Партиялардың бетпердесі шешілгелі тұр

Oinet.kz 04-11-2026

Screenshot_2.png

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 27 қазан күні сағат 18.00-де аяқталды. Ал кандидаттарды тіркеу жұмыстары 1 қараша күні сағат 18.00-ге дейін жалғасты. Сол күні кешкісін сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Осылайша саяси доданың ең қызықты кезеңіне  қадам бастық.

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде жазғанымыздай, биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – кандидаттар туралы ақпараттар соңғы сәтке дейін жарияланған жоқ. Кімдердің сайлау додасына қосылғаны жөніндегі мәліметтер тек өткен аптаның жұмасынан бастап там-тұмдап шыға бастады. Содан бергі үш-төрт күнде тізім әлденеше рет жаңарды. Әлі де жаңара береді. Өйткені заң бойынша үміткер өзінің кандидатурасын дауыс беруге екі күн қалғанға дейін алып тастауға құқылы.

Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – үміткерлер арасында анау айтқандай талас-тартыс, бәсекелестік жоқ. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек, көп округтерде келісілген кандидаттар тіркелген. Негізгі кандидатқа тегеурінді қарсылас болады дегендердің көпшілігі жарыс жолынан шығып қалды. Қалай шықты? Өзара келісті ме, әлде қасақана сүріндірді ме? Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Түркістан облыстық мәслихатына ұсынылған кандидаттардың тізіміне, оның ішінде алдымен «Әділет» партиясына тоқталсақ. Партия 23 бірмандаттық сайлау округінің әрқайсысына бір-бір үміткер ұсынды.

Жалпы алғанда өткен Құрылтай сайлауында доданың әжептәуір көрігін қыздырған «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және «ЖСДП» партияларының бұл жолғы мәслихат сайлауында белсенділігі өте төмен. Бұлай деуімізге облыстық мәслихатқа аталған партиялар тарапынан бірде-бір кандидаттың ұсынылмағаны дәлел.  «Ақ жол» мен «Respublіca» партиялары облыстық мәслихатқа бірмандаттық округтер бойынша үміткер ұсынбағанымен  партиялық тізімге үміт артып отырғаны туралы ақпарат алдық.  «Ақ жол» секілді бұрыннан қалыптасқан партияның да науқан кезінде жеке мандатқа кандидат шығармауы әрқилы ойларға жетелейді.  Бұл ықпалдың төмендігімен байланысты ма, әлде тек жеңіске жетуі мүмкін кандидаттарға ғана қанағаттық танытқандықтары ма? Ал «Ауыл» партиясы  екі үміткерін  (жеке мандатпен) тіркеді.

Жеке мандат бойынша тартысты сайлау  Бәйдібек ауданындағы №7 сайлау округінде өтуі әбден мүмкін. Бұл округтегі бес үміткердің арасындағы «Ауыл» партиясының атынан ат қосқан Ғабиден Қапалбаев  пен уақтысында елге белгілі азамат, облыстық мәслихат депутаты  болған Шалқар Әбіштің ұлы Серік Шалхарұлы екеуінің қайсысы жеңерін уақыт көрсетеді.

«Ауылдың» атын шығарудан дәмелі екінші кандидатты да елге таныстыра кетейік. Ол Қазығұрт ауданындағы №13 сайлау округінен бақ сынап жатқан аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев.

Бір қызығы, облыстық әкімдіктің сайтында 30 қазан күні жарияланған тізімде 88 кандидат болды. Оның ішінде небәрі алты әйел тіркелген. Бұл нені білдіреді? Оңтүстікте нәзік жандылардың саяси белсенділігінің тым төмен екенін бе? Мәслихаттың мандатынан үміт еткендердің қатарында Н.Шахимергенді де көзіміз шалған. Нұрайым Шахимергенқызы өткен сайлауда Түлкібас ауданынан өзін-өзі ұсынып, жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да туған жерінен ат қосты. Алайда 1 қараша күнгі тізімде оның аты-жөнін таба алмадық. Ол ғана емес тізімдегі 6 нәзік жандының бесеуі «жоғалып», 1-еуі ғана қалды.

1 қарашадағы тізімде жалпы 81 үміткер бар. Оның біреуі ғана әйел – Гүлзат Перналиева, 1993 жылы туған азаматша, Арыс қаласынан, өзін-өзі ұсыну арқылы түсіп отыр. Яғни, байқағандарыңыздай, бұл жолғы мәслихат сайлауына партиялар жеке мандат арқылы  бірде-бір нәзік жандыны ұсынған жоқ. Неге?

 Облыстық мәслихатқа ұсынылған үміткерлердің тізімі алғаш жарияланған жұма күні түске дейінгі нұсқада №11 сайлау округінен (Төлеби ауданы) бұған дейінгі мәслихат депутаты Нұрлан Қозыбақовтың аты-жөні болған. Ал түстен кейін жарияланған тізімде оның есімін таба алмадық.  Бұл округте «Әділет» партиясының атынан Нұржан Байділдаұлы үміткер болып отыр. Ол – кезінде аудан әкімі қызметін атқарған, кейін ұзақ жылдар облыс әкімінің аппаратын басқарған, одан соң Мәжіліс депутаты болған Байділдә Жылқышиевтің ұлы. Жалпы, тізімде елге белгілі азаматтардың ұл-қыздары, бауырлары  аз емес. Мұның өзі сайлау науқанына тек жаңа есімдер ғана емес, белгілі әулеттердің өкілдері де араласып жатқанын көрсетеді.

 Түркістан облыстық әкімдігіне қарасты «Оңтүстік жолдары» мекемесіне жетекшілік етіп жүрген Нұрғазы Бұхарбаев кезінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болған. Енді ол облыстық мәслихатқа Келес ауданынан «Әділет» партиясының атынан үміткер ретінде ұсынылды. Бір кездері қалалық мәслихатта болған азаматтың енді облыстық деңгейде бақ сынауы да назардан тыс қалмайды. Әрине, депутаттық тәжірибенің болуы мен сайлаушының сеніміне қайта ие болу – екі бөлек мәселе.

Енді партиялық тізімдерге тоқталайық. Облыстық мәслихаттағы партиялық тізім бойынша 23 мандат сарапқа салынады. Бұл додаға «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет» және «Respublіca» партиялары өз тізімдерін ұсынған. Қолдағы мәлімет бойынша, «Ақ жол» партиясы – 10, «Ауыл» – 9, «Әділет» – 46, «Respublіca» – 7 кандидаттан тұратын тізім жасақтаған.

«Ақ жол» партиясының тізімінен бірден Батырбек Көшербай көзге түседі. Кезінде екі ауданға әкім болған, облыстық басқармаларға жетекшілік еткен, соңғы жылдары облыстық ішкі аудит департаментін басқарған Батырбек Көшербай – мемлекеттік басқару саласында тәжірибе жинақтаған азамат. Оның партиялық тізімге енуі «Ақ жолдың» облыстық мәслихаттағы ықпалын арттыруға бағытталған қадам болуы мүмкін. Жалпы, мәслихатта өз ұстанымы бар, жергілікті мәселелерді ашық көтере алатын, атқарушы биліктің жұмысына сын көзбен қарайтын депутаттардың болғаны маңызды.

Бұл сайлауда аудандық және қалалық мәслихат депутаттары түгелдей  бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланады. Мұнда партиялық тізім жоқ, әр үміткер өз округіндегі сайлаушылардың қолдауына сүйенеді. Сондықтан аудан мен қала деңгейіндегі дода облыстық мәслихатқа қарағанда қызығырақ болуы мүмкін.

Мақтаарал аудандық мәслихатына сол ауданның қазіргі іскер әкімі Бақыт Асановтың кандидатурасы ұсынылды. «Әділет» партиясының атынан. Бұл да назар аударарлық жағдай. Асанов Мақтаарал ауданының әкімі қызметін бірнеше кезеңде абыроймен атқарған. 2023 жылы елімізде алғаш рет аудан әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілген кезде ол Мақтаарал ауданының әкімі болып сайланған. Оның әкім ретіндегі өкілеттік мерзімі келесі жылы аяқталуға тиіс. Асановтың мәслихат депутаттығына түсуі түрлі болжамдарға негіз болып отыр. Соның ең ықтималы – Асанов депутаттық мандатқа ие болып, одан әрі мәслихат төрағасының тізгінін ұстауы мүмкін. Аудан әкімінің креслосын жай ғана аудандық мәслихаттың мандатына айырбастау қисынға келмейді ғой.

Шымкент қаласындағы сайлау науқаны да айрықша назар аудартады. Мегаполисте кейбір кандидаттардың үгіт-насихат шаралары басталмай жатып-ақ жарыс жолынан шығарылып тасталғаны айтылып жатыр. Кейбір округтерде бәскелестік қызайын деп тұр. Мәселен, №6 округтен ел білетін азамат, талай лауазымды қызметтерді атқарып, халықтың шынайы алғысына бөленген Ислам Әбішевтің қызы Гүлмира Әбішеваның кандидатурасы ұсынылды. Бұл округтегі басты кандидаттың бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Мұхтар Төлеген. Ол «Әділет» партиясының атынан ұсынылған. Жалпы, аталған оқу орнының ректорларының облыстық, қалалық мәслихатқа депутат болуы бұрынан келе жатқан үрдіс. Тіпті қайбір жолы ректор Уәлихан Бишімбаев Парламент депутатының мандатын да иеленген. Бұл жолы бақ кімнің басына қонатынын алдын ала болжау қиын. Бәрін сайлаушының таңдауы шешеді.

Шымкент қалалық мәслихатының партиялық тізімдеріне келсек, «Ақ жол» – 10, «Ауыл» – 9, «Әділет» – 27, «Байтақ» – 3, «Respublіca» – 9 кандидат ұсынған. Бұл тізімде де «Әділет» партиясы сан жағынан басым.

Осы партияның тізімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов бар. Бұл да тегін емес, әрине. Сәбитовтың биік креслоны жай ғана мандат үшін тәрк етпейтіні бесенеден белгілі ғой.  Оның одан әрі мәслихаттың төрағасы болу мүмкіндігі жоғары.

Шымкент қалалық мәслихатына біраз жыл төрағалық еткен Бахадыр Нарымбетовтің биыл тамызда Құрылтай депутаты болып кеткені белгілі. Ол Парламент депутаттығына кандидат болып тіркелген бойда қызметтен кетті. Оның орнын «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалының басшысы Мұрат Жолдықожаев басты. Жолдықожаев осы кездері жаңадан құрылған «Әділет» партиясының қалалық филиалының төрағасы болған еді. Артынша Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды. Биыл осылайша асығы алшысынан түскен Жолдықожаевтың мәслихат сайлауында не жеке мандатпен, не партиялық тізімге енген кандидаттардың арасынан табылмауы жұртшылықты аң-таң қылды.  Бұл неге байланысты екеніне алдағы уақытта бөлек тоқталатын боламыз.

Қалай десек те саяси карерасы күрт шарықтаған азаматтың мандаттан шеттелуінің арғы жағында біраз құпияның жатқаны анық. Осының бәрі өз қалауымен, өз шешімімен жүзеге асты дегенге сену қиын.

Есесіне «Әділеттің» тізімінде жаңа есімдер көп. Мәселен, тізімнен бұрынғы прокурор Берген Ержаппарды, жас ғалым Әзімхан Исабекті сондай-ақ, Серік Қонақбаевты байқадық (бұл – әйгілі боксшы Серік Қонақбаевтың аттасы ғана). Журналист Саламат Омаштың да кандидаттар қатарынан көрінуі мәслихат құрамына әртүрлі кәсіби орта өкілдерінің келуіне мүмкіндік бар екенін аңғартады.

Әрине, ұсынылған тізімдегілердің бәрі бірдей депутат болып сайланбайды. Партиялық тізім бойынша бөлінетін мандаттардың тағдырын сайлаушылардың дауысы шешеді. Ал бірмандаттық округтерде әр үміткер жеке бәсекеге түседі. Сондықтан партияның атағы мен тізімдегі танымал есімдер ғана жеңіске жеткізбейді. Сайлаушының сенімі, кандидаттың беделі, нақты бағдарламасы мен үгіт-насихат жұмысының сапасы шешуші рөл атқарады.

Сайлау науқанындағы қызықтарды алдағы нөмірімізде жалғастырамыз.

«Рейтинг» газеті, 4 қараша 2026 жыл.

 

 


Сайрамдағы сыбайластық. 1 млрд теңгенің субсидиясы қалай жымқырылды?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу