Осы өзгерістен кейін қазақстандық әкелер декретке шығуға асығатын болады
Ықылым заманнан бері жаңа туған сәбидің күтімі – әйелдің тірлігі деп келгенбіз. «Декретке шыққан еркек еркек пе өзі?» деп таңырқайтындар аз емес.

Нәрестенің памперсін ауыстырып, киімін жуу, коляскаға салып аулада қыдырып жүрі көбінесе еуропалықтарға тән әдет деген де түсінік бар. Бірақ, қазіргі заман осынау дәстүрлі түсінікке өзгерістер енгізе бастады. Бұған декреттік демалысқа шыққан әкелердің балаға күтім жасаған уақыты еңбек өтіліне есептелетіні әсер етпек, деп жазады Оinet.kz тілшісі.
Жаңа заңға сәйкес, кәмелетке толмаған балаларына өзі күтім жасаған, бірақ ресми жұмыс істемеген әкелердің бұл уақыты енді зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл өзгерістер Конституциялық соттың шешімін орындау үшін Әлеуметтік кодекске енгізіледі. Сонымен бірге Парламент депутаттарының ұсынысымен заңдағы "жалғызбасты аналар" деген ұғым "жалғызбасты ата-ана" деп өзгертіледі. Яғни, бұдан былай жұмыс берушілерге жалғызбасты ата-аналарды жынысына қарамастан өз бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады.
Статистикаға жүгінсек, 2023 жылы елімізде 1500-ға жуық ер адам декретке шығып, бала күтіміне байланысты жәрдемақысын алған екен. 2024 жылғы дерек бойынша декреттегі ерлердің саны әжептеуір азайған – небәрі 477 адам. Алайда, заңға енгізілген өзгерістерден соң әкелердің декретке шығуы қайтадан көбейе бастайды деген болжамдар айтылуда. Айта кетерлігі, декретник-әкелердің үлесі әсіресе Түркістан, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында көп екен.


