Экономиканы әртараптандыру – басты міндет
Жаһандық экономика құбылған тұста Қазақстан шикізатқа ғана сүйенудің тар шеңберінен шығып, орнықты әрі әртараптандырылған даму моделіне батыл бет бұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев диверсификацияны жаттанды ұран емес, аса жауапты стратегиялық міндет ретінде айқындап, оған үстірт қарауға болмайтынын шегелеп айтты.

Жүйелі саясаттың нәтижесі де көп күттірмеді. Өткен жылы елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард АҚШ долларынан асты. Басты жетістік – сыртқы капитал енді тек шикізат секторына емес, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды болашағы зор салаларға ағылуда. Ал 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 450 миллиард долларға жеткізу межесі өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған, сапалы өнім шығаратын қуатты өңірлердің әлеуетіне тікелей байланысты болмақ.
Бүгінде нақты макроэкономикалық көрсеткіштер де экономиканың жаңа тынысын айғақтайды. Былтыр ЖІӨ 6,5 пайызға өссе, биылғы он айда 4,5 пайыздық өсім тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 4,9 пайызға ұлғайып, 18,3 триллион теңгеге жетті. Әсіресе, шикізаттық емес секторлардағы серпін ерекше: машина жасау – 22,2%, фармацевтика – 50,9%, ал ауыл шаруашылығы 5,2% өсім көрсетті. Әлемдік экономика баяулап, инвестиция үшін бәсеке күшейген шақта Қазақстан өсімнің баламалы көздерін таба білді.
Экономикалық серпілісте мемлекет пен бизнестің арақатынасы маңызды рөл атқарады. Экономика және қаржы саласының сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, нарықтық жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін экономикадағы мемлекеттік меншік үлесі азаюы тиіс.
«Нарықтық экономиканың қозғаушы күші – жеке меншік, еркін бәсеке және кәсіпкерлік бастама. Жеке сектор шығынды оңтайландыруға, сапаны арттырып, инновация енгізуге мүдделі, бұл жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын арттырады. Ал мемлекет экономиканың басым бөлігін қолында ұстаса, бәсеке төмендеп, ресурстар тиімсіз бөлінеді, себебі мемлекеттік кәсіпорындар табысқа емес, әкімшілік мақсатқа бейім келеді. Сондықтан мемлекет экономиканы тікелей басқарушы емес, әділ ойын ережелерін бекітіп, құқықтық орта мен бәсекені қорғайтын, стратегиялық салаларды бақылап, әлеуметтік тұрақтылықты сақтайтын жағдай жасаушы институт болуы керек», – дейді сарапшы.
Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылым мен цифрлық экономиканы дамыту басымдық ретінде белгіленді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Алтай Зейнелғабдин бұл тұста Ұлттық қор қаражатын пайдалануда қос міндеттің – келер ұрпақ мүддесі мен елдің ұзақмерзімді дамуының тепе-теңдігін сақтау қажеттігін алға тартады.
«Мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор және Ұлттық банк резервтері секілді қаржы ресурстарын құрылысқа, цифрлық экономика мен қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге тиімді тарту – өзекті міндет. Ұлттық қордың басты мақсаты болашақ ұрпаққа қаржы жинақтау болғанымен, оның қаражатын ірі инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік түйткілдерге бағыттаудың маңызы зор. Ең бастысы, қордан қаржыландырылатын қандай инвестициялық жобалар ертеңгі күні елге нақты табыс әкелетінін және әлеуметтік ахуалды қалай жақсартатынын дәл бағамдай білуіміз қажет. Президенттің нақты тапсырмасы да осыған саяды», – деп түйіндейді ғалым.
Қорыта айтқанда, сыртқы инвестицияны өңдеуші салаларға тарту, жеке бизнеске еркіндік беру және ішкі қаржы резервтерін табысты инфрақұрылымдық жобаларға жұмсау – Қазақстан экономикасын жаңа биікке жетелейтін басты тетіктер.


