Нобель сыйлығының иегері Наргиз Мохаммади түрмеге тоғытылды
Ирандық құқық қорғаушы, әйелдер құқығы үшін күрескер және Нобель сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммади жексенбі күні 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Наргиз қорының мәліметінше, 53 жастағы Мохаммади бір аптаға созылған аштық жариялаған, ол жексенбі күні аяқталған. Белсендінің адвокаты Мустафа Нилидің айтуынша, сот үкімі сенбі күні шыққан.
Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Наргиз Мохаммади былтыр 12 желтоқсанда адвокат Хосроу Аликордидің өлімі күдік тудыратынын айтып, наразылық білдіргені үшін қамауға алынған. Қазіргі уақытта ол Мешхед қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр.
Қордың хабарлауынша, бірнеше апта бойы толық оқшауланғаннан кейін Мохаммади адвокатымен телефон арқылы қысқа ғана сөйлесіп, өзінің жағдайы туралы мәлімет берген.
Сот шешіміне сәйкес, ол жиындар өткізді деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар екі жылға Хусф қаласына жер аудару, бір жарым жылға шетелге шығуға тыйым салу жазасы тағайындалған.
Айта кетейік, Наргиз Мохаммади 2023 жылы түрмеде отырып, Ирандағы әйелдер құқығын қорғау және өлім жазасын жою қозғалысына қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ие болған.


