«Уа, хан ием!». А.Садырбайды прокурор 10 жылға соттауды сұрады

Oinet.kz 27-11-2026

654dd5d825bea445398922.jpg 

Алматы облысы Қонаев қалалық сотында қоғам белсендісі, «Шопан-ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының бұрынғы төрағасы Алмасбек Садырбайға мемлекеттік айыптаушы 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Онымен бірге тағы алты адам сот алдында жауап беріп жатыр. Оларға ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденді деген айып тағылған.

Ulysmedia.kz басылымының хабарлауынша, мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Садырбайды Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 10 жыл түрме жазасын тағайындауды сұранған. Атап айтқанда, оған аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру айыптары тағылған.

Алайда қорғаушы тарап мемлекеттік айыптаушының қорытынды сөзімен келіспейді. Адвокат Анара Құсайынованың айтуынша, сот тергеуі жеті айға созылған, ал қылмыстық іс материалдары жүздеген томды құрайды. Соған қарамастан, прокурор айыптау сөзінде Садырбай мен басқа да сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарға жеткілікті талдау жасамаған.

Қорғаушы сот процесінде бірқатар процессуалдық мәселелердің де болғанын алға тартады. Мәселен, адвокаттың мәліметінше, соттың үшінші отырысында прокурордың өтінішхаты бойынша журналистерге процесті фото және бейнетаспаға түсіруге тыйым салынған. Бұған дейін сот мұндай түсірілімге рұқсат берген екен.

Сонымен қатар қорғаушы мемлекеттік айыптаушының сотта жәбірленуші ретінде заңды тәртіппен танылмаған адамнан жауап алғанын мәлімдеді. Адвокат бұл мәселеге назар аударғаннан кейін прокурор әлгі адамның өзін жаңылыстырғанын айтып, оған қатысты жеке қаулы шығаруды сұраған.

Алмасбек Садырбай есімі Түркістан облысының жұртшылығына да жақсы таныс. Әсіресе, 2022 жылдың қазан айында облыс әкімдігі алдында болған оқиға елдің есінде. Сол кездегі ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, өңірдің бірқатар аудандарынан жиналған шаруалар мақта бағасына қатысты мәселелерді шешіп беруін сұрап, облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуге келген. Сол кезде «Шопан-ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев шаруаларға әкімді  алдарына шығару үшін тізерлеп отыруға кеңес берген. «Сіздерге әкім емес, хан келіпті. Ханнан не сұрасаң да, тізерлеп сұрауың керек. Сондықтан тізе бүгіп, сұраңыздар хандарыңыздардан. Ең болмаса, шықсын алдарыңызға», – деген.

Осыдан кейін елуге жуық шаруа әкімдік ғимаратының алдында тізерлеп отырып, қолдарын жайып, «Уа, хан ием!» деп айқайлаған. Бұл көрініс әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамда қызу талқыланған болатын.

Алмасбек Садырбайдың ұсталғаны 2024 жылдың қараша айында белгілі болды. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу дерегіне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2021–2024 жылдар аралығында бір топ адам ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға арналған мемлекеттік қолдауды заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған. Ол үшін жалған құжаттар пайдаланылып, кейбір шаруашылықтардың жері мен кадастрлық нөмірлері туралы жалған мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ кооператив басшыларының электрондық цифрлық қолтаңбалары өздерінің рұқсатынсыз қолданылғаны айтылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал 1,2 миллиард теңгеден асқан. Тергеу барысында осы қаражаттың заңсыз алынғаны туралы нұсқа ұсынылды.

Қылмыстық іс бойынша барлығы жеті адам сотталуда. Алмасбек Садырбай мен оның қорғаушылары тағылған айыптарды мойындамайды.

 


Тізімде Бектенов жоқ. Президент реформа жөніндегі комиссияның құрамын бекітті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу