Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

Oinet.kz 23-11-2026

 917360440_2165467811000991_8802979999105878448_n.jpg 

Алматы облысындағы Алатау қаласының соты  өткен аптада сотталған Кәрім Көкірекбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

 69 жастағы Кәрім Көкірекбаев — бұрынғы Жамбыл облысының әкімі, «Қазақстан темір жолының» бұрынғы топ-менеджері. 2022 жылғы 27 желтоқсанға дейін ол Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған. Козачковтың дерегінше, дәл сол күні оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер ұстаған. Ол мердігер — «Bazis Construction INFR» ЖШС-нің басшысы Андрей Поплавскийден пара алды деп күдіктелген. Іс бойынша оның орынбасары Әділет Ахатаев та өткен.Тергеу нұсқасына қарағанда, олигарх Александр Беловичтің компаниясының топ-менеджері ақшаны Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарындағы іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін берген. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланса, пара сомасы 396 миллион теңгені құраған.

 2024 жылдың жазында алқабилер соты алғашқы үкім шығарды: Поплавский мен Ахатаев кінәлі деп танылды, ал Көкірекбаев ақталды. Кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Бір жылдан кейін, 2025 жылдың шілдесінде сот екінші рет қарап, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін пара алғаны үшін, ал «Базис» еншілес компаниясының басшысын пара бергені үшін кінәлі деп тапты. Нәтижесінде Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Ахатаев пен Поплавский одан бір жылға аз жаза алды.

Козачковтың жазуынша, қамауда отырған кезде бұрынғы әкім жаңа құқық бұзушылық жасап үлгерген. Ол әйелімен телефонмен сөйлесуге көмектескені үшін және оны сот ғимаратына заңсыз кіргізгені үшін конвой қызметкеріне 20 мың теңге пара берген. Ол үшін оған 300 мың теңге айыппұл салынған.

Дереккөздің мәлімдеуінше, екі мәрте сотталған бұрынғы шенеунік енді денсаулығына байланысты бостандыққа шыққан. Бұл Қылмыстық кодекстің 75-бабында көзделген. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Әзірге Көкірекбаевтың бостандыққа шыққаны туралы  Алматы облыстық соты ешқандай мәлімет таратқан жоқ.


Даудан көз ашпаған полицей енді қызметін сақтап қала ма?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу