Қазақтың үш жүзінің басын қосқан Ордабасыда құрылтай кеңесінің өткеніне 300 жыл
Ордабасыда Қазақтың үш жүзінің билері мен бектерінің, батырлары мен бағландарының басын қосқан ұлы жиын Құрылтай кеңесіне биыл 300 жыл толып отыр.

Құрылтай кеңесіндегі басты мәселе – басқыншы Жоңғар хандығына бүкілхалықтық қарсылықты ұйымдастыру еді.
Кеңеске қатысушылар бірге болуға, өзара іс-әрекеттерін үйлестіруге, жауға қарсы біртұтас майдан құруға ант берген. 1726 жылы Қаратаудың күнгей бетіндегі оқшау биік Ордабасыда үш жүздің игі жақсыларының басын қосқан Құрылтай кеңесі өтті. Олар бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасып, Қазыбек бидің ұсынысымен халық жасағының қолбасшысы етіп Әбілқайыр ханды сайлады. Ордабасыда бас біріктіріп, күш жинаған қазақ халқы қайраттанып, рухы көтеріліп шыға келді. Сол жылы үш жүздің қолы жеделқаруланып, соғыс өнерін үйреніп, күзде Сарысу бойындағы Бұланты өзенінің жағасында жоңғардыжеңгені белгілі.
Осындай бірліктің нәтижесінде біртұтас қазақәскері жоңғармен шайқаста жеңіске жете бастағаны тарихтан мәлім. Сол бір қиын-қыстау жылдары жан-жақтан жау анталап, іргеден қиқу кетпей тұрған тұста күллі ұлтты түгел ұйытып, ұйымшылдыққа бастап, елдің бірлігі мен жердің тұтастығын сақтауға бар ақылы мен күш-жігерін жұмсап, рухани ізденіске мұрындық болған сол дәуірдің үш кемеңгері Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы және Әйтеке би Бәйбекұлы болатын.
Бұланты жеңісі елдің еңсесін көтеріп, қазақтардың өз күшіне деген сенімін арттырғанын байқаған, билер мен бектер халықты бірлікке үндей түсті. Халқымыздың жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ең ірі жеңісі – Балқаш бойындағы Аңырақай шайқасы болғаны тарихтан белгілі.
Еліміз егемендік алған 35 жыл бойы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының және қазақтардың бейбітсүйгіштігі мен төзімділігінің арқасында мемлекетімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық сақталып келеді. Сол тұрақтылықтың басты тетігі – ұлтаралық келісім мен татулықта болса керек. Қазақстанда жалпыұлттық мүдделерді жүзеге асырудың бір жолы бар екені анық. Ол қазақ ұлтының біріктіруші рөлі жағдайында барлық халықтардың теңдігін қамтамасыз ету. Кез келген басқа жол апатты қақтығысқа, демократиялық реформалардың тежелуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екендігі жөнінде 1990 жылдары басшыларайтқан.
Осы орайда сәл шегініс жасап, 1993 жылдыеске түсіре кетейін.
1993 жылғы 28 мамырда ел Президентінің бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауында XVІІІ ғасырдың ірі мемле-кет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді және Әйтеке биді еске алуға арналған «Береке басы – бірлік» атты жиын өтті. Бұл жиынға Мемлекет басшысының шақыртуымен Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Президенттері Ислам Каримов пен Асқар Ақаев қатысқан болатын.
Осы жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті: «Бүгін біздің бәрімізді осынау қасиетті биіктің басына бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкеліп отыр. Өскісі, өркендегісі келетін елдердің қай-қайсысы да қадым замандардан бергі тарихын айрықша қастерлеп, ондағы дара тұлғаларды, ел болып еңсе көтерулеріне ерекше еңбек еткен асыл азаматтарын айрықша ардақ тұтатынын жақсы білеміз. Шүкір, біздің тарихымызда да елім деп еңіреп өткен ерлер, халық қамын жеген қайраткерлер аз болмаған. Әрине тарихтың талай соқталаңын бастан кешкен дала жұртының қабырғалы халық, іргелі ел болып кете қоюы оңай шаруа емес еді. Ол екі тізгін, бір шылбырдың көреген көкірек, қайратты қолға тигеннің арқасы еді. Ел мен ер, тәуекел мен парасат біріге қимылдап, бірлесе қайрат көрсеткеннің арқасы еді. Ендеше сол бір жан-жақтан жау анталап, іргеден қиқу кетпей тұрған тұста күллі ұлтты түгел ұйытып, ұйымшылдыққа бастаған рухани ізденіске мұрындық болғандар кімдер еді? Сондай даналардың ішінде дәуірдің үш кемеңгері деп танылған Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының, Әйтеке би Бәйбекұлының орны бөлек.
