Министр: Буллинг үшін мектеп директорларын жұмыстан шығару орынсыз

Oinet.kz 09-02-2026

Мектептерде буллинг фактілері тіркелген сайын директорларды қызметтен босату дұрыс емес. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұндай жағдайда жауапкершілік мектеп әкімшілігіне, ата-аналарға және уәкілетті органдарға бірдей жүктелуі тиіс екенін мәлімдеді, деп жазады  Оinet.kz порталы.

image.png

Министр бұл пікірін 5 ақпанда Атырау облысының Құлсары қаласында болған оқиғаға қатысты білдірді. Аталған күні 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Күдікті жасөспірім оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды.

Кейін белгілі болғандай, оқиға кезінде мектептегі күзетші өз орнында болмаған. Облыстық білім басқармасы мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланғанын, содан кейін ол өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады.

Осы жағдайға байланысты пікір білдірген Оқу-ағарту министрі мектеп басшыларын буллинг фактілері үшін жұмыстан шығару дұрыс шешім емес екенін айтты.

«Менің ойымша, бұл орынсыз. Егер оқу жылының ортасында осындай мәселелер туындаған сайын директорларды қызметтен босататын болсақ, онда бұл лауазымға келгісі келетін адамдар қалмайды. Мұндай күрделі мәселелер үшін жауапкершілік тек бір директорға ғана емес, мектеп әкімшілігіне, ата-аналарға, педагогтерге, білім басқармаларына және уәкілетті органдарға ортақ болуы тиіс», – деді министр.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі Атырау облысына арнайы комиссия жіберуді жоспарлап отыр. Комиссия өңірдегі бірқатар мектептің жұмысын тексеріп, тексеру нәтижесі бойынша білім беру ұйымдарындағы буллингтің алдын алу жолдары талқыланатын болады.


Атырау әуежайында жарылғыш заттың кесірінен жолаушылар эвакуацияланды
Нұрлан Сабуров Ресейге алғысын білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу