Прокурор Боқаевтың қорғаушылары нақты дәлелдерге қарсы уәж айта алмай отырғанын мәлімдеді
Санжар Боқаевтың ісі қаралып жатқан Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында мемлекеттік айыптаушы тарап қорғаушылардың төрағалық еткен судьяға кезекті рет қарсылық білдіру әрекетіне қатысты пікір білдірді. Прокурор бұл өтінішті негізсіз деп атап, адвокаттардың әрекетін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа процестік тәртіптен тыс қысым көрсету әрекеті ретінде бағалады.

Сот отырысында прокурор қорғаушылардың судьяға қарсылық білдіруді алғаш рет көтеріп отырмағанына назар аударды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, адвокаттар өз қорғауындағы тұлғаның мүддесін қорғауға дәлелді уәждер келтірудің орнына, судьяға жүйелі түрде қарсылық білдіру тактикасын таңдаған. Прокурор мұндай ұстаным қорғау тарапының әрбір сот отырысында ұсынылып жатқан дәлелдерге қарсы тұра алмай отырғанын көрсетеді деп есептейді.
Сонымен қатар прокурор сот процесінің айналасындағы ақпараттық белсенділікке де тоқталды. Бұл ретте, ол адвокаттардың ақпараттық ресурстар арқылы сотқа процестік тәртіптен тыс ықпал етуге, сондай-ақ БАҚ арқылы сот қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікір қалыптастыруға әрекет жасап отырғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптау тарапының ұстанымы бойынша, қорғаушылардың судьяға қайта-қайта қарсылық білдіруі олардың келтірілген дәлелдерге қарсы уәж айта алмауымен тікелей байланысты. Сотқа куәгер Ерлан Рамазановтың шақырылуы кезекті қарсылық білдіруге себеп болған.
Боқаевтың адвокаттары оның сотта жауап беруіне белсенді түрде қарсы шықты. Сот отырысының барысы мұның себебін аңғартқандай болды. Рамазанов «ҚазТрансГаз» компаниясы қаржыландырған автошеруге арналған деректі фильмнің тағдырын түсіндіруі тиіс болған. Атап айтқанда, фильмді түсіруге бөлінген миллиондаған қаражаттың қайда жұмсалғаны мәселесі көтерілген еді. Қорғаушылар фильмнің бар екенін алға тартқанымен, сотта оның шын мәнінде жоқ екені айтылды.
«Олар фильмді жасырып отыр ма, әлде жоғалтып алды ма? Фильм жоқ», – деді мемлекеттік айыптаушы тараптың өкілі. Ол іс материалдарында небәрі бес минуттық қысқа бейнероликтер ғана бар екенін атап өтті.
Артынша жауап берген Ерлан Рамазанов та мұны растады. Куәгер айыпталушы жиенін – Мадияр Қалменовті танымайтынын, ал Санжар Боқаевпен 2018 жылғы баспасөз турынан бері таныс екенін айтты.
Сол жылдың күзінде Рамазановқа «ҚазТрансГаз» компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі, Боқаевқа тікелей бағынышты болған Бексұлтан Құрманқұл хабарласқан. Ол ұлттық компания филиалдарының қызметі туралы әрқайсысының ұзақтығы 5-6 минут шамасындағы алтыға жуық стандартты имидждік бейнеролик түсіруге тапсырыс берген. Бұл ретте ауқымды деректі фильм түсіру туралы ешқандай жоспар болмаған.
Жұмыс барысында Рамазанов келісу және бекіту процестерінің тым ұзаққа созылып жатқанын байқаған. Он бірдей нысанда түсірілім жүргізудің ауқымды жұмыс екенін түсінген кәсіпкер жыл соңына дейін тапсырысты аяқтай алмай, жосықсыз мердігер тізіміне еніп кетемін деп алаңдаған. Осы кезде Құрманқұл оған бейнероликтерді түсіру жұмысын «MLS Group» ЖШС компаниясына қосалқы мердігерлікке беруді тікелей тапсырған.
Рамазанов келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындай алмай қалмау және соның салдарынан қиындыққа тап болмау үшін бұл ұсынысқа келіскен. Осы мәжбүрлі қосалқы мердігерлік эпизоды сотта бұған дейін айтылған айыптау нұсқасының сөзін растап отыр. Айта кетейік, «MLS Group» ЖШС басшысы Жармұхамед Сұлтанов бұрын Боқаевтың қарамағында жұмыс істеген қызметкер.
Бұған дейінгі сот отырыстарында Сұлтанов өз компаниясының ешқандай деректі фильм түсірмегенін мойындаған болатын. Сондай-ақ, ол қосалқы мердігерлік аясында алынған 12,3 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, Боқаевқа жеке өзі қолма-қол тапсырғанын айтқан еді.


