Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмыссыз қалғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері артады

Oinet.kz 19-11-2026

2027 жылдан бастап Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемді алу тәртібі өзгереді. Енді төлем мерзімі қысқарып, оның ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін жетеді. 

Screenshot_3.jpg

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін төлем тәртібіне енгізілетін өзгерістерді түсіндірді. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Төлем қалай есептеледі?

Жұмысынан айырылған азаматқа соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45 пайызы мөлшерінде ақша беріледі. Бірақ төлемнің ең жоғары сомасы жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспауы керек.

2027 жылы ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Осыған байланысты әлеуметтік төлемнің жоғарғы шегі айына 346 500 теңгеге жетеді.

Дегенмен бұл соманы әр азамат толық көлемде алады деген сөз емес. Нақты төлем көлемі әлеуметтік аударымдар жасалған табысқа және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.

Қанша уақыт төленеді?

Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік төлем алу мерзімі де өзгереді. Бұған дейін жұмыссыз қалған азаматтар оны алты айға дейін алса, 2027 жылдан бастап төлем ұзақтығы сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Мәселен:

әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін жасалса – 1 ай;

12 айдан 24 айға дейін болса – 2 ай;

24 ай және одан көп болса – 3 ай.

Бұдан бөлек, келесі әлеуметтік төлемді алу үшін алдыңғы төлем аяқталғаннан кейін кемінде 12 ай өтуі керек.

Жұмыссыз қалған адам алдымен не істеуі керек?

Әлеуметтік төлемді бірден рәсімдеу мүмкін емес. Алдымен азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, мансап орталығына жүгінуі қажет.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге ұзартылды. Осы уақытта мамандар азаматтың еңбек тәжірибесі мен дағдыларын зерттеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болса, жұмыс берушілермен сұхбаттасу ұйымдастырылады.

Егер осы уақыт ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Содан кейін әлеуметтік төлемге өтініш беруге болады.

Өтінішті eGov.kz, Enbek.kz порталдары, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе мансап орталығы мен ХҚКО-ға барып тапсыруға болады. SMS арқылы проактивті қызметті пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.

Кімдер төлем ала алады?

Бұл әлеуметтік қолдау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға арналған. Яғни жұмыс істеген кезеңде олардың табысынан әлеуметтік аударымдар жасалуы керек.

Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өтініш беретін азаматтарға қолданылады. Ал осы күнге дейін тағайындалған төлемдер бұрынғы талаптар бойынша белгіленген мерзім аяқталғанша жалғасады.

Министрлік бұл өзгерістердің мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтарға уақытша қаржылай қолдау көрсетумен қатар, олардың тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына көмектесу екенін атап өтті.

50 миллион теңге сұраған: Ер адам Астанада кәсіпкерге ақпараттық қысым көрсеткен
Әйелді өлтіріп, іздеуге өзі қатысқан: Теміртаудағы қылмысқа қатысты жаңа мәліметтер шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу