Бектенов "Самұрық-Қазынадағы" жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Oinet.kz 18-11-2026

Премьер-министр, "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға түсініктеме берді. Ол тергеу барысы мемлекет басшысының бақылауында екенін айтып, қордың жаңа басқарма төрағасы жақын арада тағайындалатынын мәлімдеді. 

Screenshot_1.jpg

Премьер-министрдің айтуынша, қазір құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Істің барлық мән-жайы тергеу аясында анықталуға тиіс.

Бектенов бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайтынын атап өтті.

"Қазір сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай Қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды. Жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі", – деді премьер-министр.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, қор құрамындағы барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Оның даму стратегиясы өзгермейді, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ инвесторлар, кредиторлар, банктер мен халықаралық қаржы институттары алдындағы қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер толық әрі уақытылы орындалады.

Сонымен қатар Бектенов қалыптасқан жағдай корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шараларын күшейтуді талап ететінін айтты.

Осы мақсатта қордың және оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ аудит пен тәуекелдерді басқару жөніндегі комитеттердің рөлін арттыру көзделіп отыр. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері де қайта қаралып, күшейтіледі.

Премьер-министр сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мүдделер қақтығысын анықтау, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыру және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге басымдық берілетінін жеткізді.

"Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру", – деді ол.

Мәлімдемесінің соңында Олжас Бектенов қордың стратегиялық бағыты өзгеріссіз қалатынын және тұрақтылық, ашықтық пен жауапты әріптестік қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала беретінін атап өтті.


Свидетель признался в суде: «продал плиты рабочему Бокаева по 4 тысячи за метр, получил деньги лично
50 миллион теңге сұраған: Ер адам Астанада кәсіпкерге ақпараттық қысым көрсеткен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу