландырылған полкінің 20 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды. 

image.png

РИА Новости басылымының жазуынша марапат Грозный қаласында өткен арнайы полктің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара барысында табысталған. БАҚ мәліметінше, бұл марапат Адам Қадыровқа аймақ басшысының әкесінің еңбегін еске алу және оны құрметтеу белгісі ретінде берілген.

2023 жылдың қарашасында Адам Қадыров небәрі 15 жасында, әкесінің қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметіне тағайындалған. Кейін ол аймақтағы ең жас қауіпсіздік құрылымы жетекшілерінің бірі ретінде Ресей рекордтар кітабына енгізілді.

2025 жылдың сәуір айының басында Адам Қадыров Ресей Ішкі істер министрлігінің Шешенстан бойынша басқармасының кураторы болып бекітілді. Одан кейін ол тағы бір жоғары лауазымға ие болып, республика Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды.

18 жасқа толғанға дейін ол бірқатар жоғары марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Шешенстанның ең жоғары марапаты – Қадыров ордені, «Шешенстан Батыры» медалі, Қарашай-Шеркесия мен Кабардино-Балкария алдындағы еңбегі үшін берілген ордендер, Татарстанның маңызы бойынша екінші дәрежелі «Дуслык» ордені, сондай-ақ «Шешен Республикасының қорғаушысы» медалі және басқа да наградалар бар. Сонымен қатар, оған Грозный қаласының құрметті азаматы атағы берілген.

2025 жылдың соңында Адам Қадыров «Шешен Республикасының тұңғыш президенті Ахмат-Хаджи Қадыровты еске алу» медалімен де марапатталды.

Ресми деректерге сәйкес, Рамзан Қадыровтың 14 баласы бар, олардың жетеуі әлі кәмелет жасына толмаған. Ал ересек алты баласы мемлекеттік биліктің түрлі салаларында қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар, олардың жұбайлары да түрлі лауазымдарға ие.

Атап айтқанда, Рамзан Қадыровтың туған ұлдары да республикадағы маңызды қызметтерге тағайындалған. Ахмат Қадыров (19 жаста) спорт министрі қызметін атқарса, Адам Қадыров (17 жаста) – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. Ал Әли Қадыров (18 жаста) республиканың бокс федерациясының президенті болып бекітілген.

Қадыровтың күйеу баласы Адам Алханов денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады, ал оның жұбайы – Қадыровтың қызы Хадижат Қадырова Шешенстан әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінде. Тағы екі күйеубала да жоғары лауазымдарға ие: Рамзан Висмурадов жастар ісі жөніндегі министр болса, Висхан Мацуев вице-министр қызметін атқарады.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 80-нен астам туысы қазіргі уақытта түрлі жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленіп отыр.

Павлодарда қайтыс болған «пациенттер» дәрігерлердің қабылдауында болған
Шавкат Мирзиёев Орталық Азия наркологтарының қауымдастығын құруды ұсынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу