Әйелдер әлгі психологты әулие тұтып, етегіне жармасып, табанын сүюге әзір

Oinet.kz 02-11-2022 1532

Тренинг – тренингімен, бірақ байқап, тренердің кім екенін зерттеп алып бармасаңыз, тура жолдан тайып кетуіңіз бек мүмкін. Сауатты, бір саланы толық меңгеріп, кемелденген адамның жөні бөлек. Ал, өзін-өзі "жасап" шыққан, "бұрын үйде отырған әйел едім, бүгін міне" дейтін психолог-сымақтардан абайлаңыз. 

Screenshot_9.jpg

Жақында құрбым сондайлардың біріне барып, шошып қайтты. Оны шошытқаны "әйелдер әлгі психологты әулие тұтып, етегіне жармасып, табанын сүюге әзір" дейді. Ал ол болса, отбасындағы кикілжіңді шешудің қандай жолын ұсынды деңізші?!.

"Лимонға көп ине шаншып, төсегіңнің астына қой, шіріп кеткен соң лақтыр, сонда бәрі жақсы болады" деп үйретіп жатыр, келіншектер соны жазып алып, үйіне барып істегенше асық дейді.

Ау, бұл қара магияның тәсілі емес пе? Бұл – бір ғана тапсырмасы. Жалпы, әлгі жерде келіншектер психолог не айтса, тіпті біреуді өлтір десе де, дайын тұрғандай дейді.

Тобырланып бара жатырмыз ба, қалай өзі? Бұрын әжелеріміз, аталарымыз ешкімге, ешқайда бармай-ақ бір отбасын айрандай ұйытып отырды ғой. Қазір неге біз өз отбасымызда мәселесін қайдағы біреудің ақылға сыйымсыз кеңесімен, (және де оған ақы төлеп алып) шешуіміз керек?

Айтпақшы, мен оның тапсырма дәптерін әдейі қарап шықтым, басы Құран аяттарымен басталған, соңы буддаға ұласқан қойыртпақ бірнәрсе.

Ең таңғаларлығы, оның басы-қасында елге белгілі қыз-келіншектер жүр, қолпаштап, кәдімгідей деймін…

Мәриям Әпсаттар

Facebook парақшасынан

Кешірші, берген қайырың далаға кетті
Түрленген Түркістанды көру жоспарымда бар - Жәудір Нартай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу