Шымкентте 10 жастағы баланың үстіне ағаш құлап, мерт болды
Шымкенттегі Елшібек батыр көшесіндегі №114 үйдің ауласында қалың қардың салмағын көтере алмаған ағаштың үлкен бір бұтағы опырылып құлап, 10 жастағы баланы басып қалған. 4 сыныптың оқушысы оқиға орнында қаза тапқан.

Баланы аула тазалаушылар байқаған соң, жедел-жәрдем шақырған. Айтуларынша ағаш баланың шекесіне тиген. №36 мектептің оқушысы үйдің ортаншы ұлы болған. Қаза тапқан бала анасымен бірге тұрған.
Қайғылы оқиға кешкі сағат 16:30 бен 17:00 аралығында болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр.
Айта кетейік, кеше Шымкентте нөсер жауынның соңы қарға ұласып, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Қалың әрі жабысқақ қардың салмағынан ағаш бұтақтары сынып, кей аудандар уақытша жарықсыз қалды. Арықтар бітеліп, көше бойына жиналған сулар көлшікке айналды. Әлеуметтік желілерде және iKomek 109 желісіне тұрғындардан түскен өтініштер де жиілеген.