1723 жылы бейқам жатқан Қазақ еліне жоңғарлар бұрын-соңды болып көрмеген жойқын шапқыншылық жасады. Екі-үш айдың ішінде исі қазақ баласының басына қаратүнек орнады, қазақ аспанын қасірет бұлты торлады. Сол кезде дүниеге келген «Елім-ай» әнінің зарлы үні қазақтың ұлан-ғайыр даласын түгел шарлап кетті. Қазақтың даңқты үш биі тарихтың дәл мұндай тар өткелінде бірліктен қалған жұрттың тірліктен де үміті үзілетінін анық айтып, елді бірлікке шақырып, үлгі-өнеге көрсетті. Бүкіл қазақ батырларына үш жүзге сауын айтқызып, барша халықты алқалы жиынға шақырған да сол ұлы бабаларымыз болатын. Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды.
Бүгінде Орталық Азияда қоян-қолтық жатқан бауырлас елдердің бәрінің мүддесі біреу. Ғасырлап күтіп, әзер қолы жеткен азаттықтан айырылып қалмау. Ол үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу. Бауырлас, тағдырлас өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен ағайындармен әуелден де тату-тәттіміз.
Оның бір дәлелі – Өзбекстан басшылығының шақыруы бойынша мен осы жиын алдында басына барып, тәу етіп қайтқан Төле би бабамыздың туысқан елдің астанасы – Ташкентте жерленгені, бейітінің қадірленіп күтілетіні. Осы риясыз достық сезімі үшін де біз өзбек бауырларымызға, осы елдің тұңғыш Президенті Ислам Каримовке шын ризашылығымызды білдіреміз. Мүдде жақындығы біздерді баяғыда іргеден қол салған басқыншы дұшпандарға қарсы бірге күресуге шақырды, мүдде жақындығы кеше ортақ тағдырымызды фашизмнен бірге қорғатты. Ежелден ағайын-дос қырғыз еліне, оның Президенті Асқар Ақаевқа игілік пен баянды болашақ тілейміз. Тарихта біздің елдеріміздің арасына от жағып, сырттан қақтығыстыру әрекетін жасағандар аз болған жоқ. Дегенмен бірге болған кезде қандай жаудан да басым түсіп жаттық. Дәл қазіргі кезеңде де біздің халқымыздың бірлігі егемендігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте қажет деп санаймын. Сондықтан да біз жақында өткен республикалық кеңесте таяу жылдардағы ең басты міндетіміз – ынтымақтастық идеологиясын түпкілікті орнықтыру деп белгіледік.
Қазақстан – осы ұлан-байтақ өңірді мекендеп жатқан барша ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны деген қарапайым да қастерлі қағиданы бүгінгі адамдардың да, келер ұрпақтың да санасынан бір сәтке шығармауымыз керек. Осындай татулықтың үлгісін барша жұртқа ең алдымен, бұл жердің иесі, біз – қазақ халқы көрсетіп, бүкіл Қазақстан халқының тату тұруының ұйытқысы болатынымызға сенемін. Үш ұлы бабамыз сонау бір қилы кезеңде осы Ордабасының биігіне шығып, терістіктегі Арыс пен Бөгенге, күн шығыстағы Қазығұртқа, арқа жақтан мұнартқан Қаратауға қарап тұрып, ел бірлігі, халық ынтымағы туралы кезек-кезек ой толғаған екен. Осы Ордабасы биігінде киіз туырлықты қазақ атаулы ауызбірлікшіл болуға серттесіп, Әбілқайырдай бас сардарды сайлап, ата жауға аттандырып салған екен... Енді сол бабалар алып берген кең-байтақ өлкемізді түгел көркейту – бүгінгі біздер мен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп тұр. Азаттыққа жетер жолдың қаншалықты ұзақ, қаншалықты тауқыметті екенін көрдік. Ал азаттықты баянды ете білудің де оңай шаруа емес екенін түсіне бастадық. Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз. Талай-талай алқалы кеңес өткен атақты Күлтөбе баяғыда жыртылып кетіпті. Сайрам түбіндегі Мәртөбе күні кеше құртылып кетіпті. Қасиетті орыннан қалғаны – Ұлытау мен осы Ордабасы бауырында бабалардан түскен із әлі сайрап жатыр. Бүгінгі жиын – сол жаңылмағандығымыздың, адаспағандығымыз-дың куәсі. Біздің де ойлағанымыз – бірлік. Болашағымыз баянды болсын, балаларымыз бен немерелеріміз де ата-бабаларындай тату тұрсын десек, осындай алмағайып уақытта, жоқшылық жүйке жұқартып тұрған жіңішке шақта баршамыз саналылық пен парасаттылық көрсетіп, байсалдылылық пен ұстамдылық танытуға тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстанның көпұлтты халқы осынау сәтте тарихи жауапкершілік көрсете біледі деп кәміл сенемін. Береке басы – бірлік. Бірлігіміз берік болса, болашағымыз баянды болары даусыз. Лайым, ынтымағымыздан айырмасын!», – деген еді.
Елдің сол ақ тілегі орындалып, Қазақстан халқы осы сенімнің үдесінен шыға білді. Бұл сіз бен біздің, бүкіл еліміздің Тәуелсіздік жылдардағы баға жетпес байлығымыз, жетістігіміз болды десек, артық айтқандық болмас!
Күллі қазақ халқы кие тұтқан Ордабасыға оралу осыдан 33 жыл бұрын осылай басталған-ды. Ордабасы тауында атақты үш биді – Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымызды еске алу тойы шын мәнінде, халқымыз үшін бұрынғы ұрпақтар рухымен тілдескен, олардың құдіретіне бас иген, сол арқылы өзіміздің де рухымызды асқақтатып, мәртебемізді биіктеткен тағылымы мол жиын болғаны анық. Осы жиын қарсаңында сол кездегі Бөген ауданы тұрғындарының өтініш-тілектеріне орай, Қазақстан Респуб-ликасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы Қаулы-сымен Бөген ауданы – Ордабасы ауданы болып өзгертіліп, жергілікті халықты зор қуанышқа бөлеген. Сонымен қатар, 1993 жылғы 26 мамыр-дағы Президент Жарлығымен «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорығы» құрылды және Президенттің тапсырмасымен 1996 жылы Ордабасы тауында зәулім ескерткіш орнатылып, мемориалдық кешен салынды. Бірер жыл бұрын Ордабасы тауында үш биге арнайы еңселі ерекше биік ескерткіш орнатылды. Ордабасы тауындағы осындай әсем әрі зәулім ескерткіштерді әрбір қазақ келіп, көрсе екен деймін. Оған еліміздің түрлі туристік фирмалары мейлінше атсалысуы қажет деп есептеймін.
Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстіктегі көптеген топонимдік атаулар бір кездегі тарихи оқиғалармен, халықтың мұрат-мақсатымен тығыз байланысты. Ордабасы атауы – тұнып тұрған тарих болғандықтан, оның ақпараттық құндылығының мәні мен маңызы – оның тарихилығында. Туған өлкеміздің тарихилығын, ұлтымыздың ұйтқысы екендігін дәлелдей түсетін, сан қилы тарихи оқиғалардың куәсіндей болған жер-су аттары Оңтүстікте өте көп. Солардың бірі ретінде Ордабасы тауын айтуға болады. Қазақстанда тау мен төбе көп болғанымен, Ордабасы тауының орны бөлек. Себебі, Ордабасы қазақ халқының тарихында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте тарихи маңызы зор қасиетті орын. 1726 жылы шашырап кеткен қазақтың үш жүзі осы тауда бас қосып, мейманасы тасыған жоңғарларға қарсы күш жинап, тізе қосып соққы беру үшін ортақ бәтуаға келгенін жоғарыда айттық. Ордабасыны қасиетті тауға айналдырып, оны төрткүл дүниеге танытқан да осы ұлы жиын. Қазақ жұртының басына ауыр күн туған кезде киелі тұқым төрелердің емес, халықтың өзінен өрбіп, ел ішінен шыққан ойы ұшқыр, тілге шешен, сөзге көсем, көреген билердің абыройы аспандап шыға келді. Сол кездегі Ұлы жүздің билігі Үйсін Төле бидің, Орта жүздің тізгіні Арғын Қаздауысты Қазыбек бидің, Кіші жүздің қамшысы Әлім Әйтеке бидің қолына көшіп, кез келген қиын түйінді Әйтеке би бауыздап, Қазыбек би ұшалап, Төле би мүшелеп берер еді.
1723 жылы қазақ еліне үлкен қауіп төнді. Бұл қатерді төндірген жоңғар қалмақтары болатын. Сондай бір қиын-қыстау заманда қазақ билері үш жүзге сауын айтып, батырлар мен халықты алқалы жиынға шақырды. Жиын Ордабасы тауында өтетін болып ұйғарылды. Ұлы жиынға қазақтың үш жүзінен ат жалын тартып мінер еркек кіндігі түгел келді. Ұлы жүздің де Жоңғар боданына бағына қоймаған біраз рулары жетті. Жиынға жұрт тек бес қаруын асынып қана қоймай, әрқайсысы үш-төрт ат жетектеп, қостарын арта келді. Ордабасыдағы бұл бас қосу, шынында да жиын емес, жорық-тұғын. Ордабасыға ту көтеріп қалың қолдар жиналды. Қосындар ұлыс-ұлысына, ру-руына бөлініп, жеке-жеке іргелес қонды. Ел түгел жиылып, бірер күн еру болып, естерін жинаған соң, жиынды бастаған. Оның алдында екі кісі бойындай биік оба үйіліп, төбесіне қазақтың туы тігілді. Ордабасыдағы бұл жиын өзара түсініскен жұмыр тұтастықты, ұйымшыл бірлікті, жақсы жарастықты көрсетіп берді.
Ордабасы алабын түгел толтырып, сақадай сай тұрған сол сұсты, айбарлы жиынға ешбір жау батып кіре алмастай еді. Жиналған жұрт көп кешікпей басталатын ұлы шеру, телегей тасқын лек, аламан жорыққа сәт тіледі. Күзге салымқазақтың үш жүзінен құралған есепсіз қол Ордабасыдан шыға жау жағасына жармасып,
Қаратауды көктей өтіп, басқыншыларды босқын етті. Содан бірнеше жыл ішінде Бұланты мен Бөгентіде, Балқаш маңында, Алакөлде, Қарасиыр шатқалында, сосын Аңырақай түбінде жеңіске жеткен қазақ елі өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Десек те, еліміз егемендік алғанға дейін тарихи-танымдық, тәрбиелік-тәлімдік қаншама қадыр-қасиеті бар Ордабасы туралы айтылмай келді. Ордабасыда өткен ұлы жиын оны ұйымдастырған қазақтың билері туралы әңгіме 1989-90 жылдары ғана айтылып, жазыла бастады. 1990 жылы КСРО Журналистер одағының мүшесі Хамзе Амандықов Төле бидің төреліктері, шешендік сөздері, әділ билігі, көрегендігі, өмір сүрген ортасы жөнінде құнды мағлұматтар жинап, «Төле би» атты кітап жазды. Ол кітап ұзақ жылдар адвокат болып, кейін кәсіпкерлікпен айналысқан меценат Икрам Жолаевтың демеушілігімен 1991 жылы Шымкент қалалық баспаханасында он мың дана таралыммен басылып шықты. Сол жылы ауданға Төле бидің есімінің берілуіне байланысты 19-20 қазанда Нысанбекте өткен үлкен асқа келген кісілерге таратылды.
1990 жылдары облыстың зиялы азаматтары Ордабасы тауының төңірегінде күндіз-түні тас қазып жатқан карьердің жұмысын тоқтатып, бұл жерді тарихи-мәдени қорыққа айналдыру және Бөген ауданының атауын – Ордабасы ауданы деп өзгерту туралы мәселе көтерген. Әрине жол-құрылыс кәсіпорындарына шикізат дайындайтын карьердің жұмысы 1-2 жылда тоқтай қалған жоқ. Дегенмен, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалуда ел тарихындағы аса маңызды жиын өткен жер жөнінде бірқатар баспасөз беттерінде зиялы қауымның қайта-қайта көтерген ұсыныстары ескеріліп, халықтың талап етуінің нәтижесінде карьер жұмысын тоқтатты.
Егемендіктің елең-алаңында Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамының айтқан ұсынысын, қалалық атқару комитеті қолдап,1991 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен Куйбышев алаңын – Ордабасы алаңы деп өзгертті. Ал алаңда түйсетін бұрынғы Комсомол, Совет, Базар деп аталатын үлкен үш көшеге Төле бидің, Қазыбек бидің және Әйтеке бидің есімдерін берді.
Еліміз тәуелсіздік алғанан кейін халқымыздың XVIII ғасырдағы тарихи ескерткіші ретінде, ұлтымызды ұйытып, ел бірлігінің символына айналған Ордабасы тауының тарихи-танымдық, тәрбиелік-тәлімдік мәні жан-жақты зерттеліп, кеңінен насихаттала бастады. Оған қалалықОномастикалық комиссия да өз үлесін қосты. Алаңның оң жағында «Ордабасы» мешіті, алдыңғы жағында «Ордабасы» қонақ үйі және «Ордабасы» сауда үйі бар. 1992 жылдан бастап бұрынғы Бөген аудандық газеті «Ордабасы оттары» атауын иеленіп, газеттің бас редакторы, белгілі ақын Н.Бегалыұлының қолға алуымен «Ордабасы» энциклопедиясы жарық көрді. Бірліктің басы болған Ордабасы атауымен облысымызда аудан, ауыл, алаң, мектеп, кәсіпорын, қонақүй, мейрамхана, дүкен, футбол командасы аталады. Ал Алматы қаласында «Ордабасы» корпорациясы, Астана қаласында Ордабасы көшесі бар.
Халықтың әр дәуірдегі тарихи ескерткіші ретінде, рухани танымының айнасы іспетті, еліміздің көтерілген биігін тілімізде сақтайтын – ономасти-калық атаулардың мәдени-тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси мәні мен маңызы зор екені баршамызға аян. Ендеше, бүгінгі күні халқымыздың тар жол, тайғақ кешу замандарда жүріп өткен жолдарын біліп, өзіміздің рухани мұрамызды тани бастаған шақта, тарихи жадымыз-ды жаңғырту мақсатында ұлттық атауларымызды қайтару – қоғамымыз-дың басты міндеттердің бірі. Сондықтан, алдағы уақытта Ордабасы атауы әр облыс орталығындағы түрлі объектілерге беріліп жатса, тарихымыз танылып, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, халқымыздың бірлігі де ныға түсер еді.
Мұндай жұмыстар «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстікте» өз жалғасын тауып, жылдан жылға жанданып келеді. Оның бір дәлелі 2010 жылы «Ырыс алды – ынтымақ» атты облыстық іс-шара күллі қазақ халқы кие тұтқан Ордабасы тауында өткізілуі және Шымкенттегі Ордабасы алаңында үлкен ескерткіш тұрғызылып, маңайының абаттандырылуы. Бұдан өзге де атқарылған жұмыстар баршылық. Енді осындай игі істер Алматы, Астана қалалары мен өзге облыстарда да жалғасын тауып жатса, Ордабасы атауы жұртшылыққа кеңінен танылып, бұл сөз бірте-бірте еліміздегі бірліктің символына (идеологиясына) айналар еді!
2011 жылы 11 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы
«Ордабасы Құс» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысып, оң бағасын берген. Сондай-ақ Шымкенттегі бұрынғы Шина зауытының аумағында (144 га) «Ордабасы индустриалды зона» ЖШС-і құрылды. Бұл дегеніңіз, Ордабасы топонимі бизнес әлемінде де қолдау тауып, Қазақстан халқының бірлігіне ғана емес, сонымен қатар бұл атау ел экономикасының өсуіне де шарапатын тигізгенінің нақты дәлелі болды.
Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нүрсерік Шәріпов 2015-2016жылдары Шымқаладағы Ордабасы алаңынан Ордабасы туына дейін, одан кейін Бәйдібектің ескерткішінен Түркістан қаласына дейін «Билерге тағзым» атты Велошеру өткізіп, жұртшылықтың ризашылығына бөленген болатын.
Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де Ордабасы атындағы білім, мәдениет, спорт мекемелері мен түрлі кәсіпкерлік, туристік ұйымдар, кәсіпорындар және елді мекен, көше, алаң аттары көбейсе, ол қазақ халқының бірлігін нығайтуға өз септігін тигізіп, қасиетті атаудың абыройын асқақтатып, мерейін үстем етер еді! Әлбетте, мұндай ұлттық атаулар барлық кезде ел бірлігі мен ынтымағына қызмет ететіні белгілі. Бүгінде Ордабасы Қазақстан халқы бірлігінің символына айналып отыр. Оның маңайы түрлі ағаштармен көмкеріліп, шырайланып келеді. Ендігі міндет, оған еліміздің және көрші мемлекетттерден қонақтардың көптеп келуіне күш салып, Ордабасы тауын Қазақстан халықтары бірлігінің тарихи, рухани ордасына айналдырып, жәдігерімізді жұртшылққа кеңінен таныстыру!
Бұндай игілікті іске «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорығы» мен аудан, қала, облыс әкімдіктері мұрындық болып, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен қоғам болып барлығымыз көмектесуіміз қажет. Қазіргі кезде қазақтың және барша қазақстандықтардың бірлігі ерекше мағынаға ие. Еліміздің бүкіл халқы кие тұтқан Ордабасы Қазақстан халқы бірлігінің символы ретінде, ұлттық идеологиянның бір ұстыны болуы тиіс. Сондықтан, ел болып бірлесе отырып, жұрт болып жұмылып, Ордабасы тарихына және ел бірлігіне қатысты жан-жақты жүйелі жұмыстар жүргізсек, нұр үстіне нұр болар еді!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
журналист-жазушы, қоғам қайраткері,
«Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері


