Әйелді өлтіріп, іздеуге өзі қатысқан: Теміртаудағы қылмысқа қатысты жаңа мәліметтер шықты
Теміртауда қатыгездікпен өлтірілген 38 жастағы Ирина Керннің жерлеу рәсімі ертең өтеді. Марқұмның туыстары әйелдің өліміне қатысты жан түршігерлік деректерді айтып берді.

Ирина Керн 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны іздеуге туыстары, еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылып, Теміртау қаласы мен оған жақын аумақтарды түгел тексерген.
Бір қызығы, әйелді іздеуге онымен бірге тұрған азаматтың өзі де белсенді қатысқан. Алайда кейін ол осы іске қатысты басты күдікті ретінде танылды.
40 жастағы ер адам шипажайлардың бірінде от жағушы болып жұмыс істеген. Иринаның бөлшектелген дене қалдықтары дәл сол аумақтағы көлден табылған. Қазір ол адам өлтірді деген күдікпен ұсталған.
Марқұм мен күдіктінің үш жастағы ортақ баласы бар. Иринаның артында барлығы үш баласы қалды. Енді оларды марқұмның әпкесі тәрбиелеп алмақ. Ол сіңлісінің өліміне кінәлі адам заң алдында қатаң жауап бергенін қалайды.
Марқұмның әпкесі Анастасия Духованың айтуынша, күдікті әйелді шамамен жарты сағат бойы ұрып-соққан. Кейін денесін бөлшектеп, көлікпен көлге апарып тастаған. Соған қарамастан, ол іздеу жұмыстарына қатысып, полицияға әйелдің өз еркімен үйден кетіп қалғанын айтып келген.
"Ол сіңлімді шамамен жарты сағат бойы ұрып-соққан. Одан кейін денесін қорлап, бөлшектеген. Кейін көлікпен алып кетіп, көлге тастаған. Сөйтіп, өзі де іздеу жұмыстарына қатысқан. Бірақ сіңлімнің өліміне қатысы барын жасырып, полицияны жаңылыстырған", – деді Анастасия Духова.
Оның айтуынша, ер адам полицияны “Ирина үйден өз еркімен кетіп қалды” деп сендірген.


