Қылмыс – Шымкентте, Сот – Таразда. Екі басқарма басшысына үкім шықты

Oinet.kz 25-11-2026

 Screenshot_4.png 

Былтыр жыл басында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Руслан Берденов ақпарат құралдарына берген сұхбатында  үшінші мегаполисте мемлекеттік сатып алу мен құрылыс салаларында сыбайлас жемқорлық жоқ екенін, қаланың жемқорлықтан толық тазарғанын, мұны кәсіпкерлер де растап отырғанын айтқан еді. Алайда жуырда шыққан сот үкімі сол кезде-ақ елдің күлкісін келтірген бұл мәлімдеменің көзбояушылық екенін көрсетіп отыр.  Шымкент қалалық әкімдігіне тікелей бағыныстағы екі басқарма басшысы бюджет қаражатын жымқыруға қатысты айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Үкім қаланың құрылыс, сәулет салаларына қатысты. Дәлірегі құрылыс, сәулет саласына мемлекеттік сатып алу арқылы бөлінген қаражаттарды талан-таражға салумен байланысты. Келтірілген шығын жүз миллиондап саналады.

Міне, салыстырып көріңіз Берденовтің мәлімдемесі не дейді, сот үкімі не дейді?

Алдымен назар аударатын бір жайт бар: қылмыстық істің бір бөлігі Таразда, бір бөлігі Шымкентте жасалған. Сот отырысы көршілес Жамбыл облысында өтті.  6 қарашада Тараз қаласының №2 соты бес сотталушыға қатысты үкім шығарды. Үкімде істің неге Таразда қаралғаны арнайы түсіндірілмеген.

 Тағы бір ескеретін мәселе – сотталушылардың төртеуі Шымкент қаласының тұрғындары. Тек біреуі --мердігер Нұрбол Нұртаев Алматы қаласының тұрғыны болғанымен, үкімде оның Шымкент қаласында дүниеге келгені жазылған. Екінші сотталуш ы-- Шымкент қаласының бас сәулетшісі  Арман Әбдешов (Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы). Бірақ оның ісі Шымкентпен байланысты емес.  Оған Тараз қаласының бас сәулетшісі болған тұста мердігермен ауыз жаласып, бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған. Үшінші сотталушы Алмасбек Бөбеев те уақтысында Тараз қаласының бас сәулетшісі болған. Төртіншісі --Шымкент қалалық әкімдігінің  басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков. Үкімде оны Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы деп жазған. Алайда Жүнісбеков қылмысты 2023 жылы жасаған. Ол бұл кезде Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысы лауазымын атқарып жүрген. Оның және бесінші сотталушы, мердігер Қасиет Тәшімбетовтың Тараздағы жымқыруларға ешқандай қатысы жоқ. Олай болса, құзырлы органдарға Тараз бен Шымкентте болған істерді біріктіріп, күрделендірудің не қажеті болды деген сауал туындайды? Жүнісбеков пен Тәшімбетовтың ісін бөлектеп, Шымкентте қарауға не кедергі болды? Бәлкім құзырлы органдарға «коррупциядан  тазарған қала» атанып жүрген Шымкенттің «мәртебесін» сақтап қалу қажет болды ма?

Тағы бір айта кетері, мегаполистің бас сәулетшісі Арман Әбдешов былтыр тамызда ұсталған болатын. Арада бір апта уақыт өткенде екінші басқарма басшысы—Нұрбол Жүнісбеков Астанада тұтқындалды. Сол кезде Шымкент қаласы әкімдігінің жауапты басшылары ұсталушылардың істері Жамбыл облысындағы қызметтерімен байланысты деген еді. Алайда байқағандарыңыздай, бұл шындыққа сәйкес келмейді.  Жымқырулар Таразда да, Шымкентте де болған.

 Іс материалдарына қарағанда, «АТС Град» ЖШС-ның директоры ретінде Нұрбол Нұртаев 2021 жылдан бастап Тараз қаласында жарияланған тендерлерге қатысқан. Ол «Тектұрмас» және «Оңтүстік» шағын аудандарының жобаларын әзірлеуге қатысты мемлекеттік сатып алуларда жеңімпаз атанған. Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің сол кездегі басшылары Алмасбек Бөбеев пен Арман Әбдешов мердігер ұсынған құжаттарды қабылдап, бюджет қаражатының компания есепшотына аударылуына жол берген. Сот үкімі бойынша, Бөбеев пен Нұртаевтың әрекетінен Тараз қаласына 40,4 миллион теңге, ал Әбдешов пен Нұртаевтың әрекетінен 148,3 миллион теңге көлемінде материалдық залал келген.

Қысқасы, Нұртаев ақша жеудің схемасын алғашқыда Тараздың бас сәулетшісі Бөбеевпен бірге іске асырған. Оны кейін 2022 жылдың қазанында Таразға жаңадан бас сәулетші болып келген Арман Әбдешовпен бірге жалғастырған. «Тиімді тәсілді» әбден меңгерген соң оны  Шымкентте де сынап көрген.

Шымкентке қатысты эпизодтардың алғашқысы 2023 жылдың қазан айында басталған. «АТС Град» ЖШС қала аумағының функционалдық аймақтарына құрылыс салудың қала құрылысы регламенттерін әзірлеу, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына қатысты жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл кезде Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын Нұрбол Жүнісбеков басқарған. Ол бұл қызметке 2023 жылдың 17 қазанында тағайындалған. Басқарма басшысының келісімінсіз жоспар іске аспайтынын түсінген Нұртаев Жүнісбековты өз жағына тартқан.

Жүнісбековке тағылған айып «АТС Град» ЖШС-мен жасалған №71 келісімшарт аясындағы жұмыстарға қатысты. Келісімшартта 1:10 000 масштабтағы топографиялық түсірілім жүргізу көзделген. Алайда  жұмыстар толық орындалмаған, мердігер жалған мәліметтер енгізілген актілер тапсырған. Жүнісбеков оларды қабылдап, нәтижесінде компания есепшотына бюджет қаражаты аударылған. Сот №71 шарт бойынша орындалмаған жұмыстардың құнын 112 миллион 372 мың 800 теңге деп бағалаған.

Шымкенттегі екінші эпизод «ARCHBUILD GROUP» ЖШС директоры Қасиет Тәшімбетовке қатысты. 2023 жылғы 30 қазанда жасалған №72 келісімшарт бойынша қаладағы ғимараттардың бірыңғай сәулеттік стилін әзірлеу, дизайн-код жасау және басқа да жұмыстар қарастырылған. Келісімшарттың жалпы құны 184,1 миллион теңге болған. Бірақ сот сараптамасы орындалмаған жобалау-іздестіру жұмыстарының құнын 25 миллион 467 мың 300 теңге деп анықтаған. Осылайша жоғарыдағы екі шарт бойынша Шымкент қаласына келтірілген материалдық залалдың жалпы көлемі 137 миллион 840 мың 100 теңге болған.

Сот үкімімен Арман Әбдешов пен Нұрбол Нұртаев 8 жылға, Алмасбек Бөбеев 7 жыл 6 айға,  Нұрбол Жүнісбеков пен Қасиет Тәшімбетов 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ескерте кетері, сот үкімі әлі күшіне енбеген. Сотталушыларда апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар.

Жүнісбеков пен Әбдешов сотта тағылған айыпты  мойындамаған. Олар құжаттарды қарамағындағы қызметкерлер қабылдағанын, солардың мәліметіне сеніп қол қойғанын алға тартқан. Сот бұл уәждерді қабылдамай, олардың кінәсін дәлелденген деп таныды.

Енді үкімдегі ең маңызды әрі түсініксіз тұстардың біріне келейік. Шымкент қаласының әкімдігі мемлекетке келтірілген 137 миллион 840 мың 100 теңге материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қойған. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Себебі үкімде аталған соманың мемлекет пайдасына толық өтелгені, оны растайтын түбіртектер мен хаттардың сотқа ұсынылғаны жазылған. Бірақ қаражатты кімнің, қашан және қандай қаражат есебінен төлегені көрсетілмеген. Тек Б.Тәшімбетовтың өзіне қатысты 25 миллион 467 мың 296 теңге материалдық залалды толық өтегені жазылған. Ал қалған 112 миллион теңгеден астам қаражаттың кімнің есебінен өтелгені әзірге белгісіз. Нұрбол Жүнісбековтің өзі азаматтық талапты мойындамаған әрі материалдық шығынмен келіспеген. Демек, ол емес. Сонда кім? Н.Нұртаев па? Егер сол болса, үкімде оны неге ашық жазбаған?  

Тараз қаласы әкімдігінің талабы бойынша жағдай басқаша. Сот 188 миллион 720 мың 983 теңге көлеміндегі материалдық залалды өндіру туралы талапты толық қанағаттандырған. Оның 40 миллион 420 мың 778 теңгесі Бобеев пен Нұртаевтан, 148 миллион 300 мың 205 теңгесі Әбдешов пен Нұртаевтан ортақ тәртіппен өндірілуге тиіс. Яғни бір қылмыстық іс аясында қаралған екі қалаға қатысты азаматтық талаптардың шешімі екі түрлі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қарашада өткен жиында:

«Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс»,-деді.

Енді Нұрбол  Жүнісбековке шығарылған үкім үшін Шымкент қалалық әкімдігінде кім жауап береді? Қаладағы сәулет, құрылыс және мемлекеттік сатып алу салаларына жетекшілік еткен басшылардың жауапкершілігі қарала ма? Қала әкімінің осы бағыттарға жауапты орынбасарларының бірі отставка мәселесін көтере ме? Әлде бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қала ма?

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 25 қараша 2026 жыл.


Түркістан облысында оқушы қыз 20 жастағы жігітті өлтірген
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу